Жаңалықтар

«Сарыарқа барысы» – мықтылар бәсекесі

«Сарыарқа барысы» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін өтетін «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінің Ұлытауда өткен облыстық іріктеу кезеңінде белгілі болды. Бұрын облыс орталығында өткізіліп келген дүбірлі дода биыл бірінші рет алыстағы ауданда жалауын желбіретті.

Бас төреші Абай Үмітбаев бастаған төрешілер облыстың 9 қаласы мен 9 ауданынан келген 187 балуанның қабілет-қарымы мен біліктілігін тоғыз салмақ дәрежесі бойынша безбендеді.

  • Боз кілемнің талай шаңын қаққан білекті жігіттердің: «Жеңбесек те, жауырын қасиетті Ұлытаудың жерін иіскесе!» деген тілегін жеткізгенімде, аудан басшылығы бірден қолдады. Әрине, балуандарды қосқанда, ұзын-ырғасы екі жүз елудің үстіне шыққан қонақты ойдағыдай күту – оңай шаруа емес. Көп болып жұмылып, көңілден шығатындай қызмет көрсетуге күш салдық. Аудан азаматтарына алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Марат Оразалин.

Бірінші күні қос кілемде қатар ұйымдастырылған жекпе-жек барысында ақтық белдесуде бақ сынайтын балуандар анықталды. Қызықты кездесудің көкесі келесі күні болды. Бастапқы күні көңілінен шыққан балуанын «меншіктеп» үлгерген жанкүйерлер ол боз кілемге шыққанда тілектестік танытып, мәре-сәре болды да қалды. Қорытындысында жеңімпаз деп танылған Бектас Қаппар (Қарағанды), Серік Қуанбай (Осакаров), Батырхан Төлеуов (Осакаров), Едіге Сыздықов (Қарқаралы), Мәрлен Жанғабыл (Қарағанды), Ақсұңқар Нүркеев (Жаңаарқа), Ерқанат Молдағұлов (Бұқар жырау), Сержан Бейсенбаев (Осакаров) өз салмақ дәрежесінде көш бастады.

Жаныққан жанкүйерлер «Сарыарқа барысы» атанып, республикалық «Қазақстан барысы» турниріне жолдама алатын алыптар белдесуін асыға күткені анық еді. Оған Балқаш, Қаражал, Шахтинск қаласы мен Абай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Осакаров, Нұра, Шет ауданынан 12 балуан қатысты. Ортаға шыққан олардың арасында осалы жоқ екен. Сондықтан, атақ-даңқын атап шығудың өзінен саналы түрде бас тарттық. Оған ешкім өкпелей қоймас?!

Сонымен, кім «Сарыарқа барысы» атанды? «Қола белбеу» ІІІ орын алған жаңаарқалық Ақсұңқар Нүркеевке бұйырды. «Күміс белбеуді» ІІ орынды иеленген қарқаралылық Ерсін Мұхамбетжанов еншіледі. Ал, «Алтын белбеуді» белдескенде бет қаратпаған нұралық Бекзат Ахметбеков алды. Оларға марапат пен тиісті мөлшердегі ақшалай сыйақыны қазақ күресі облыстық федерациясының вице-президенті Айдос Ақшонтаев, облыстық «Жас сұңқар» олимпиадалық спорт мектебінің директоры Қайдар Қанжанов, Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар тапсырды.

— Турнир өткізу жөнінде түскен ұсынысты қызу қолдауға бірнеше себеп түрткі болды. Соның басты-бастысына тоқталайын… Басқа жақта өткен турнирге әрі кеткенде үш адам жіберер едік. Мынаған 18 балуан қатысты. Аудандық спорт мектебінің шәкірттерін көрермен қатарына отырғызып қойдық. Екі күнгі «ашық сабақтан» олар көп нәрсе көңілге түйгені сөзсіз. Осының өзі – үлкен олжа! – дейді аудан әкімі. Ойлануға тұратын тиянақты тұжырым.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button