Бас тақырып

Саяси жаңғыру салтанаты

Еліміздің Негізгі заңы – Конституцияға өзгеріс енгеннен кейін басталған саяси реформаларды қорытындылаған ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының сайлауы мәресіне жетті. Аты өзгермегенмен, заты мүлдем басқа бұл жолғы сайлау көптен бері өзгерісті қалаған халықтың да көңілінен шыққандай. Себебі, бұрын-соңды болмаған, шаралар қабылданды. Ол – көппартиялықты дамыту және елдің қоғамдық-саяси өміріне азаматтық қатысуды кеңейту болды. Мақсат – демократияны дамыту мен өркендету. Әлбетте, кем-кетігі болса да, көш жүре түзелетіні анық. Бірақ, сайлау атмосферасы мен сайлаушылардың көңіл-күйі өзгеріс жолындағы сеңнің қозғалғанын көрсетті. Халықтың билікке сенетінін, сондай-ақ, ел тағдырына оның әр тұрғынының жауапты екенін дәлелдеді. Ал, сайлаудан кейінгі келесі күннің кешінде Орталық сайлау комиссиясы алдын ала болжамды жариялады. Нәтижесі еxit poll жариялаған көрсеткіштен алшақ емес.

Алдын ала болжам: AMANAT көш басында

Орталық сайлау комиссиясында парламенттік сайлаудың алдын ала қорытындысы шығарылды. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров нәтижелер Қазақстандағы және шетелдегі барлық учаскелерде есептелгенін хабарлады.

Сонымен, сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша 98 депутат креслосының 69 орнына үміткер 7 партияның ішінде көш бастаған AMANAT партиясы болды. Сайлаушылардың 53,90 пайыз дауысына ие болған бас партиядан кейінгі орынға «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы жайғасты. 10,90 пайыз сайлаушылар дәл осы партияға сенім білдіріп, дауыс берген. «Жаңа адамдар – жаңа қадамдар» ұстанымындағы Respublica партиясы құрылғанына жыл толмаса да сайлаушылардың сеніміне ие болып үлгерген тәрізді. Себебі, 10,90 пайыз жинаған «Ауыл» партиясынан кейін үшінші орынға табан тіреген бұл партия сайлаушылар дауысының 8,59 пайызына ие болған. Ал, Қазақстан халық партиясы – 6,80 пайыз, «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30 пайыз, Қазақстанның «Ақжол» демократиялық партиясы – 8,41 пайыз, жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20 пайыз дауыс жинаған.

Биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі – бес түрлі бюллетеньмен қатар, әр бюллетеньде «барлығына қарсы» бағаны болғанын ескерсек, тұрғындардың 3,90 пайызы дәл осы бағанды белгілеген.

Ал, Қарағанды облысынан Парламент Мәжілісі депутаттығына №18 сайлау округінен сайлаушылардың 132 471 дауысына ие болған Құдайберген Бексұлтанов өтсе, №19 сайлау округінен Арман Қалықов өтті. Оған 145 228 сайлаушы дауыс берді.

Ел тағдырына халық та жауапты

Сонымен, сайлауға түскен 7 партия, бір мандатты округтер бойынша ұсынылған 609 кандидат, 525 өзін-өзі ұсынушыға дауыс берушілер сайлау учаскелері жабылғанда облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректеріне сәйкес, тізімге енген азаматтардың жалпы санының 54,19 пайызы бюллетень алған. Ал, Қарағанды облысындағы 761 471 сайлаушының 59,48 пайызы дауыс беріп үлгерді.

Алғашқы дауыс берушілер қатарында Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекбаев та бар. Ол Кеншілер мәдениет сарайындағы №17 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.

Ал, Ақтоғай ауданындағы Айыртас ауылының тұрғындарының саяси белсенділігі тіпті жоғары болды. Шалғайдағы ауыл азаматтары түске дейін түгел дауыс беріп үлгерген. Ауылдық округтегі 104 сайлаушы сағат 11.00-ге дейін таңдауларын жасады.

