Саусақ ұшындағы тарих
Музей кеңістігін бейімдеу бойынша «Музей бәрі үшін» меморандумы аясында Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінде көруі жағынан мүгедектігі бар жандарға арналған «Қарағанды тарихы. Қолыңызбен ұстауға болады!» тақырыбында көрме-экспозициясы басталды.
Көрмені облыстық тарихи-өлкетану музейі мен облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана ұйымдастырып отыр.
Бейімделген көрме барлық санаттағы келушілер үшін музей жәдігерлері мен бағдарламаларына тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін орта құру арқылы музейдің ақпараттық ресурстық базасын кеңейту, жастарды патриотизмге тәрбиелеу, ел тарихына қызығушылықты арттыруды көздейді.
Көрме-экспозиция тоталитарлық жүйенің қалыптасу кезеңіндегі өлке, Қарағанды облысының көмір бассейнінің қалыптасу залы, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қарағанды облысы, ХХ ғ. 30- 50 жылдарындағы қазақ зиялыларының саяси қуғын-сүргіні, 1946-1980 жылдар аралығындағы Қарағанды және Қарағанды облысы, Қарағанды – ғарыш айлағы сынды 6 залында ұсынылады.
Шара 2021 жылдың 23 маусымы мен 3 шілде аралығында өтеді.
Жәлел ШАЛҚАР.