Руханият

Сауабы сансыз сапар

Бұл сапардың сауабы сансыз болатындығы – 25-28 қыркүйек аралығында Бұқар жырау аудандық мәслихатының төрағасы Асхат Әлиев бастаған делегация Түркістан облысының Қарнақ кентіндегі Шаммат ишан атындағы медресеге (қазір мұражай) барып, онда 1702-1723 жылдары ұстаздық еткен Бұқар бабамызға ескерткіш тақта орнатып, оның мұражайын ашып, сол жерде аруағына арнап ас беріп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне мінәжат етіп қайтқаны.

Делегация құрамында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Байғожин, осы ауданның мәдениет бөлімін 30 жыл басқарған Мүгілсім Шибаева, айтыскер ақын Айтбай Жұмағұл, жергілікті бұқартанушы Қалиасқар Шыныбектегі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы Ернар Кейкин, аудандық мәслихат депутаты, Бұқар жырау атындағы қоғамдық қор төрағасы Амантай Әкішев, «Аманат» партиясы облыстық бөлімшесінің саяси бөлімінің меңгерушісі Нұрсұлтан Мейрамұлы, «Зерде» бейнемобилінің қызметкері Жанұзақ Мәкішев болды. Оған Қали Байжанов атындағы облыстық филармонияның «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің өнерпаздары мен облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері қосылды.

Негізі, бұл мәселені көптен көтеріп жүрген Амантай Акишев бауырымыз болатын. Ол тарихшы Жамбыл Артықбаев, жазушы Мұхтар Мағауин, тағы да басқа зерттеушілердің еңбектерінен Бұқарекеңнің Бұхарадағы Көкілташ медресесін бітіргеннен кейін Қарнақ медресесінде шәкірттерге сабақ бергені жайлы деректерді оқып, оның есімін ұлықтауды ойлаған. Сол мақсатпен биылғы маусым айында сонда сапар шегіп, Ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын ақпараттық құндылықтардың біразын орналастырып келген көрінеді.

– Ал, бұл жолғы аттанысымызға облыстық және өзіміздің аудандық әкімдіктер, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов қолдау танытып, көп көмек көрсетті, – деген еді Асхат Сағадиұлы.

Сонымен, 25 қыркүйекте Қарағандыдан жайлы автобуспен жолға шыққан біз 1500 шақырымды артқа тастап, ертеңінде дәл сол уақытта Мағжан жырлаған Ер Түріктің бесігі – Түркістан қаласына маңдай тіредік. Облыс орталығына айналғанына көп болмаған көне де жаңа шаһардың көрінісі керемет. Айнала самаладай жарық. Көпқабатты үйлер мен небір әсем ғимараттар бой көтерген. Онсыз да жасыл қала ағаш желегі мен сан алуан гүлге көміліп тұрды.

Бұл күні Түркістаннан 30 шақырым жердегі Қарнақты бетке алғанбыз. Қазір де Кентау қаласының аумағына кіретін Қарнақ кентінің тарихы тым тереңде. Заманында бұл білім мен ғылымның ошағы болып, мемлекет қайраткерлерінің балалары мен болашақ елшілерді даярлайтын іргелі орталық болған екен. Тіпті, атақты тайқазан да осы арада құйылыпты. Соның куәсіндей кентке кіреберісте қоршалған ескі қаланың орны жатыр. Бір кезде мұнда 6 медресе, 26 мешіт болған көрінеді. Солардан қалғаны Шаммат ишан атындағы медресе екен. Іргетасы 1786 жылы қаланған ол 1924 жылға дейін шәкірттер оқытып шығарған да, мұражайға айналған. Бұқар бабамыз тап осы орында ұстаздық етті ме, белгісіз. Әйтсе де, осы жерде оның табанының ізі қалғаны анық. Оны айтасыз, Шортанбай жыраудың да Қарнақта туғанын осы жолы білдік. Бізге осыдан хабар берген мұражай меңгерушісі Әнуар Мирзоев өздеріндегі үш мыңнан аса жәдігердің тағы толыға түскеніне қуаныш білдірді.

Қарнақтағы салтанатқа Астанадан сенатор, академик Алтынбек Нұхұлының арнайы ұшып келуі де мәртебемізді бір көтеріп тастады. Ол қашанда исі қазаққа ортақ тұлғаларымызды дәріптеп, ұлықтау ісіне атсалысып, өзі басы-қасында жүреді. Бұқар бабамыздың ескерткіш тақтасын ашу құрметі осы Алтынбек Нұхұлы мен жер иесі, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовқа берілуі де сондықтан. Одан әрі жиналғандар Бұқарекеңе ашылған мұражайды барып көріп, онда қойылған жәдігерлер, әр жылдары шыққан кітаптары, ол туралы зерттеу еңбектерімен танысты. Содан кейін жұрттың назары облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Ержан Нұрмағанбетов бастаған қызметкерлерінің жайма көрмесіне ойысты. Қарнақтықтар одан біздің өлкеміздің тарихы, мәдениеті мен әдебиеті туралы құнды мәліметтер алды деуге болады.

Келесі кезекте Бұқарекеңе арналған шара далалық сахнада жалғасты. Сахна төріне көтерілген Оңтүстік өңірдің абыз ақсақалы, белгілі жазушы Құлбек Ергөбеков Алтынбек Нұхұлына Түркістан облысы әкімдігінің атынан құндыз бөрік пен қамқа тон кигізді. Өз кезегінде Асхат Әлиев те Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов, Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбайұлы, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай қорығының директоры Мәулен Садықбекке, тағы да біраз адамдардың иығына шапан жауып, оларға облысымыз бен өз аудан әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Ал, концерттік бағдарламаның шымылдығын белгілі айтыскер ақын Айтбай Жұмағұл арнау өлеңімен ашып, әншілеріміз Құрмаш Ыбышев, Ришат Шәбденов, Гүлмира Тапай әннен шашу шашса, Қалиасқар Шыныбектегі Бұқар жыраудың «Қызыққа тоймас адамзат» толғауын өзі шығарған әуенімен орындады.

Ұлағаты мол шара соңынан жерлестеріміз Бұқар жырау қоры атынан Қарнақ мейрамханасында дастарқан жайып, Бұқар бабамызға ас беріп, аруағына дұға оқытты.

Қайтар жолымызда Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне соғып, сонда жатқан аруақты бабаларымыздың рухына дұға бағыштап, тәу еттік.

Жалпы, бұл жолы Бұқар бабамыздың ұлықтау арқылы Қарағанды мен Түркістан облыстары арасында мәдени байланыс орнағандай болды. Енді осы игі іс жалғасын тауып, Бұқарекең туып-өсіп, оқыған Өзбекстанның Бұхара қаласына баратын делегация жасақталуда. 

Ержан ИМАШ,
ТҮРКІСТАН облысы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button