Ермағанбет Бөлекпаев Бөкетов университетінің студенттерімен кездесті
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетіне келіп, жастармен еркін форматта жүздесті. Кездесу барысында өңір экономикасының бүгінгі тынысы мен алдағы стратегиялық бағыттары сөз болып, түлектердің еңбек нарығындағы мүмкіндіктері талқыланды.

Болашақ экономистердің басын қосқан жиында өнеркәсіпті ілгерілету тетіктері, инвесторларды қызықтыратын басымдықтар, сондай-ақ жол және инженерлік инфрақұрылым құрылысының жаңа жұмыс орындарын ашуға тигізер әсері кеңінен қаралды. Аймақ басшысы іске қосылған және жаңадан басталған жобалар негізінде облыстың өндірістік әлеуетіне тоқталып, жаңа кәсіпорындардың бой көтеруіне жасалып жатқан қолдау шараларын баяндады.

Сонымен қатар кездесуде жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесі көтерілді. Облыс әкімі студенттерге еңбек жолын бастау үшін мінсіз қызметті күтпей, алғашқы мүмкіндіктерді пайдаланып, бастапқы сатыдан тәжірибе жинақтауға кеңес берді.

– Өңірдің болашағы табиғи ресурстарға, зауыттарға, инвестиция мен мемлекетке ғана байланысты емес. Ең алдымен, оның дамуы адамдарға, сол жолда еңбек ететін азаматтарға байланысты. Ал бүгінгі жастар – ертеңгі өңір дамуына үлес қосатын буын. Сондықтан еңбек жолын кез келген жұмыстан бастауға болады, одан қорқудың қажеті жоқ. Ең бастысы – облыста қандай мүмкіндіктер бар екенін біліп, алған білімдеріңізді қай салада кәдеге жарата алатындарыңызды түсіну, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Бұдан бөлек, өңір басшысы студенттерге ой-өрісті кеңейтіп, кәсіби тұрғыда өсуге көмектесетін әдебиеттерді оқуды ұсынды.

Дәріс соңы сұрақ-жауап алаңына ұласты. Жастарды оқу бітіргеннен кейінгі еңбек перспективалары мен алдағы жылдары қай салаларда кадр тапшылығы болатыны қызықтырды.Мәселен, «Туризм» мамандығының 4-курс студенті Айнұр Каренова алты айдан кейін диплом алады. Ол шетелдік сапарларды ұйымдастырудан гөрі, отандық туризмді өркендетуге атсалысқысы келеді. Студент аймақ басшысынан облыста қолға алынған туристік бастамалар мен жас мамандарға берілетін мүмкіндіктер жөнінде сұрады.
Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш, Приозерск және Қарқаралы аймақтарында туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды таныстырды. Нақтырақ айтқанда, Балқаш көлінің жағалауында ірі инвестициялық жобаларға арналған инфрақұрылым тартылып, арнайы экономикалық аймақ құру ісі жүзеге асырылуда. Приозерскіде инвесторлар үшін 8 гектар жер учаскесі дайындалса, Қарқаралыдағы Бұғылы шатқалы болашағы зор туристік бағыттардың бірі ретінде аталды.
Кездесу барысында облыс әкімі Айнұрды облыстық туризм басқармасында тәжірибеден өтуге шақырып, нәтижесіне қарай жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
– Менің ойымша, Қарағанды облысында туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Өңірімізде экономикаға үлес қоса алатын демалыс орындары мен көрікті мекендер көп. Осы саланың өркендеуіне өз білімім мен күш-жігерімді жұмсауға дайынмын, – деді Айнұр.
Сондай-ақ шет тілдері факультетінің 4-курс студенті Дінмұхаммед Даниярұлы өндіріс орындарындағы жұмыс перспективалары мен Мемлекет басшысының Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясындағы мүмкіндіктерге қызығушылық танытты.

– Облыс әкімімен жеке кездесуді көптен бері армандап жүр едім. Бүгін сол мүмкіндіктің туғанына қуаныштымын. Мұндай жүздесулер студенттерге жігер беріп, болашаққа сеніммен қарауға, өз мүмкіндіктерін бағамдауға көмектеседі. Жастармен ашық пікір алмасу өте маңызды деп ойлаймын, – деді Дінмұхаммед.
Кездесу нәтижесінде студенттер өңірдің экономикалық бағдарымен жақынырақ танысып, оқу бітірген соң өз мамандықтары бойынша Қарағанды облысының қай салаларында еңбек ете алатынын нақтылады.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



