Шабандоздың түсі (Деректі әңгіме)
1987-1989 жылдары алдына қара салмаған Арқаның ерен жүйрігі –
Ақтаудың Аққұйрығы атанған желқабыз тұлпар.
(Соңы. Басы).
Шабандоз бала баптаудың барлық талаптарын бұлжытпай орындауға тырысты. Бір ай шамасында Аққұйрық әбден бабына келді. «Болды, Аққұйрық бәйгеге дайын», – деді Нақыпжан. Бауырынан жараған Аққұйрық сымдай тартылып шыға келді. Содан ұзақ жолға аттануға қам жасала бастады. Құдай-ау, тура былтырғыдай ертең жолға шығамыз деген күннің түнінде шабандоз бала түс көрді. Түсінде ат жаратып жүрген мұның алдынан қоңыр түсті жылан тағы ирелеңдеп өтті. Бұл өлтіруге ұмтылған. Үлгермей қалды. Ертесіне көрген түсі есінен кетпей қойған Құрмаш алаңдаулы еді. Арқандаулы тұрған Аққұйрыққа бара жатқанда түсіндегі қоңыр жыланның тура алдын кесіп өтпесі бар ма?! О, тоба, қуанғанынан қорқыныштың бәрін ұмытып кетті. Жыланға жеткен бойда керзі етікпен басып-басып жіберді. Құдды қазір мына жыланнан айырылып қалса, Аққұйрық бәйгеден келмей қалатындай көрінген. Екі аяғымен кезек тепкілеп, жыланды керзі етіктің өкшесімен әбден езгілесе керек. Өзінің де есі шығып кеткендей ме, түсінде айрылып қалған жыланды өңінде өлтірді-ау, әйтеуір.
Оңтүстік жақта жүйрік аттар көп деп еститін. Бәйге десе ішкен асын жерге қоятын оңтүстік қазақтары шынында атқұмар ел екен. Бәйге өткізу ертеден қалыптасқан бұл өңірдің жүйріктерінің даңқынан шабандоздың жүрегі шайлыққандай. Мынау ат Ресейден екі рет «Москвич» ұтып әкелген, мынау ат «Волга» ұтқан деген сөздерді құлағы шалған сайын Құрмаштың көңілі алаңдай бастады. Ертең болатын қырық бір шақырымдық аламанға жүзге тарта жүйрік қатысқалы отыр. Атағы жер жарған кілең сәйгүліктер. Арасында түркіменнің ақалтеке, текежәуміт дейтін жылқылары да бар деседі. «Олар тұрғанда бәйгеден дәмеленбей-ақ қойыңдар» деген сөздер де айтылып қалуда. Осының бәрін естіп, көріп жүрген шабандоз бала қалай алаңдамасын?! Нақыпжан ағасы да қобалжулы сияқты. Бірақ, шабандаз балаға сыр бермеуге тырысты. «Қорықпа, Алла жар болса, Аққұйрық жерге қаратпас», – деді. Тізімге келген аттарды бір шолып өткен бапкердің кәнігі көзі алты жүйрікке түсіп үлгерген екен. «Осылардан абай бол, әр айналымда біреуінен озып отыруға тырыс. Шу дегенде алдыңғы топқа шығып, жел жағын ұстан. Басын іркіп отыр. Аққұйрық есті жануар, бәрін сезеді. Сондықтан, ырықсыз ештеңе жасама. Айналым азайған сайын алдыңдағы аттардың қарасы да азайып отырғаны дұрыс. Жеті айналым! Есіңде болсын, айналым санынан шатасып қалма. Көзіңе түсетін жерде тұруға тырысам. Мәреден өткен сайын назар салып отыр». Бапкер сөзін құлағына құйып алған шабандоз бала мәре сызығына қарай аяңдаған.