– Тұрғындар өздері дұрыс деп таныған партияларды, азаматтарды таңдады. Ауылдастарымыз бірі қалмай белсенділік танытқанына қуаныштымыз. Ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ, – дейді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Жанаргүл Зекербай.

Одан бөлек, сайлау комиссиясы келушілерді кітап көрмесімен де таныстырғанын айту керек. Көрмеге ұйытқы болған кітапханашы Индира Шәймерденова әр шығарма туралы кеңінен әңгімелеп, ауылдастарын кітап оқуға қызықтыра түсті. Сөйтіп, «саяси көзқарасымды білдіремін» деп келген жұрт рухани тұрғыда да байып жатты. Одан бөлек, ауылдың спорт нұсқаушысы Әбдібай Сарыбаев спорт жарысын ұйымдастырды. Дартс лақтыру сайысына қатысып, мергендігін танытқан Елубай Аманқұлов, Абай Бірлес және Нұрбол Қанафин марапатталды. Осылайша саяси науқанды мерекеге ұластырған айыртастықтар ел тағдырына жауапты екендіктерін осылай танытты.

Бұл күні ел тұрғындары ғана емес, шетелдегі Қазақстан азаматтары да елшіліктерге барып дауыс бергені мәлім. «Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшілері Түркияның Измир қаласында білім алып жатқан жастармен де тілдесті. Оның бірі – Қарағанды облысы Балқаш қаласының тумасы, шағын шаһардың №16 мектебінде білім алған Азыхан Мұхамедәли.

Азыхан Измирдегі Китап Челеби университетінің I курс студенті. Ондағы 150 студент жиналып, Анкарадағы елшілікте дауыс берген.

– Бұл менің сайлауға екінші рет қатысуым. Екеуі де елден жырақта – Түркияда өтті. Алғашқысында – Ыстанбұлдағы консулдыққа барған едік, қазір Анкарадағы елшілікте өтіп жатыр. Бұл жолғы ҚР Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауында партиялар өте көп екен, сонымен қатар жеке тұлғалардың да кандидат болғаны ұнады. Таңдаудың осылай көп болғаны келешегіміз үшін дұрыс қадам деп ойлаймын. Измирдегі басқа студенттермен бірге ойнап-күліп, жеті-сегіз сағат жол жүріп дауыс беруге барғанымыз студенттік шақтан ұмытылмас естелік болып қалады. Кейін кәсіби маман болып елге оралғанда, болашақта елде болатын сайлауларға қатысқанда осы сәттерді сағынышпен еске алатын боламын, – деді жас жігіт.

Сайлаудан кәрі де, жас та қалыс қалмады

Қарағанды облысындағы 654 сайлау учаскесі таңғы жетіде ашылып, Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутат сайлау үшін дауыс беру уақытылы тәртіпке сай басталды. Аймақта 700 мыңнан астам сайлаушы бар. Оның арасында, бірінші рет дауыс беруге келетін жастың саны – 13 мыңға жуық. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың сайлау учаскесіне жетуі үшін инватакси қызметі жұмыс істеп тұрды. Облыстың барлық қалаларында қоғамдық көлік халықты тегін тасымалдады. Мұның сыртында әр аудан, қала сайлауға келген тұрғындарға ән мен күйден шашу шашып, өзге де қызықты шаралар ұйымдастырды.

Өңірде 863 сайлау комиссиясы жұмыс істеді. Олар – облыстық, аумақтық, округтік және учаскелік комиссиялар. Қарағанды облысында пропорционалды-мажоритарлық жүйені қолдана отырып, мәслихаттарға 214 депутат және Мәжіліске екі депутат сайланады.

Аймақ тұрғындары бұл сайлауда да белсенді болғанын айта кеткен жөн. 102 жастағы кейуананың сайлау учаскесіне келіп дауыс беруі – соның бір айғағы. Абай ауданы Құлайғыр ауылындағы № 442 сайлау учаскесінде 102 жастағы тыл еңбеккері Сәбилә Орманбаева дауыс берді. Ғұмыр бойы сауыншы боп еңбек еткен әже жасына қарамастан дауыс беруден қалмауы тиіс деген пікірде. Себебі, елдің болашағы үшін бұл жауапты қадам дейді.

