Жаңалықтар

“Серпінге” сенім артайық

Елбасының басты бағдарламаларының бірі де бірегейі ішкі көш пен «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға! – «Серпін-2050». Осының арқасында жұмыссыздық азайса, теріскейге қарай бет бұрғандар артты.

Серпінге – жеті жыл

Бұдан 7 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ел Үкіметі «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға! – «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. «Серпін» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі болып саналады. Қазір халықтың жобаға деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Бағдарламаның басты мақсаты оңтүстік өңірлерден жастарды еліміздің солтүстік және шығыс облыстарына оқуға тарту және оларды одан әрі жұмысқа орналастыру болатын. Жыл сайын осы бағдарлама бойынша бес мың грант бөлінеді. Бағдарламаға қатысу үшін талапкерлер ҰБТ тапсырып, кемінде 50 балл жинауы тиіс.

Содан бері Алматы, Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау облыстарынан еңбек ресурстары мол, Қазақстанның шығысы, солтүстігі мен батысында жұмысшы тапшы өңірлерде жастарды оқыту және жұмысқа орналастыруда шынымен серпін болды. Қабылдаушы тарап ретінде 9 облыс – Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қатысады. Бүгінде Қарағандыдағы 3 жоғары оқу орны мен 5 колледжі өзге өңірден келген студенттерге білім беріп жатыр. Солардың қатарында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен «Серпінге» қатысып, сенімнен шыққан Теміртау қаласындағы Қарағанды индустриялық университеті. Өйткені, Теміртауда 1201 кәсіпорын жұмыс істейді. Қаланың қала құраушы кәсіпорны және Қарағанды индустриалдық университетінің негізгі әлеуметтік серіктесі, меншікті көмірі, темір кені және энергетикалық базасы бар интеграцияланған тау-кен металлургия кешені болып табылатын тау-кен металлургия секторының ірі кәсіпорны «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы. Жас мамандарды жұмысқа қабылдаушылар сапын да осы компанияның үлесі зор.

Теміртау Қазақстанда және одан тыс жерлерде оның еңбек қызметінің едәуір бөлігі өткен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаласы ретінде танымал.

Теміртау Нұрсұлтан Әбішұлының өмірінде ерекше орын алады. Теміртаулықтармен кездесу кезінде оның «Теміртау – менің махаббатым, менің жастығым, менің тағдырым» деген сөздері қашанда тебіреніспен айтылады.

Дәл осы қалада еліміздің Тұңғыш Президентінің еңбек жолы басталды, дәл осы жерде оның мемлекет қайраткері және саяси көшбасшы ретінде негізі қаланды. Қарағанды индустриялық университетінің жұмысы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын ілгерілету мақсатында студент жастардың ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға бағытталған. Қарағанды мемлекеттік индустриялық университетінде «Мәңгілік ел жастары –индустрияға!» – «Серпін» 2015 жылдан бері жүргізіліп келеді. Оқу барысында грант иегерлеріне жатақхана беріледі, сондай-ақ, жобаға қатысушылар үшін оқу процесіне және тұратын өңірге жылдам бейімделу үшін қажетті жағдайлар жасалған. Сабақтар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының 2018-2020 жылдардағы рейтингісінде университеттің бірқатар мамандықтары жетекші орындарға ие болып, ТОП – 10-ға кірді. Түлектерді кейіннен жұмысқа орналастыру мақсатында өңірдің 64 кәсіпорнымен келісімшарт жасалды.

Оңтүстіктен – Солтүстікке

Көш көлікті жүруде. Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру шеңберінде жұмыс күші артық өңірлерден құрамында 5,8 мың адам бар 1,8 мың отбасы оңтүстіктен теріскейге қоныс аударды. Петропавл қаласына көшіп барған Серік Әлтаев деген азамат:

– Теріскей аймақ халық санына мұқтаж. Елім, жерім деген патриоттық сезімі бар отбасыларына мұқтаж. Сол үшін үй беріп, жұмыспен қамтамасыз етеді. Солтүстік бізге мұқтаж екен деп міндет етудің де қажеті жоқ. Келген екенсің деп ешкімге 50 га, 100 га, 1 000 га жерді «мә» деп бере салмайды. Алам деген адам заңды түрде қол жеткізеді. Субсидияны кедергісіз алуға мүмкіндіктер бар. Біреулер келмей жатып дүкен ашу, кафе ашу деп армандап отыр. Әрине, ашуға болады. Бірақ кепілдікке қоятын мүлік болуы керек. Ерінбей еңбек етсең бәрі де өз несібесімен болады, – дейді.

