Селеу

     Ахаң тірі болса, биыл 75-ке келетін. «Өлдің, Мамай қор болдың» емес. Артында іздеушілері, ізімен жүргендері, ізіне түссем-ау дейтіндері бар.

    Әр пенденің басына бұйыра бермейтін барақат. Ә!!!

    Махамбеттей бабаларымыздың сарқыты (М.Мақатаев), Ахмет Байтұрсынов атамыз­дың өзі болмаса да, көзі еді Ақселеу Сейдімбек ағатайым. Арамыздан ертерек кетті. Жазу.

    Ахмет атамды оқыдым, Ақселеу ағамды көзім көрді, кең құшағына кірдім. Жаңаарқаның төрт бөрісінің төресі еді. Қазір екеуі ғана жүр арамызда. Қадірлейік.

   1975 жылы осы «Орталыққа» практикаға (өндірістік тәжірибеге) КазГУ-ден келдім. Ахаң жауапты хатшы. Алдына бармақ түгілі, алыстан баспалай қараймыз. Шайхан Жандаев газеттегі жетекшім.

Жүр, Ақселеумен таныстырам, – деді.

   Шошып кеттім. Сөйтсем, екеуі жатақхананың қара нанын бөліп жеген курстас екен. Өктемдеп, өзімсінетін жөні барын қайдан білейін. Түрі, сымбаты, отырыс-тұрысы, ең аяғы шақша қағысына шейін Сәкен Сейфуллин ағасының аузынан түскендей. Сөз саптасы мүлдем бөлек. Не керек, очерк, мақалаларын Алматыда «Лениншіл жастан» қуалап жүріп оқитын ағамның кең құшағына кірдім де кеттім.

   Ақселеу ағам атаусыз қалмайтынын білемін. Сол шараларды жөнімен, жобасы­мен өткізейік деген сөз менікі.

   Р.S. Ақселеу ағам тура 2008 жылғы 31 желтоқсанда «Қазақтың ауызша тарихы» атты кірпіштей қалың кітабын сыйлапты. Қолтаңбасы, мөлдіреген суреті тұр.

   Селеулі қазақ даласындай.

Мағауия СЕМБАЙ

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.