Руханият

Шаһар шежіресінен сыр шертіп…

Мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада Қарағанды қаласының 90 жылдығына орай 90 кездесу жобасы аясында тарихшы-ғалым, өлкетанушы, облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы Темірғали Аршабековпен «Қазыналы құтты өлкем» атты кездесу өтті.

Сурет: кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Кешке арнайы шақырылған қонақтар қатарында облыстық ғылыми-техникалық архивінің қойма меңгерушісі Нұрбәтима Намазбаева, облыстық бейнелеу өнері музей басшысының орынбасары Мейрамгүл Елубаева және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері болды.

Туған жер мен ел тарихын жалау еткен Темірғали Тілеубекұлы өзінің еңбек жолы мен зерттеулерінен бірсыпыра сыр шертті.

Алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастап, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайын басқарып, одан кейін бейнелеу өнері музейінде басшылық қызметін атқара жүріп жасаған жұмыстары туралы айтылған өлкетанушы сөзін жиналған қауым ерекше ынтамен тыңдады.

– Бізге дейінгі дала сырлары әлі толық ашылған жоқ. Осы уақытқа дейінгі көзім жеткені қазақ ұлтының құндылығы тарихында. Біздің елдің тарихы мол мұраға бай. Шежіре дастанын таңды таңға ұрып айтуға болады. Жалпы оның ішінде, Қарағанды шаһары кенді өлке болып танылған. Осыған сай да біршама деректер бар. Айта берсе, әрине, бұл бір күнге сияр тақырып емес, – деді Темірғали Аршабеков.

Өлке тарихын зерттеушінің тағылымды әңгімесін тыңдаған студенттер өз ойын ортаға салып, қызықтырған сұрағын қойды.

Сонымен қатар, облыстық бейнелеу өнері және облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Темірғали Аршабековтің қала күніне арналған туындыларын оқырмандарға тарту етіп, тың деректерге сүйеніп ақпарат беріп өтті.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button