Әжей Құдай қосқан қосағынан жастай жесір қалып, тоғыз баласын жалғыз өзі тәрбиелеп, ержеткізген қайратты жан. Осы күні сол тоғыз баласынан 25 немересі мен 6 шөбересі бар.

– Жасына қарамастан әркім дауыс беруі керек деп санаймын. Қазақстанның болашағы бізге байланысты. Елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құруына тілектеспін, – дейді кейуана.

Неке қиып жатқан жас жұбайлар да бұл саяси оқиғаға салғырт қарамай сенім артқан үміткерлеріне таңдау жасады. Жас жұбайлар Серғазы Рахымжан мен Марал Ерболатова Қарағандының № 62 сайлау учаскесінде дауыс берді.

– Бүгін бізге қос мереке қатар келген күн болды. Азаматтық борышымызды өтеу үшін сайлау учаскесіне келдік. Өйткені, бүгінгі саяси оқиға біздің еліміз үшін, болашағымыз үшін маңызды, – дейді жас жұбайлар.

Байқаушылар тарапынан да сайлауға шағым түскен жоқ. Олар да халықтың белсенділігін ерекше атап отыр.

– Сайлаушылар тарапынан еш шағым жоқ. Бірінші дауыс бергендердің арасында аға буын өкілдері көп, жастар да аз емес, – деп атап өтті Қарағанды қаласының № 31 сайлау учаскесінде кезекшілік ететін Қазақстан Халық партиясының байқаушысы Қайырлы Қазыкен.

Сайлау учаскесіне қарияларды көлікпен тегін жеткізген Саран автоклубындағы азаматтарға да халық дән риза. Атап айтқанда, Саран қаласында Volkswagen T4 автоклубының мүшелері қалалық ардагерлер кеңесіндегі аға буынды сайлау учаскелеріне алып барды. Акцияға бес машина жұмылдырылды.

– Акция өткізу туралы өзіміз осындай байламға келдік. Ардагерлер – ең жауапты сайлаушылар, олар сайлауға бірінші болып баратыны белгілі. Біз ардагерлерді үйлерінен сайлау учаскелеріне жеткізіп, қажет болған жағдайда сүйемелдеп, еріп жүрдік. Дауыс берген соң оларды үйлеріне апарып салдық, – дейді автоклубқа қатысушылардың бірі Алексей Архипов.

Ардагерлер ризашылығын үйіп-төгіп жатыр.

– Сайлау – Қазақстан Республикасындағы саяси процестің маңызды бөлігі. Автоклуб жастарының көмегіне өте ризамыз, – деді Саран қаласының Құрметті азаматы, Ардагерлер кеңесі сауда және тамақтану бастауыш ұйымының төрағасы Айман Хайруллина.

 

Әділ сайлауға кедергі жоқ

Сол үшін үйден дауыс беретіндер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға сайлау учаскелерінде барлық жағдай жасалған. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі сайлаушылардың 1610-ы – кресло-арба қолданады, 1784-і – мүлдем көрмейтіндер мен нашар көретіндер, ал, 1392-сі – естімейтін және нашар еститіндер.

Сайлау күні Қарағанды, Балқаш, Приозерск, Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларында және Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандарына қарасты 10 елді мекенде инватакси қызметі ұйымдастырылғанын айту керек.

Мәселен, Қарағанды қаласының № 31 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Абылай Жәлеловтің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі адамдардың дауыс беруі үшін тиісті қажеттіліктер қамтылған. Арнайы кабинкалар дайындалып, есту, көру қабілеті төмен тұрғындар үшін бар мүмкіндік қарастырылған.

Дауыс беруге келген Сәбит Жанысбаев учаскеде жұмыстың дұрыс ұйымдастырылғанын айтады. Оның ойынша, әділ сайлауға бүгінде еш кедергі жоқ.

