Бас тақырып

«SARYARQA» салтанаты

«SARYARQA» телеарнасы – «QAZAQSTAN» республикалық телерадиокорпорациясының өңірдегі қосыны. Аймақтың басты арнасына – 65 жыл. Бұл айтулы күнді арна ұжымы әріптестер, телевизия ардагерлері ортасында қарсы алуды ұйғарды.

Мерейлі шараға «QAZAQSTAN» телерадиокорпорациясы Басқарма Төрағасының орынбасары Еркін Мұхамеджанов арнайы келіп, Басқарма Төрағасы Ләззат Танысбайдың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, телерадиокорпорацияның дамуына қосқан үлесі және шығармашылық жетістіктері үшін директордың орынбасары – Бас редактор Жәнібек Садықанов, режиссер Қызжібек Балтабай, 3D анимациядағы компьютерлік графика бойынша дизайнер Асылбек Құрманғалиев, бейнемонтажерлар Маржан Асқарбекова, Елена Семенова, инженер-энергетик Сергей Круглов, аға жүргізуші Арғын Әбдікәрімовқа «Құрмет» грамоталарын табыстады.

Аймақ айнасына айналған арнада 30-40 жылдан астам абыройлы еңбек етіп, тағдырын телеарнаға арнаған ардагер қатарында эфирдегі елдің келбетіне айналған, көпшілік көрерменнің есінде сұлу жүзімен, сыңғыр үнімен сақталған Галина Рахымова, белгілі журналист Майя Привалова тебірене сөз сөйледі.

Қарағанды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов Жаңа Қазақстандағы қоғамды құруға қосқан үлесі үшін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың атынан аға телеоператор Қайрат Әлиев, суретші-декоратор Ольга Безугловаға Алғыс хат тапсырды.

Өз кезегінде сөз алған телеарна басшысы Берік Дүйсетаев ұжымға ақжарма алғысын жеткізді.

Телеарнаның ұжымы кәнігі кәсіби мамандардан жасақталған. Арнаның 36 қызметкері облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығымен, тағы ондаған еңбеккер «Құрмет» грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталған. Жыл сайын шығармашылық топтар түрлі министрліктер мен ведомстволар өткізетін байқаулардың жеңімпаздары атанып жүр. Барлық қызметкерлердің жоғары білімі, теңдессіз жұмыс тәжірибесі және мақтау­-марапаттары бар.

Мәселен, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісін 2006 жылы Қазақстанға танымал құрметті журналист, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Галина Балбекова иеленгені, ал төсбелгіні тау-кен ісінің генералы Григорий Презент табыстағаны жұрттың есінде. Кәнігі журналист 20 жыл бойы «Шахтерский канал» бағдарламасының циклін жүргізген еді. Бір сүйінерлігі, осы жолы Григорий Презент ардагер журналистке ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісін табыстады.

Қазақстан Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалының бұрынғы төрағасы, белгілі журналист Владимир Рыжков қазақстандық журналистиканың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісімен телеарна редакторы Әшімхан Жәмпейісов, отандық журналистиканың дамуына қосқан елеулі үлесі және көп жылғы жемісті еңбегі үшін Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен редакторлар Ботабек Тілегенов, Зульфира Каскированы марапаттады.

«Saryarqa aqparat» медиахолдинг директоры Қайрат Әбілда қазақ телевизия­сының қарашаңырағын мерейтойымен құттықтап, ақпарат айдынындағы әріптес­терге зор денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі.

Қарағанды телевизиясының бастау­ында тұрған ардагер таспагер Мейрам Қабдуллин, қазақ телевизиясының қара нары Әли Тойжігіт жылы естеліктерімен бөлісті.

Мерекелік іс-шараға мейлінше қолдау көрсеткен серіктестер «Қазақмыс» корпорациясы мен ЮТАРИЯ ЛТД компаниясына арна ұжымы алғысын жеткізіп, өркендеу тіледі.

Осынау уақыт аралығында арна ұжымы туған өлкенің тарихи телешежіресін таспаға басты. Жарты ғасырдан астам зымыраған уақыт ішінде көп дүние өзгерді. Телевизия да жаңарып, жаңаша қалыпта жаңғырды. Озық технологиямен жабдықталды. Дегенмен, бір нәрсе өзгеріссіз қалды. Ол – әлі де өзінің негізгі мақсатына адал ұжым, объективті түрде ақпараттандыру және ағарту.

Кез келген телеарна өзінің әнұранымен мақтана алмасы кәдік. «SARYARQA» салтанатының соңы бір кездері композитор Әлібек Салықов жазған арна әнұранымен түйінделді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button