Басты тақырыпОблыс әкімі

Сарыарқадағы достық салтанаты

      1 мамыр – Қазақстан халқының Бірлігі күні Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында «Мәңгілік Ел – Қазақстан!» атты театрландырылған мереке өтті. Бірлік пен татулықты ту еткен шырайлы шараның қызығын біз де тамашалап қайтқан едік.

Осы күні аймағымыздағы айтулы мерекелерді орталық саябақта атап өту дәстүрге айналды. Оған – Ұлыстың Ұлы күні өткізілген шараны тілге тиек етсек те жетерлік. Бұқар жырау даңғылын жауып, тұрғындарды әбігерге салмаудың жолын тапқан облыс басшылығының бұл бастамасын қала тұрғындары шын ықыласпен қабыл алды. Әдеттегідей саябақтағы көл жағалауына сәнді сахна тігіліп, үлкен экран қойылыпты. Ел болып тойлаған татулық мерекесіне қарағандылықтар да көптеп жиналды. Күннің салқындығына қарамай, саябақ төрінен табылған қалың жұртшылық – соның дәлелі.

Үлкен экранда қалтқысыз қызметімен Қарағанды облысының атағын алты құрлыққа жайған түрлі ұлт өкілдерінің, қоғам, мәдениет қайраткерлерінің құттықтауы көрсетіліп, шара «Бейбітшілік ұялаған – Бәйтерек» атты прологтан басталды. Онда Қазақстан халқының бірлігін, ұлтаралық келісім мен достықты нығайтудағы қазақ халқының ролін, ұрпақ сабақтастығы мен ел болашағын бейнелейтін елімізде тұрып жатқан түрлі этностардың мәдени дәстүрлері үйлесім тапты. Сахна алаңына «Улыбка», «Трикси», «Асыл», «Коралл» ансамбльдерінің түрлі-түсті киім киген 100 бишісі шығып, көрерменге «Ақ жол» пластикалы-хореографиялық композициясын ұсынды. Бұл кезде сахнада қазақ киімін киген «Аққу» мен «Сырғалы» ансамбльдері аталған композицияның ажарын кіргізіп тұрған еді. Бұдан кейін, сахна алаңына қазақ, орыс, ұйғыр, кәріс, татар, украин, армян, өзбек, моңғол, молдаван, түрік халықтарының ұлттық киімдерін киген «Волшебная страна» ансамблінің бишілері жетіп, «Аялы Алақан» биін қойды. Сол сәтте сахна төрі мен алаңынан қолдарына гүл ұстаған «Әсел» балалар ансамблінің 15 қатысушысы мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері табылды. Бір шаңырақ астында берекелі ғұмыр кешіп жатқан сан ұлыстың бейбіт өмірі, татулығы мен түсіністігі, келісімі мен жарасымы, міне, осындай ғажап қойылымның ауқымында айғақталды.

– Құрметті жерлестер, бүгін ерекше күн – татулықтың, бірліктің күні. Қазақстан халқының Бірлігі мерекесін сіздермен бірге қарсы алып отырғаныма өз басым өте қуаныштымын. Биыл біз бұл мерекені ерекше мәнді етіп атап өтіп отырмыз. Еліміз – жүйелі жаңғыру, қоғамдық жаңару жолына түсті. Кеше ғана Елбасының қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтті. Ел тағдыры мен әрбір қазақстандықтың жарқын болашағы жайында Елбасымыз маңызды әңгіме қозғады. Президент сол сессияда тұрақтылық – тұғырымыз, бірлік – байлығымыз, жаңғыру – жарқын жолымыз екенін атап өтті. Бұл – бүгінгі күннің ақиқаты, бұл – біздің жарқын болашағымыз. Осы жылы үлкен табыстарға бірге қол жеткізетінімізге сенімдімін. Бүгін Қарағанды облысының барлық аудан, ауылдарында, барлық қалаларында мерекелік іс-шаралар өтуде. Мен осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық жерлестеріме бақ-береке тілеп, мерекесімен құттықтағым келеді, – деді аймақ басшысы Ерлан Қошанов.

Шараны әрі қарай, дәстүрлі «Достық шаңырағы» атты ХХІІ облыстық ұлттар мәдениет фестивалі жалғастырып, оған облысымыздың Абай, Осакаров аудандары мен Жезқазған, Саран, Теміртау, Шахтинск, Сәтбаев, Қарағанды қалаларынан келген 28-ден астам этномәдени бірлестік қатысты. Сонымен бірге, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен Қарағанды қаласының көркемөнерпаз ұжымдарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button