– Қандай сайлау болса да, қалыс қалып көрген жоқпыз. Үнемі сайлауға барып, өз дауысымызды береміз. Бүгін де ел ертеңі үшін дауыс бердік. Меніңше, сайлаудың әділ өтуіне еш кедергі жоқ бүгінде, – дейді Сәбит Жанысбаев.

Ал, Қарағандыдағы № 80 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері түрлі себептермен дауыс беруге сайлау учаскесіне өздері келе алмайтын 5 тұрғынның үйіне барған. Учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Наталья Мисюринаның айтуынша, бұл азаматтарға комиссия мүшелерінен жасақталған топ сағат 12.00-ден кейін барды.

Қарқаралы ауданындағы ең жасы үлкен қос қария да аталмыш науқаннан тыс қалмады. Көзі ашық, көкірегі ояу қарттарымыз – 102 жастағы Шамшабану Ақпарова мен 93 жастағы Райхан Мырзаханова лайықты деген үміткерлеріне өз үйлерінде таңдау жасады.

Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде орналасқан № 149 сайлау учаскесінде жауапты мамандар соғыс және еңбек ардагері 97 жастағы Николай Рассказимовтің үйіне барып, дауысын есепке қосты. Николай Григорьевич әлі тың. Өзі жүріп, тұрады. Тек, қыста сақтанып, далаға шықпайды. Ардагер ақсақал да мамандарға алғыс айтып, ел мен жердің амандығын тіледі.

Облыс аудандарындағы ахуал

Қарағанды облысына қарасты 7 аудан мен 8 қалада тіркелген сайлаушылар да белсенділік көрсетті.

Приозерск тұрғындары таңнан бастап сайлау учаскелеріне келе бастады. Учаскелердің бірінде дастархан жайылып, келушілерге дәм қойылған. Ал, басқа сайлау учаскесінде азық-түлік жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

№802 сайлау учаскесінің аумағында сайлаудың құрметіне орай ұйымдастырылған азық-түлік жәрмеңкесінен сауда жасаушыларды байқадық. Онда қала тұрғындары азық-түлікті нарық бағасынан төмен бағаға сатып алды. Қолайлы бағамен картоп пен көкөніс, ет, балық, құс еті, шұжық өнімдері, бал, күнбағыс майы, бақша дақылдары, сүт өнімдері саудаланды.

– Сайлау аясында халыққа тиімді болсын деген мақсатта жәрмеңке ұйымдастыруды жөн көрдік. Мұндай жәрмеңкелерді кішкентай кезімізден көріп жүрміз. Ата-анамыз дауыс беруге барғанда бізге тауар әкелген көлік– дүкеннен тәттілер алып беретін. Ең бастысы, осындай жауапты күні халыққа жақсы көңіл-күй сыйлағымыз келді, – дейді ұйымдастырушылар.

Бұқар жырау аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, ауданда 34 962 сайлаушы тіркелген болса, түскі сағат 13.00-ге дейін олардың үштен бір бөлігінен астамы, яғни 13 164 адам дауыс беріп үлгерген. Барлық сайлау учаскелерінде тұңғыш рет дауыс бергендерге арнайы сыйлықтар тапсырылды. Ал, сайлау комиссиясындағылар жерлестерінің болашаққа сеніммен келіп дауыс беріп жатқанын айтты. Олар Жаңа Қазақстанның ертеңіне үміт артады.

Осакаров ауданында 41 учаскелік комиссия жұмыс істеді. Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Дана Молдағалиева сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын айтуда. Бұл ауданда 110 сайлаушы алғаш рет дауыс берсе, 409 азамат үйден дауыс берді.

34 сайлау учаскесі бар Нұра ауданында 5944 сайлаушылар өз таңдауын жасады. Нұралықтар сайлау күнінде бір-біріне көтеріңкі көңіл сыйлауға тырысты. Бұл іске үлкендер де, жастар да атсалысқанын айту керек. Мысалы, аудандық жастар ресурстық орталығы мен «Nura аrnasy» жастар тобының волонтерлері көшеде «Қазақстан» шоколадын таратты.

