АймақАқтоғай

Сары қымыз сапырған Сарытерек

Ақтоғай ауданы Сарытерек ауылдық округінде «SAQ NS» шаруашылығында қымыз өндіретін цех ашылды. Салтанатты шараға аудан əкімі Руслан Кенжебеков қатысып, ауыл тұрғындарын құттықтады. Аймақтың əлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жатқан кəсіпкер Нұрым Мұхамедиевке ризашылық білдіріп, Құрмет грамотасын табыстады.

Жобаның негізгі бағыты – қымыз өндіру. Серіктестік бүгінде шаруасын дөңгелетіп, табысын еселеп келеді. Дəмі бал татитын қымызына деген сұраныс тіптен көп. Арнайы тапсырыспен алдыратындар да жетерлік. Қазір серіктестік жалпы саны 200 сауын биеден күніне 1000 литр қымыз алып отыр. Алдағы уақытта бие басын көбейтумен қатар, ет өнімін шығаруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, сиыр сүтін өндіріп, өткізу мақсатында «Natige» ЖШСмен меморандум жасалған.

Шаруа жайымен бізді осы иеліктің басшысы Нұрым Сейілханұлы таныстырды. Жоғарыда жоспарланған бағдарламаның біразының іске асқанын көрдік. Қымыз өңдеу цехын аралағанда, кішігірім зауытты көргендей болдық. Сауылғаннан бастап, құтыға құйылып, дүкенге түсетін қымыз тауарға айналғанға дейінгі процесті қамтитын үлкен жүйе – неміс технологиясына сүйенеді екен. Адамның араласуын қажет етпейтін, айнадай жарқыраған өңшең автоматты құрылғылар. Қымыз толтырылатын заманауи күбі де автоматты түрде жұмыс істеп тұр. Шаруашылықтың бие сауудағы бір ерекшелігі бұрынғыдай құлын салып идіріп, уақыт жоғалтпайды. Алдына жем қойылған орынға кіргесін, сауыла береді. Осылайша, бие күніне бес рет сауылады. Одан əрі сүт қымыз ашытылатын арнайы ыдыстарға құйылады.

– Халқымыз жеті атасы ішкен жеңсік асы қымызды жақсы көреді. Осы жерде қымызды барлық бабымен пісіп, автоматты түрде бір жарым литрлік ыдысқа құяды. Саудаға шығаруға дайын күйінде қорап қағазға түседі. Бағасы да қымбат емес, қалтаға салмақ салмайды. Тап осы технологиямен сиыр сүтін де өңдеп, құтыға құюға болады. Қымызды халықаралық нарыққа шығарып, əлемге таныту үшін жаңа технологияларды қолданып отырмыз. Кəсіпкерлерді қолдайтын мемлекеттік бағдарламалардың болғанына қуаныштымыз. Көштен қалмайық десек, қымыз өндіру цехында жоспарланған игі бастама сөз жүзінде қалмай, жүзеге асса деген тілек бар, – дейді «SAQ NS» шаруашылығының басшысы Нұрым Мұхамедиев.

Айта кетейік, бұл жылқы шаруашылығымен атағы шыққан аудандағы алғашқы қымыз цехы. Болашақта Сарытеректің сары қымызына деген сұранысты арттыру мақсатында бірқатар жұмыстарды жоспарлап отыр.

Нұрдос КƏРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button