Бас тақырып

Баланы балабақшаға не мектепке беретін уақыт келгенде ата-аналарға push-хабарлама жіберілмек

Биыл желтоқсан айында баланың туғанынан бастап 18 жасқа дейінгі кезеңін қамтитын цифрлық маршрут платформасы іске қосылуы тиіс. Ол медицина, әлеуметтік қорғау және білім беру салаларындағы қызметтерді бір жүйеге біріктіреді, деп хабарлайды Оrtalyq.kz Inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Сурет ЖИ

Құрылтайда өткен Үкімет сағатында депутат Гүлістан Нақбаева жаңа платформа ата-аналарға қажетті мемлекеттік қызметтерді бір жерден алуға мүмкіндік беретін «бір терезе» форматы бойынша жұмыс істейтінін атап өтті.

– Бала өмірінің траекториясы толық көрініп тұруы үшін әлеуметтік қорғау жүйесін басқа мемлекеттік органдармен және өңірлермен интеграциялау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Сондай-ақ, eGov Mobile базасында іске қосылатын цифрлық маршрут проактивті форматта жұмыс істей ме? Мәселен, жүйе ата-аналарға балабақшаға жолдама алу, мектепке қабылдау, үйірмелерге жазылу немесе медициналық тексеруден өту қажеттігін автоматты түрде ұсына ала ма?, – деп сұрады депутат.

Депутаттың бірінші сауалына жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықбаев бұл бағыттағы жұмыс үш кезең бойынша жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

Бірінші кезеңде министрлік пен жергілікті атқарушы органдар көрсететін мемлекеттік қолдаудың 13 түрі толық цифрландырылған. Бұған дейін қағаз түрінде рәсімделген қызметтер қазір электронды форматқа көшірілген. Вице-министр мамыр айынан бері осы қызметтер бойынша 35 мыңнан астам өтінім түскенін жеткізді.

Екінші кезеңде орталық мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін өзара интеграциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, оқу-ағарту министрлігінің желісі бойынша қаржылай көмек, тегін тамақтандыру және балаларды жазғы лагерьлерге жіберу қызметтері цифрлық жүйеге енгізілген.

– Желтоқсан айына дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан көрсетілетін тегін тамақтандыру және жатақхана беру қызметтерін интеграциялауды аяқтаймыз. Осылайша, бірыңғай цифрлық платформада балаларға берілетін көмек толық қамтылады, – деді Бахтияр Жазықбаев.

Вице-министр тағы бір маңызды бағыт ретінде ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауды атады. Қазір осы мәселеге қатысты заң жобасы әзірленіп жатыр. Техникалық жұмыстарды келесі жылдың бірінші жартысында жүргізу жоспарланған.

Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин eGov Mobile қосымшасында балаларға арналған мемлекеттік қызметтерді бір бөлімге біріктіру жұмыстары жүріп жатқанын мәлімдеді.

– Біз барлық қызметті бір жерге жинақтайтын арнайы бөлім жасап жатырмыз. Әрине, оларды барынша ыңғайлы әрі проактивті етуге тырысамыз. Мысалы, баланы балабақшаға немесе мектепке беру уақыты келгенде ата-аналарға eGov Mobile қосымшасы арқылы push-хабарлама жіберіледі, – деді Ростислав Коняшкин.

Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button