Басты тақырыпШахтинск

Шахтерлер шаттыққа бөленді

    Екі ғасырға жуық уақыт бұрын Қарағанды көмірін «Көмір атасы» Аппақ БАЙЖАНОВ ашқан. Алғашында «жанатын тас» деген жұртқа кейін «көмір» болып, өңірге өмір сыйлады. Аппақ атамыздың көмір тапқан жері «Қаразабойда» бірінші шахта ашылған. Содан бері Қарағанды «қара алтынның» астанасы, шахтерлердің бас қаласына айналды.

Жексенбі күні қарағандылықтар жетпісінші рет шахтерлер күнін айырықша атап өтті. Осы күні олбыс әкімі Ерлан Қошанов аймағымыздағы өнеркәсіп саласының бастау көзінде тұрған Саран, Абай, Шахтинск қалаларында болып, шахтерлерді мерекесімен құттықтады. Бұл күні қарағандылық кеншілерді кәсіби мерекемен Қазақстанның халық әртісі, әнші Роза Рымбаева да құттықтап әннен шашу шашты.

Мереке аясында облыс әкімі Ерлан Жақанұлы іссапармен бірінші Саран қаласында болды. Шағын шаһардың «Сұңқар» стадионына жиналған жұртқа ақжарма тілегін жеткізді. Көмір саласы әрқашан Қазақстан экономикасының басты саласы саналатындығын, аймағымыз экономикалық жағынан жоғары көрсеткіштерімен алдыңғы қатарда тұрғандығын облыс басшысы тілге тиек етті.

– Бүгін шахтерлер күні ғана емес барша сарандықтардың мерекесі. Өйткені, Саран шахтерлардың қаласы. Елбасымыз: «Қазақстан индустриясының дамуының, гүлденуінің бастауында қарағандылық шахтерлер тұр» – деген болатын. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш. Биыл шахтерлер мерекесі жетпісінші рет тойлануда. Қиында, күрделі, қауіпті мамандықтың иелерінің біріншіден отбасына, аналарына, асыл жарларына алғыс айтқым келеді. Себебі, әр кеншінің жақындары шахтаға түскен сайын шахтердің тағдырына алаңдап, уайыммен таңды атырып, күнді батырады. Біз сіздердің еңбектеріңізді жоғары бағалаймыз! Кеншінің жұмысы – мақтануға және құрметке лайықты игі іс. Ардагерлерімізге ерекше алғыс білдіргім келеді! Арамызда осы саланың еңбек династиясының өкілі ретінде отбасының жалпы жұмыс өтілі 217 жылды құрайтын отбасы отыр. Мықты мамандарды тәрбиелеп, ерен еңбек сіңіргендеріңіз үшін үлкен рахмет!

Құрметті шахтерлер! Сіздерге, жақындарыңызға отбасылық бақыт пен байлық, зор денсаулық тілеймін! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!–деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. Сонымен қатар, кеніш саласында 217 жылдық еңбек өтілі бар Номоконовтар әулетін құттықтады.

Бүгінде, Номоконовтар отбасы елге белгілі шахтерлер отбасы саналады. Үлкен ағалары Георгий Поликарпович «Дубовская» шахтасында апатты жағдайда қаза тапқан. Ал, Геннадий Поликарпович–кенші-инженер зейнет жасына дейін Қарағанды көмір бассейнінің шахтасында жұмыс жасаған. Жұбайы  Людмила Васильевна – химик-инженер, қыздары Елена – инженер-экономист. Т.Күзембаев шахтасында еңбек етеді. Ұлдары  Георгий – тау-кен саласының инженері, немерелері – Иван Т.Күзембаев шахтасында инженер маманы атанған. 4 ұрпақ ауысса да кенші мамандығынан байланыс үзілмеген әулеттің басшысы Геннадий Номоконов өз мамандығын сүйетіндігін айтты. Өзі 46 жыл, сүйген жары Людмила 40 жыл шахтада тер төккендерін мақтанышпен жеткізіп, кеншілерге лебізін білдірді.

Мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар қауымы жиналған елге өнер көрсетті.

Бұдан кейін, аймақ басшысы абайлықтарды айтулы күнмен құттықтады. Қарағанды аймақтарының тұрақты дамуы тау-кен кәсіпорындарының қызметімен және әрбір шахтердің сапалы қызметімен тығыз байланысты екендігін алға тартты.

Абай қаласы бұл мерекеге ерекше дайындалыпты. Аппақ Байжановтың арқасында Қарағанды қаласының аты шыққандығын театрландырылған көрініс арқылы көзайым етті. Сондай-ақ, қаланың еңбек ерлері, еңбеккер әулет өкілдері, көмір өнеркәсібінің ардагерлері, жастары шеру құрды. Жиналғандардың ықыласында шек жоқ. Мұнда да, өнерде жүрген өрендер аянып қалмады. Бірі – әуелете ән салса, бірі – мың бұрала би билеп, сырнайлатып, салтанатты кештің сәнін келтірді.

Содан соң, облыс әкімі аттың басын Шахтинск қаласына бұрды. Құттықтау сөзінде шахтерлер экономиканың табысты дамуының кепілдігі саналатын ауыр еңбек иелері және кәсіпорынның жүрегі екендігін атап өтеді.

– Шахтер – қауіпті әрі сыйлы мамандық адамнан барынша төзімділік пен ерлікті, шынайы жанқиярлықты талап етеді. Сіздер күн сайын зор күшті талап ететін, көптеген адамдардың өмірінің мәніне және сүйікті ісіне айналған жұмысты атқарып келесіздер. Сіздердің алдыларыңызда басымызды иеміз. Мерекелеріңізбен,–деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Дарынды мамандардың талай буынын тәрбиелеп шығарған және саналы ғұмырларын кен өндірісін дамытуға сарп еткен еңбеккерлерде бой көрсетіп, оларға құрмет жасалды.

Сонымен қатар, өңір басшысы еліміздің өндірістік орталығы саналатын Қарағанды қаласында бірқатар іс-шараларына қатысты. Қазақстан өнеркәсібінің дамуында индустрияландыру жылдары шешуші қадамдар жасаған қарағандылықтарға лебізін білдіріріп, істеріне сәттілік тіледі.

Осылайша, кеншілер күніне орай, шахтерлер мекенінде игі шаралар атқарылып, Қазақстан және Ресейдің эстрада жұлдыздары, жергілікті өнерпаздар Арқа аспанында ән қалықтатты. Мерекелік концерт отшашумен жабылды.

Нұрдос КӘРІМ

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button