Айта кетейік, ауданда тіркелген 16 816 адамның 35,35 пайызы түске дейін дауыс беріп үлгерді.

Қарқаралы ауданындағы 51 сайлау учаскесінде 20 мың 209 сайлаушы тіркелген. Олардың басым бөлігі аудан орталығында. Қала басында 6108 сайлаушысы бар төрт учаске жұмыс жасады.

– Жұмысшылар кенті Қарағайлыда 2167 сайлаушысы бар №569, №570 сайлау учаскелерінде жұмыс қарқынды жүрді. Сайлауға, дауыс беруге деген халықтың ынтасы жоғары. «Қазақмыс» АҚ-ның Қарағайлы кен байыту фабрикасы мен «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты «Өркен-Кентөбе» ЖШС-дегі вахталық жүйедегі жұмыскерлері ұйымдасқан түрде автобуспен келіп дауыс берді, – дейді №569 сайлау учаскесінің төрағасы Жазира Мұратқызы.

Әділетті Қазақстан құруда маңызды қадам жасауға келген сайлаушыларға аудандық Жастар ресурстық орталығы JasStar еріктілер желісінің ұйымдастыруымен Baursak party акциясын өткізіп, көтеріңкі көңілкүй сыйлағанын айту керек.

Маңызды науқанда қарқаралылық жастар да батыл қадам жасауда.

– Жастар – жарқын болашақтың кепілі. Мен де Жаңа Қазақстанның жас азаматы ретінде өз таңдауымды жасадым. Озық ойлы, талапты, іскер үміткерді таңдау халық үшін қашанда тиімді, – дейді алғаш рет сайлауға қатысқан Тоқтар Нуарбек.

1323 сайлаушысы бар Егіндібұлақ ауылындағы сайлаушылар сайлау науқанын ерекше көңіл күймен өткерді.

 

Жастардың сайлаудан үміті зор

Мәселен, нұралықтар да сайлауға белсенді қатысуда. Құндақтаулы баласын қалдыратын жер таппай, сайлау учаскесіне көтеріп барғандар да бар. Мәселен, №637 сайлау учаскесіне ерлі-зайыпты Есет Макуов пен Қанағат Шараф егіз сәбиін құшақтап барды.

– Ел өміріндегі тарихи сәттен қалыс қалғанды жөн көрмедік. Келіншегімді үйде қалдырып, өзім ғана дауыс беруіме болатын еді. Алайда, әр дауыс маңызды деп білемін. Сондықтан, бөпелерімізді көтеріп, қатар келдік. Әркім белсенділік танытып, өз таңдауын жасаса, жаңа қоғам қалыптасатын күн жақындай түсер еді, – дейді Есет Макуов.

Ақтоғай ауданындағы жас отбасы – Ілияс пен Жаннұр Қанафиндер де айтулы сәттен қалыс қалмады. Олардың айтуынша, бұл саяси науқанның маңызы зор. Ілиястың жұбайы Жаннұр дұрыс таңдау жасағанына сенімді.

– Бүгін еліміз бойынша маңызды сәтте жұбайым екеуміз №448 сайлау учаскесін бетке алдық. Мақсатымыз – еліміздің келешегін кемел ететін, лайықты үміткерге дауыс беру. Елімізде ілкімді істер атқарылып, оң өзгерістер орын алды. Халықтың әлеуметтік жағдайы да жылдан жылға жақсарып, тұрмысы түзеліп келеді. Біз секілді жас отбасыларға да аз қолдау жасалып жатқан жоқ. Ендеше, сайлау қорытындысы бойынша жаңа сенім мандатына ие болған үміткер осы ауқымды істерді әрі қарай жалғастырып, тың реформаларды жүзеге асырарына күмәнім жоқ, – дейді Ілияс.

