Сауалнама салмағы — арға сын

Тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес пәрменді жүргізілгенімен, одан әлі де болса арыла алмай келе жатқанымыз рас. Мәселен, қаладағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері арасында жүргізілген жасырын сауалнама нәтижесі осыны көрсеткен. Болашақ мамандар оқып, «көз майларын тауысқаннан» гөрі, пара беру арқылы шаруаларын жылдам әрі оңай шешуді қалайды.

Сауалнаманы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаменті Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ, ҚарМТУ, Қарағанды экономикалық университеті және «Болашақ» академиясы студенттерінің арасында жүргізген. Сондай-ақ, бұл тізімде қаладағы 11 колледж де бар. Сұрақтар 5 балдық шкала бойынша бағаланған, яғни, 5 балл жемқорлықтың жоғары деңгейде екенін көрсетсе, 1 балл оның жоқтығын көрсетеді. Нәтижесінде Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ көш бастаса, «Болашақ» академиясы екінші, ал, ҚарМТУ үшінші орында. Тіпті, студенттер арасында «жемқорлықсыз мүмкін емес» деген түсінік қалыптасқан. Сауалнамаға қатысқан ҚарМУ студенттерінің 6,0%-ы, «Болашақ» академиясы студенттерінің 1,0%-ы осындай пікірде.

Дегенмен, студенттердің 95%-ы сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келмегенін айтса, 5%-ы аталған фактіні жоққа шығармайды. Сондай-ақ, талдау 142 адамның жемқорлық фактілері туралы хабарлауға дайындығын көрсетсе, 114 адам оны жасырын түрде хабарлау дұрыс дейді, ал, қалғандары жасырып қалуды жөн санаған.

Сауалнама жүргізілетін оқу орындары мен ондағы студенттер арнайы дайындықсыз, кездейсоқ таңдалды. Сондықтан, жауаптар нақты әрі ешқандай дайындықсыз берілді. Осындай жасырын сауалнаманы жазғы сессия уақытында да жүргізетін боламыз, – дейді Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Бауыржан Құсайынов.

«Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының басшысы Мәлике Күсенбаева «Жоғары білім жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа кім себепші?» деген сұраққа 126 адам оқытушылардың өздері десе, 94 адам студенттер де, оқытушылар да деген жауапты таңдаған, ал, ең қызығы – 19 адам «ЖОО әкімшілігі» деп жауап бергенін айтады.

– Сұрақтың «Сыбайлас жемқорлық – өмірдің ажырамас бөлшегі» деген жауабы таңдалмағаны қуантады. Дегенмен, студенттер 4 мың теңгеден астам сыйлық беру жемқорлыққа әкелетінін түсінеді. Ал, кәмпит, гүл, спирттік ішімдік сыйлау жемқорлыққа әкелетіні туралы түсініктері жоқ. Бұл әлі де жемқорлық туралы білімдерінің жеткіліксіздігін көрсетеді, – дейді Бауыржан Құсайынов.

Сонымен, сауалнама нәтижелері студенттердің «бара бермей, пара бер» деген қағиданы жоққа шығармайтынын көрсеткен. Тіпті, бақылау сұрақтарын, курстық жұмыстарды ақшасын беріп, оқытушылардың өздеріне жаздырып алу жағдайлары орын алғанын айтады. Тіпті, мұндай қызметтерді оқытушылардың өздері ұсынады екен. Сауалнамаға қатысқан студенттердің 40 пайызының жауабы – осындай.

Салтанат ІЛИЯШ