Бас тақырып

Өсетін ел жол салады

Дамуды ойлаған мемлекет жолын түзейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды тұғырнамасында жол сапасына айрықша назар аударды. «Республикалық маңызы бар 8 мың шақырым жә­не облыстық, аудандық маңызы бар 14 мың ша­қырым автожолдың сапалы салынуы мен жөн­делуін қамтамасыз етеміз», – деп уәде берді Мемлекет басшысы.

Әрине, жол сапасы елімізде күрделі, күрмеуі қиын мәселеге айналып кеткелі қашан… Жылдар бойы қирап, тұралаған саланы бір күнде аяғына тік тұрғызу әсте мүмкін емес. Әйтсе де, қиындықтан қашпай, қимылдау қажет.

Соңғы үш жылда Қазақстанда 8 мың шақырымнан аса республикалық жол жөндеуден өтті. Биыл да ел көлемінде ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Сенаттағы парламенттік тыңдауда айтты.

– Кейінгі 3 жылда 8 мың шақырымнан астам республикалық маңызы бар жолдар салынды әрі жөнделді. Сондай-ақ, 9,5 мың шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдар жөнделді. Нәтижесінде, стандартты жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желіде 91 процентке дейін, жергілікті желіде 85 процентке дейін артты. 2023 жылы 7 мың шақырым республикалық маңызы бар жолды және 3 мың шақырым жергілікті желілерді қайта салу және жөндеумен қамту жоспарланған», – деді Роман Васильевич.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары атап өткендей, Мемлекет басшысының 2029 жылға дейінгі сайлауалды тұғырнамасы шеңберінде жол сапасын толық жақсарту көзделген. Яғни, стандартты жағдайдағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін – 100 пайызға, жергілікті желідегі автомобиль жолдарының үлесін 95 пайызға жеткізу міндеті жүктелді.

Қарағанды облысында жолдың сиқы кетіп тұрғаны жасырын емес. Биыл аймақта жол-құрылыс маусымы 1 мамырда басталады. Әртүрлі маңыздағы 734 шақырым автожол жөнделеді. Сәл бұрынырақ,  облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Мұқашев былтырғы жол-құрылыс маусымында 600 шақырым жолға жөндеу жүргізілгенін айтқан еді.

– Оның ішінде, облыстық маңызы бар 356 шақырым, қалалар мен аудандарда 244 шақырым жол бар. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша 6 жолды қайта жаңарту жұмыстары биылға жалғасты. Бұл – 9 шақырым «Үштөбе­-Құрылыс», 21 шақырым  «Жартас-­Долинка», 17 шақырым «Новодолинка-Шахан-Молодецкое», 16 шақырым «Осакаровка­-Молодежное», 20 шақырым «Киевка-Шахтер-Пржевальское» және 20 шақырым «Нұра-Осакаровка» автожолдарының учаскелері. 2023 жылы барлық жобаларды аяқтау жоспарлануда, – деді Мақсат Әділұлы.

Ал, қар кеткелі ойық-шұқыры көбейген Қарағандыда 50 көше жөнделмек.

– Мұқанов көшесінен Үштөбе кентінің автожолына баратын Бөкетов көшесінде автомобиль жолының құрылысын бастаймыз. Бұл – жоба ауыспалы, жұмысты 2024 жылы аяқтаймыз. Космонавттар көшесінің көлік өткізу қабілетін арттыру үшін кейбір учаскелерде жолды кеңейтеміз. Атап айтқанда, магистральдық көшелермен қиылыста қосымша жолақтар мен оң жақ бұрылыстарды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, көшеге көктемде су тасқынын болдырмайтын нөсер коллекторын саламыз. Пичугин көшесіндегі автожолды күрделі жөндеуге кірісеміз. Вокзал маңынан 7-ші магистральға дейін барамыз. Новосел және Пригородная көшелерін де қамтимыз, – деді қала әкімі Мейрам Кожухов.

Бұдан бөлек, Шет көшесінде күрделі жөндеу басталады. Бұқар жырау даңғылының бойында орташа жөндеу жүргізіледі. Нақты айтқанда, даңғыл Волочаевскаядан Гончарная көшесіне дейін, Ермеков көшесінен Әбдіров даңғылына дейін және Назарбаев даңғылынан Чкалов көшесіне дейін жөнделеді.

Сонымен қатар, 15-ші магистральдің, яғни, 7-ші магистральдан «Бүркіт» кафесіне дейінгі жолдың орташа жөндеу жобасы аяқталады.

Жалпы, облыс көлемінде 317 шақырым облыстық және 345 шақырым аудандық маңызы бар жол жөндеуден өтеді. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында төрт аудандағы елді мекен жолдары жаңарады. Абай, Бұқар жырау, Нұра және Осакаров аудандарының 23 ауылы қамтылады.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button