Ат сейістің дауысы естіліп, дабыл қағылсымен сап түзеп тұрған кіл жүйрік бірден лап қойған. Қарқын тым қатты басталды… Бір-екі баланың ат үстінен сыпырылып түскенін де көзі шалып қалды. Бәрінің ойы кішкене қара үзіп барып, ат басын ірку екені белгілі. Қырық бір шақырымдық бәйгенің атқа жеңіл тимесін бәрі сезеді. Нақыпжан ағасы да кәнігі бапкер ғой. «Мен көрсеткен аттардың ғана шоғырында болуға тырыс. Оның алдында да аттар болуы мүмкін. Оларды қуып жетемін деп Аққұйрықты қинама. Олар жай тызетпелер. Жүйрік атты шаршату үшін арнайы қосылғандар. Бір-екі айналымнан соң өздері-ақ қалады», – деген. Бапкер ағасының айтқаны тура келді. Төртінші айналымға шыққанда мана Нақыпжан бапкер айтқан бес-алты-ақ ат алдыңғы шоғырда қалған. Сәйгүліктер созыла шапты. Біраз ат айналымнан шығып жатты. Аққұйрық бабында еді. Құлақ түбі дымданғаны болмаса, әлі тер шыға қоймаған. Шабандоз баланың әдеті – Аққұйрықтың сауырынына қамшы тигізбейтін. Керек кезінде бүктей ұстаған қамшысымен ауаны қармап қана қояды. Есті жануар бәрін сезеді. Тақымын жайлап қысып, алға емінсе болғаны – шабысын үдете түсетін. Есіне Жаңаарқадағы бәйге түскен. Сол жолы соңынан қалмай қойған торының үстіндегі бала құйрық тістесіп келіп, қамшысымен Аққұйрықты сауырыннан сабалағаны бар. Сонда Аққұйрық құлағын жымитып, бұзақы шабандоздың қылығын жаратпағандай қылық танытып еді. Ызаға булыққан Құрмаш та бұрыла беріп, пырылдауық торыны қамшымен осып-осып жіберген. Бәйгені бақылап жүрген ат сейістер бәрін байқаса керек. Бәйге соңында бұзақы шабондоздың бапкеріне қатаң сөгіс беріп, соңғы ескерту жасады. Мұндай жағдайлар бәйге барысында жиі байқалып жатады. Құрмаш өздігінен ешкімге соқтықпайтын. Алтыншы айналымға шыққанда Аққұйрықтың алдында үш-ақ қара қалды. Соңғы айналым… Аққұйрықтың алдында екі-ақ қара. Мәреден өте бере Нақыпжан ағасына көзі түскен: «Жібер, еркіне жібер!», – деп жанұшыра айқайлап қала берді ағасы. Шабандоз алаңсыз еді. Өйткені, Аққұйрық әлі тың болатын. Шабысынан жаңылған жоқ. Әдеттегідей, соңғы айналым мәресінен арқан бойы ұзай бере Аққұйрықтың тізгінін босатқан. Алдындағы екі ат та ерен жүйрік екен. Үш сәйгүлік жарты шақырымдай қапталдаса отырып, үздіге шапты. Аққұйрықтың қарқыны үдей түсті. Қанша дегенмен, алты жасқа енді толған зар шағы ғой. Жер танабын қуырды. Жетінші айналымның соңғы минуттары… Бұл кезде екі аттан да әжептеуір ұзап кетткен Аққұйрық дара еді! Шабандоз баланың көзінен жас парлады. Қуаныштың көз жасы… Жануар-ай, жүзге тарта сәйгүлікті артқа тастап, мәре сызығын қиып өткенде де шабысынан бір танбады-ау! Арада жыл өтті. 1989 жылдың қоңыр күзі еді. Бұл кезде Құрмаш мектептің сегізінші класын тәмамдаған. Қытайдың мектебі сегіз жылдық болғандықтан, оқуын Қаражал қаласындағы кәсіптік техникалық училишеде (ГПТУ) жалғастыруға дайындалып жүрген. Ауылға Нақыпжан ағасы келді. Аққұйрықты Талдықорғандағы республикалық деңгейде өтетін бәйгеге апармақшы екен. Неге екені белгісіз, осы сапарға баруға шабандоз баланың зауқы соқпады. Жүрегі әлденеге алаңдап, санасын беймәлім мазасыздық билегендей. Оқуын, әр нәрсені сылтау қылса да, Нақыпжан ағасы табандап отырып алды. Құрмаш еріксіз келіскен еді.