Шет ауданының мақтанышы, пауэрлифтингтен әлем және Азия чемпионы – Марғұлан Бекен сайлаудан қалыс қалмай, №735 сайлау учаскесінде дауыс берді. Байрақты бәсекелерде аудан мәртебесін асқақтатып, елдің абыройын арттырып жүрген азамат өз таңдауын жасады.

– Осы сайлаудан кейін елімізді үлкен өзгерістер күтіп тұр деп сенім артамын. Мен бүгін таңдау жасадым. Адамдардың учаскелерге көтеріңкі көңіл күймен барып жатқаны қуантты. Бүгін – тарихи күн. Туған елінің дамуына әрбір азамат үлес қоса алады. Туған ауылымда дауыс бергеніме, нақты қадам жасағаныма қуаныштымын, – деді спортшы Марғұлан Бекен.

Ал, Қарағанды қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №141 сайлау учаскесіне аналарымен бірге келген қос бүлдіршін дауыс беремін деп жылаған. Бүлдіршіндердің осындай ақ пейіліне риза болған сайлаушылар оларға ақ батасын беріп жатты.

– Дауыс берер сәтте, балаларым «Біз де дауыс береміз. Белгілеп, жәшікке саламыз» деп жылады. Сосын балаларыммен бірге бюллетеньді белгілеп, жәшікке салдық, – дейді Бибігүл Серікқызы.

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауда балқаштық спортшылар да қалыс қалған жоқ. Бокстан екі дүркін Азия чемпионы Ерасыл Ермек пен Нормандиядағы (Франция) XIX Дүниежүзілік жазғы гимназиаданың алтын жүлдегері Рамазан Нұрлыбаев №193 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

– Бүгін біз өз таңдауымызды жасадық. Біз тұрақтылықты таңдаймыз. Дауыс беріп, таңдау жасау – әр қазақстандықтың асыл парызы. Еліміздің Көк Туын желбіретіп жүрген спортшы ретінде, осы елдің азаматы ретінде болашағымыздың жарқын болғанын қалаймын. Сайлауға биыл екінші рет қатысып тұрмын. Мен үшін бұл сайлаудың маңызы жоғары, – дейді Азия чемпионы Ерасыл Ермек.

Ал, биылғы жылы ересектер арасында Қазақстанның ұлттық құрамасына қабылданған Рамазан Нұрлыбаев сайлауға тұңғыш рет қатысып тұрғандығын жеткізді.

– Мен бірініші рет дауыс беріп жатырмын. Сайлаудың еліміз үшін берері көп деп ойлаймын. Өйткені, елдегі жағдай екі тізгін, бір шылбырды тең ұстар азаматтардың арқасында жақсара беретіндігіне сенімдімін, – дейді Рамазан Нұрлыбаев.

Айта кетейік, бүгінде Балқаш қаласынан шыққан жас боксшылар дүбірлі додаларда топ жарып келеді. Олардың қатарында, 60 келіде – Ерасыл Ермек, 54 келіде – Рамазан Нұрлыбаев, 63,5 келіде – Мадияр Тайпақов және қыздар арасында 48 келіде Гүлназ Бөрібаева, Камила Бажбенова бар.

Аталған сайлау үдерісінен Ұлттық Ұлан сарбаздары да қалыс қалмады. Қарағанды облысында орналасқан ҚР Ұлттық ұланының 6505, 5451 және 5516 (Теміртау қ.) әскери бөлімдерінің жеке құрамының өкілдері өздерінің сайлау учаскелерінде Қазақстан Республикасының болашағы үшін дауыс берді. Жалпы «Орталық» өңірлік қолбасшылығында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері ғана емес, офицерлер мен сержанттар дауыс беру үшін 13 учаскесін қамтамасыз етті.

Еліміз үшін маңызды Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны ақтоғайлықтар үшін ерекше мерекеге айналды. Өнерпаздардың концерттік бағдарламасын айтпағанда, ұйымдастырылған спорттық іс-шаралар сайлаушылардың спортқа деген құлшынысын арттырды.

