Басты тақырыпОблыс әкімі

Шам жанады Күнменен

    Кеше «ЭКСПО– 2017» Халықаралық көрмесі аясында Саран қаласында Орталық Азиядағы қуаты 100 МВт құрайтын күн электр стансасының құрылысы басталды. Салтанатты рәсімге қатысқан облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ құрылыстың іргетасына капсула орнатты.

Жалпы құны – 139,5 млн.еуроны құрайтын «SES Saran» ЖШС жобасы – «Жасыл энергетика» саласындағы Чехия мен Словакия елдерінің инвесторлары арқылы жүзеге асады. Құрылыс 200 адамды жұмыспен қамтымақ. Жобаға еліміздегі электр желілерін басқару жөніндегі «KEGOC» акционерлік қоғамы мұрындық болды.

«Біз – Елбасының баламалы энергияны дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға қадам жасадық. Бүгін Орта Азиядағы ең үлкен күн электр стансасының құрылысы басталды. Бұл – біздің облысымыздың әрі Саран қаласының болашағы үшін экономикалық пайда әкелетін өте тиімді жоба», – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, шара барысында Саран қаласы әкімдігі мен «SES Saran» ЖШС арасында екіжақты меморандумға қол қойылды.

Душан ПОДГОРСКИ, «SES Saran» ЖШС жобасының ғылыми кеңесшісі:

2014 жылы жобаның алғашқы идеясы жасалған болатын. Орналасатын жерді іздеуге біршама уақыт кетті. Мен Қазақстанның ЖОО-да дәріс оқитын профессоры ретінде елдің қазіргі жетістіктерімен мақтанамын. Әсіресе, «ЭКСПО– 2017» Халықаралық көрмесі аясында Германия, Чехия еліндегі әріптестеріммен бірге аталмыш жобаның Саран қаласында жүзеге асқанына қуаныштымын. Біздің кепілдеме бойынша электрстанса он бес жыл жұмыс жасайды.Кепілдеме мерзімі аяқталса да, стансада қиындықтар болмайтынына сенімдімін.

Жоба елімізде экологиялық таза күн энергиясын алуды көздейді. Басты инвесторлар Еуропалық одақ өкілдері – Я.Зонненшайн және А.Беренс. Жалпы, жоба жұмысына «Шнайдер Электрик» және «Грасс Инжиниринг» (ГФР) секілді ірі компаниялар серіктестік танытқан.

Осы орайда: «Жоба жұмысына серіктес инвесторларға алғыс білдіреміз. Алдымен, серіктестердің Қазақстан даласын, оның ішінде Саран қаласын таңдап алғаны қуантты. Келесі жылы маусым айында кездесіп, тұңғыш күн электрстансасының тұсауын кесеміз деген үміттемін, – деді облыс әкімі Е.Қошанов.

Жалпы, күн энергиясын күнделікті тұрмыста кеңінен пайдалану қазіргі уақытта дүние жүзінде мұнай мен газдың күннен-күнге қымбаттауынан туындап отыр. Осыны ескерген серіктестер Орта Азиядағы энергия сарқылмайтын тұңғыш стансасының Саранда орналасуын да сәттілік дейді.

♦ ♦ ♦

Шам бұрын маймен жанатын. Енді келесі жылы күнмен жанатын болды. Күн нұры кәдеге асатын уақыт та алыс емес.

Адам жаратылғаннан бері энергия көзі – от болған. Бүгінге дейін. Ежелгі грек аңызында Прометей от (энергия) ұрлағаны үшін Зевс құдайының кәріне ұшырайды. Ағаш, қи, көмір, мұнай, атом жағамыз. Бүгінгі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында жағатын отын шақ келер емес. Экологияға келген нұқсан орасан. Соған орай бүкіл әлем балама энергия көзін іздеуде. Ол – жел қуаты мен күннің көзі. Чехияға оқуға барғанда биік үйлердің төбесінен күн батареяларын көргем. Пәтерлерінің шамын жағып, шайын қайнатып дегендей, электр энергиясын беріп отыр. 2050 жылға қарай әлемнің 20-25 %-ы күн қуатын пайдаланады деп болжайды. Таяуда Астанада ашылатын «ЕХРО – 2017» көрмесінің де көздегені осы және экономика. Біздің облыста құрылысы басталған күн электр стансасы салынуының осы көрмемен дөп келуін жақсы ырымға баладық.

Аяулым СОВЕТ

Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button