Руханият

Шәкәрім ізімен…

Қарағанды медициналық университетінде Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры туралы сыр шертілген «Шәкәрім» атты жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Тұсаукесер барысында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын өңір басшысының атынан Мақаш Әлиақпаровқа Құрмет грамотасын табыс етті.

Сурет ұйымдастырушылардан

Абай мен Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығына терең бойлау үшін Мақаш Әлиақпаров Семей облысына «Шәкәрім ізімен» экспедициясымен төрт рет барады. Осы арада ол көптеген тарихи фактілерді қағазға түсіріп, көнекөз қариялардан дерек жинақтайды.

– Мақаш Әлиақпаровтың жаңа кітабы қалың оқырманға жол тартты. Мақаш ағамыз – жазушы және суретші. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы – Семей, Шәкәрім және Абай. Ол өзінің шығармашылығын осы екі ойшылға арнады. Оның шығармалары – бейнелеу және прозалық болып екіге бөлінеді. Жаңа кітап – Шәкәрімнің шығармашылығы туралы. Кітапта тың деректер мен көптеген иллюстрациялар келтірілген. Мақаш Әлиақпаров – шығармашылық тұлға ғана емес, сонымен қатар, ғалым. Ол көптеген білікті медицина мамандарын тәрбиелеген, – деп атап өтті Қарағанды медициналық университетінің профессоры Вилен Молотов-Лучанский.

Мақаш Әлиақпаров – медицина ғылымдарының докторы, 1989 жылдан 2001 жылға дейін Қарағанды медицина институтының ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, абайтанушы, шәкәрімтанушы, Теміртаудағы «Металлургтер», Астанадағы «Отан қорғаушылар», Қарағандыдағы «Тәуелсіздік» және «Абай» сияқты монументтердің авторы.

Расында, 1975 жылдан бастап, осы уақыт аралығына дейін Мақаш Әлиақпаровтың қылқаламынан 200-ден астам туынды дүние­ге келген. Оның 60-тан астамы тек Шәкәрімді негізге ала отырып салынған суреттер. Ғалымның суретшілік қыры туралы Қарағанды облысы Суретшілер одағының басқарма төрағасы Айдархан Қалмаханов сөз қозғап, оны «ҚР Суретшілер одағына 90 жыл» орденімен марапаттады.

– Мен бұл адамды нағыз суретші ретінде 90-шы жылдардан бері білемін. Мақаш Тыныштықбайұлының өзіне тән стилі бар. Кескіндемелері классикалық емес, француз импрессионизміне көбірек ұқсайды, – дейді Айдархан Қалмаханов.

Жан Амантай,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button