Сайлау учаскесіне дауыс беріп шыққан білекті жігіттер 16 келі кір тасын көтеріп сайысқа түсті. Кір тасын көтеру бойынша жоғары нәтиже көрсеткен аудан тұрғындары – Руслан Байдүйсенов, Марат Ерғалиев, Бірлік Қашқынов, Жеңіс Әділхан, Бағдәулет Тойшыбеков, Дастан Дауен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде бірде-бір сайлаудан қалмай, дауыс беріп жүрген азаматтың бірімін. Елдің жарқын болашағы үшін өз таңдауымды жасадым. Бүгін сайлауға келіп, кір тасын көтеріп олжалы болдым. Ақтоғай ауданында кейінгі жылдарда мықты спортшылар қатары көбейді. Біздің аймақта кеңінен таралған спорт түрлеріне күрес, волейбол, баскетболды жатқызуға болады. Сайлаумен қатар осындай спорттық іс-шара ұйымдастырып, сайлаушыларды сергітіп жатқан спорт саласының мамандарына мың алғыс, – дейді Бірлік Қашқынов.

Айта кетейік, сайлау барысында кір тасын көтеруден бөлек, қол күрес сынды жарыстар Сарытерек, Нұркен, Шабанбай би ауылдарында ұйымдастырылды.

Байқаушылар бағамы

Асыл Хамит – №2 оқушылар сарайының мұғалімі. Сайлау науқанына өз еркімен байқаушы болуға келісім беріпті.

– Біз қазір Жасөспірімдер сарайындағы №20 сайлау учаскесіндеміз. Сайлау үдерісі белгіленген тәртіпке сәйкес басталды. Сайлаушылар белсенді. Таң мезгілінде алғашқы келген сайлаушыларға кәдесый табысталды. Дауыс берушілердің көңіл күйі көтеріңкі. Жаңа сайлау жүйесінің бір мүшесі болғаныма қуаныштымын. Сайлау барысы жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деді байқаушы.

Сондай-ақ, ОБСЕ өкілдері де аудандағы сайлау учаскелерін аралап, бұл саяси науқанның өту барысымен танысты.

Еліміздегі сайлау барысы туралы шетелдік байқаушылардың да пікірі – оң. Палестинаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мунтасер Абузейд депутаттар сайлауының жақсы ұйымдастырылғанын атап өткен.

– Мен үшін сайлауда халықаралық байқаушы болу үлкен мәртебе болды. Таңертеңнен біраз учаскелерде болдық және жоғары деңгейде жақсы ұйымдастырылғанын байқадық. Ешқандай бұзушылықтар байқалмады. Адамдар ешқандай қысымсыз өз еркімен дауыс берді, – дейді ол.

Осымен бесінші рет еліміздегі сайлауға байқаушы ретінде қатысып отырған Мунтасер Абузейд жүргізіліп жатқан табысты экономикалық және саяси реформалармен құттықтады. Қазақстанға бейбітшілік, тұрақтылық, қауіпсіздік және өркендеу тіледі.

Ал, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының халықаралық байқаушылары заңнамадағы өзгерістер қазақстандықтарға мемлекетті басқаруға белсенді қатысуға мүмкіндік берді деп санайды. Бұл Қазақстандағы демократиялық процестердің күшеюін айғақтайды.

– Депутаттық орындардың 30%-ы бір мандатты округтерге тиесілі. Бұл – өте маңызды қадам. Менің ойымша, Қазақстандағы демократиялық қайта құру жүйесіндегі батыл қозғалыс тұрғысынан бірқатар ТМД елдері үшін үлгі бола алады, – деп атап өтті Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының байқаушылар миссиясының мүшесі, Ресей Федерациясы Федералды Жиналысының Мемлекеттік Думасының ұлттар істері комитетінің төрағасы Геннадий Семигин.

Салтанат ІЛИЯШ,

Нұрқанат ҚАНАПИЯ,

Назым ДҮТБАЙ,

Қызғалдақ АЙТЖАН,

Ержан ИМАШ,

Жәлел ШАЛҚАР,

Сағыныш ӘБІЛ,

Нұрдос КӘРІМ,

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button