Бәйге Талдықорған қаласының ипподромында өтеді екен. Шабандоз бала осыған алаңдаған. «Арқаның жазығында көсіле шауып үйренген Аққұйрыққа ипподром алаңы қалай болар екен…» деп ойлады. Бұл бәйгенің де салмағы ауыр. Қазақстанның ең таңдаулы жүйріктері қатысқалы отыр. Оның үстіне омырауы медальдарға толы конзауыттың (Асыл тұқымды жылқы зауыты) әйгілі тұлпарлары да бар деп естіген. Нақыпжан ағасы сенімді. Аламан бәйгенің алдында (үштөрт күн бұрын) әр облыстан келген он бес жүйрікке 15 шақырымдық қара жарыс ұйымдастырған. Нақыпжан ағасы осы жарысқа Аққұйрықты қосуға бел буды. Ондағысы аламанның алдында жүйрігінің қанын қыздырып алғысы келген әрі Аққұйрықтың да ипподром жолына бойы үйрене берсін деп ойласа керек. Бұл жарыстан маңдайы жарқырап Аққұйрық бірінші келген. Дегенмен, ені сегіз жүз, бұрылысы екі жүз, барлық қашықтығы екі шақырымды ғана құрайтын ипподром жолы кең далада еркін шауып қалған Аққұйрық сияқты желқабыз жүйріктерге қолайсыз екені байқалып-ақ қалған. Алда жиырма бес шақырымдық аламан! Аққұйрықтың қара жарыстан бірінші келуі жүрекке қуаныш, сенім ұялатқанымен шабандоз баланың көңілінен бәрібір беймәлім кірбің арылмады…
Сол күні түнде шабандоз бала түс көрген. Күнделікті ат суарып жүрген қоғалы, қамысты бұлақтың жағасы екен дейді. Аққұйрықты жетектеп бұлаққа жақындай берген. Кенет алдынан жуандығы жас баланың білегіндей үлкен қара шұбар жылан ирелеңдеп шыға келмесі бар ма?! Мұндай ірі жыланды Құрмаштың бірінші көруі, тіксініп қалды. Қамшымен жасқамақ болып еді, басын көтеріп айбар көрсеткен шұбар жылан міз бақпады. Шабандоздың маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. – Аға! – деп Нақыпжанды шақырмақ болған. Даусы шықпады. Дәл осы мезетте қара терге малшынған шабандоз бала оянып кетті. Бастырлығып қалғанға ұқсайды. Таңдайы кеберсіп, басы айналатын сияқты. Көрген түсі есінен кетер емес. Іштей біссіміләсін айтып, қайта қисайғанмен, көз іліктіре алмады. Түсіндегі жыланды өңінде қайтсе де кезіктіретінін сезген Құрмаш ертеңінде жүгіріп жүріп, салмақтылау темір қазық тауып алды. Әдеттегідей күн арқан бойы көтеріле Аққұйрықты жетектеп қамысты бұлаққа қарай аяңдаған. Темір қазықты білемдей ұстап, аса сақтықпен келе жатты. Айтқандай-ақ бұлаққа таяқ тастам жер қалғанда түсінде көрген үлкен қара шұбар жылан ирелең-ирелең етіп жолын кесіп өте берген. Шылбырды тастай салған Құрмаш қорқынышты ұмытып, темір қазықты оңтайлай ұстап тұра ұмтылды. Сумаң еткен шұбар жылан жақын тұрған қалың қауға кіріп кетті. Қап… үлгермей қалды. Ат баурынан келетін қамыс, қоғаны қанша жапырып, темір қазықпен тіміскілесе де білектей шұбар жылан зым-зия таптырмай кетті. Маңдайын суық тер жуған шабандоз бала ащы өкініштен өзегі өртеніп, бұлақ басында ұзақ отырды…
Аламанға қатысатын аттардың көптігі сондай, ипподромның жарты айналымында шабандоздар бірнеше қатар құрады. Мына қалың нөпір ипподромды қалай айналып шабады деп шабандоз бала алаңдады. Нағыз қойыртпақ болғалы тұр. Онсызда көңіл күйі болмай тұрған Құрмаш «бүйткен бәйгесі бар болсын» деп өкінді. Бірақ, бәрі кеш еді… Дабыл берілісімен бәйге басталған. Алда жиырма бес шақырым, он екі айналым. Әдеттегідей Нақыпжан ағасы бәрін тәптіштеп түсіндірген. Айналым санынан жаңылмау керек. «Қауіпті» жүйріктерді де мұқият түстеп алған. Жиырма бес шақырым – Аққұйрықтың қиналмайақ шабатын межесі. Кездейсоқ бір пәлеге ұрынбаса болғаны. Шабандоз бала