Көшіп келгендерді жергілікті билік жұмысқа, балаларын кезексіз балабақшаға орналастырады. «Кәсіп ашамын, жер алып, бау-бақшамен айналысамын» дегендерге де бар жағдай жасалады. Жер учаскелері беріліп, грант үлестіріліп жатыр. Қоныс аударушылардың басты мәселесі – тұрғын үй. Әлеуметтік-экономикалық даму кешенді жоспары аясында өңірде қоныс аударушыларға баспана салу бойынша пилоттық жоба жүзеге асуда. Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруашылықтар да қарап қалмай, көшіп келген мамандарды баспанамен қамтып жатыр. Ғ.Мүсірепов ауданындағы «Ақселеу» ЖШС басшысы Серік Малаев қоныс аударушыларға 10 үй салып берді. Гүлмира Жолдаспаева отбасымен бірге 7 жыл Нұр-Сұлтан қаласында пәтер жалдап тұрған. Қазір жас маман мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. «Былтыр қыркүйек айында мемлекеттік бағдарламамен «Ковыльное» ауылына келдік. Екі баламыз бар. Күйеуім «Ақселеу» ЖШС-да жұмыс істейді. Үйіміз жылы, жайлы. Қаладан ауылға көшіп келгеніме еш өкінбеймін», – дейді Гүлмира Жолдаспаева.

Өңірге көшіп келушілерге тек пилоттық жоба аясында ғана 2022 жылға дейін 2 100 баспана салынбақшы. – Облысқа мамандар керек. Қазір халықтың 19% зейнет жасындағы адамдар. Бұл – 103 мың адам. Өңір тұрғындары қартайып келеді. Жұмыс берушілер өздеріне қажет еңбеккерлерді табу үшін оңтүстік облыстарға барып, тұрғындармен кездесіп, шақырып жатыр, – дейді мамандар.

Елімізде жүріп жатқан ішкі көші-қонды білмейтіндер жетерлік. Әр облыста осы салаға жауап беретін мамандар бар. Бірақ «ел құлағы елу» дегендей, насихат жүргізілмесе халық қайдан біледі? Оңтүстік аймақтан көшіп келгендер мен сол өңірде тұрып жатқан бірқатар белсенді бұл жұмысты өз қолдарына алған екен. Соның бірі – құқық қорғаушы Сәбитхан Дөнесханұлы.

– Бұдан 3-4 жыл бұрын Марат деген жігітпен таныстым. Оңтүстіктің тумасы. Бала-шағасын асырау үшін жалданып жұмыс істейді екен. Осы бағдарлама туралы айттым. «Неге сен осыған қатысып көрмейсің?» дедім. Ол «Үкіметке сенбеймін» деп жауап берді. «Бұл ойың дұрыс емес, алдымен осы бағдарламаға араласып көр. Сосын айтасың. Қазіргі жүрісіңмен сен үй алмақ түгілі, жалдап тұрып жатқан жеріңе де қаражат таба алмайсың» дедім. Сонымен ол иланып, жергілікті жұмыспен қамту орталығына өтініш тапсырған екен. Мамандығы да бар. Ақыры солтүстікке көшті. Жақында хабарласты. Жер, үй алыпты. Жұмысқа тұрған. Жеке дүкен ашып алыпты. Балалары мектепте оқып жатыр екен, – дейді.

Осыдан кейін Сәбитхан осы бағдарламаны насихаттауға көшкен. Нәтижесі де ауыз толтырып айтарлықтай.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button