Аққұйрықтың шабысына тым сенімді еді. Тура Құрмаш ойлағандай болды. Ұзына бойы екі шақырымды құрайтын ипподром жолында қалың жүйрік мидай араласып кетті. Басы қайсы, арты қайсы айырып болмайтындай. Әйтеуір, ипподромды айнала шапқан шабандоздар. Елдің айқайы мен қиқуынан құлақ тұнады. Сері самалы тынысыңды ашып отыратын қайран Арқаның сары жазығы-ай деп армандады шабандоз бала. Бәйгені бақылаушылар жүйріктерді номер арқылы анықтап, нешінші айналымнан өткенін үздіксіз хабарлап жатты. Жетінші айналымның кілт бұрылысына келгенде Аққұйрық сәл мүдіріп, шабысынан жаңылғандай көрінген. Шабандоз бала оқыс бұрылғаннан шығар деп ойлады. Сегізінші айналымда Аққұйрық қара терге малшынып сала берді. Тоқым асты ақ көбіктеніп, ат қиналып келе жатқандай. Құрмаштың жүрегі зу ете қалды. Бұл не сұмдық?! Қанша бәйгеге қатысса да, Аққұйрықтың қара терге малшынғанын көрмеп еді. Жиырма бес шақырымға еркін шабатынына сенген Нақыпжан бапкер: «Алдыңғы лекте отырсаң да болады», – деген. Алдында қара жоқ еді… Тоғызыншы айналым… Әлі дара келеді! Кенет шабандоз төмен қараған. О, тоба, Аққұйрық үш аяқпен шауып келеді!.. Қамшылар жақ алдыңғы аяғын көтеріп алған. Қайран жануар-ай намыс үшін шауып келеді екен ғой… Құдай-ау, үш-ақ айналым қалған. Аққұйрықтың басын әрең тежеген шабандоз бала айналымнан шықты… Көзінен ыстық жас ыршып кетті. «Айттым, осы сапарға шықпайақ қояйықшы дедім», – деп өкіре жылаған қара бала Аққұйрықтың мойнынан құшақтай алды. Ипподромның қиыршық тасты жолы мен тар бұрылысында алдыңғы аяғын шауып алғанға ұқсайды. Аққұйрықтың бойы дір-дір етеді. Шабандоз баланың омырауына басын тыққан сақи даланың ерен жүйрігі Аққұйрықтың жанарынан жас ағып тұрған. Тұлпар шын мәнінде жылап тұр еді… Жүгіріп Нақыпжан келді. Өкіре жылап тұрған шабандоз бала: «Айттым ғой саған, осы бәйгеге келмей-ақ қояйық деп!» бапкерді қамшымен тартып-тартып жіберді. Жанарын жас жуған Нақыпжан бетін басқан күйі теңселе басып, отыра кетті…
***
- Бәйгеден қай ауылдың жүйрігі келіпті?
- Батықтың аты. – Ақтаудың Аққұйрығы ше?
- Жоқ, Аққұйрық келмепті…. (Сәкен тойындағы ел әңгімесінен. 1994 жыл).
Күндер қайда баяғы үкілеген,
Замананың сырт берді сұрқы неден?
Аққұйрықтың жас көрдім жанарынан,
Мұнша есті болар ма жылқы деген?!.
Жылқы ма еді Ақтаудың Аққұйрығы,
Намысы еді елімнің, бақ-тұйғыны.
Құба жонда құлазып жүйрік қалды,
Осы болып Тәңірдің хақ бұйрығы…
Қапталынан жабылар оза шауып,
Тыпыршыды хас тұлпар мазасы ауып.
Сырқырады сүйегі сәйгүліктің,
Адасқандай есінен ауық-ауық.
Күндер қайда, құдай-ау желдей ескен,
Шабысына қайран қап ел гулескен.
Сері күндер қол бұлғап алыс қалды,
Аламанда тұлпардың сертін кескен.
Беу, жануар!
Қор болған қайран мүсін,
Болат тұяқ боркемік, жойған күшін.
Намыс үшін шабарын хас тұлпардың,
Жүлде алған жабылар қайда білсін?!
Бақыты бар тағдырдың сайқалы бар,
Ылдиы мен өмірдің қайқаңы бар.
Қапталына келмейтін бір кездерде,
Шаңға көміп барады қойторылар.
Өмір тозаң, тартыс пен күрес анық,
Пенделер мәз қалғанға үлес алып.
Қайда кетіп барасың, жануарым,
Сары белдің көдесін жүре шалып?
Хош, жануар, жылама, жетім жүрек!
Зерлі тұяқ мезгілсіз кетілді деп.
Өзіңді ойлап мен-дағы мұңға баттым,
Шерлі күйі шанақтың шертілді көп…
Еңіретіп шертейін егіз үнді,
Аламанда көрмеспін енді ізіңді…
Сен келмедің бәйгеден, ал сол күні,
Домбырамның, о тоба, ішегі үзілді…
Қойлыбай АСАНҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.