Бас тақырыпБілімЖаңалықтар

Көшелі көзқарастың көрсеткіші

Жастардың әлеуметтік көңіл күйі, өмірлік ұстанымы мен қоғамдық-саяси белсенділігі өңір дамуының көрсеткіштерінің бірі. Жас буынның бүгінгі сұранысы мен ертеңге деген үміті мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындауға негіз болады. Осы орайда облыста 2026 жылы жастар арасында жүргізілген кешенді социологиялық зерттеулердің қорытындысы айтылды.

Зерттеу жұмыстары биылғы сәуір-қазан айлары аралығында Қарағанды облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылды. Жобаны «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігі жүргізді. Негізгі мақсат – өңір жастарының қоғамдық-саяси көңіл күйін, әлеуметтік жағдайын, өзекті мәселелері мен құндылық бағдарларын зерделеу, сондай-ақ, зиянды әдеттер мен психоактивті заттарға қатысты көзқарасын анықтау.

Зерттеу барысында цифрлық және сапалық әдістер қатар қолданылды. Атап айтқанда, жаппай сауалнама, фокус-топтық талқылаулар және жастармен жұмыс істейтін мамандар арасында тереңдетілген сұхбаттар ұйымдастырылды. Мұндай кешенді тәсіл жастардың пікірін сандық көрсеткіштер арқылы ғана емес, олардың ұстанымдарының қалыптасу себептері мен әлеуметтік мәселелерге көзқарасы тұрғысынан да бағалауға мүмкіндік берді.

– Бұл жоба жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың бастамасымен бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Зерттеудің басты мақсаты – жастар арасында туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу, профилактикалық және білім беру бағдарламаларын жоспарлау, алдағы жұмыс бағыттарын болжау. Біз тек сауалнама жүргізумен шектелмейміз. Студенттермен, мектеп оқушыларымен, жас отбасылармен, сондай-ақ, жұмыссыз жастармен фокус-топтық кездесулер өткіземіз. Осылайша, зерттеуге тек белсенді әрі жұмыс істейтін жастар ғана емес, әртүрлі әлеуметтік топтар мен жас ерекшеліктеріне жататын азаматтар қатысады. Бұл бізге жастардың түрлі санаттарының пікірін ескеріп, олардың нақты қажеттіліктерін жан-жақты зерделеуге мүмкіндік береді, – дейді жоба үйлестірушісі Әлия Олжағалиқызы.

Жаппай сауалнама 14 пен 34 жас аралығындағы жастарды қамтыды. Зерттеу географиясына облыстың 13 әкімшілік-аумақтық бірлігі енді. Оның ішінде Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Приозерск, Саран және Шахтинск қалалары, сондай-ақ, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандары бар. Зерттеудің «Қазіргі жастар: жағдайды талдау» бағыты бойынша мамыр және қыркүйек айларында екі кезеңдік сауалнама жүргізілді. Екінші кезеңдегі іріктемелі жиынтық 960 респондентті құрады. Қайталама зерттеу нәтижесінде алынған көрсеткіштерді салыстырып, жыл ішінде жастардың қоғамдық көңіл күйінде болған өзгерістерді бақылауға мүмкіндік туды.

Зерттеу барысында жастардың ақпарат тұтыну дағдысында да елеулі өзгеріс байқалған. Әсіресе, әлеуметтік желілер мен интернет-платформалардың ақпарат таратудағы ықпалы күшейген. Осы үрдіске қатысты Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті тарих факультетінің ғылыми қызметкері, әлеуметтану магистрі Игорь Хлебников өз баяндамасында тоқталды.

– Зерттеу нәтижесінде назар аударуға тұрарлық бір үрдіс анықталды. Соңғы екі-үш жылда Қарағанды облысы жастарының ақпарат тұтынуында айтарлықтай өзгеріс болып, негізгі ақпарат көзі әлеуметтік желілер мен түрлі интернет-платформаларға ауысқан. Бұрын дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары, соның ішінде, интернет-басылымдардың сайттары сұранысқа ие болса, қазір олардың үлесі едәуір төмендеген. Жастардың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желілерден алады. Бұл – жастармен ақпараттық жұмыс жүргізудің жаңа мүмкіндігі. Егер осы платформалардың әлеуетін дұрыс пайдалансақ, оң нәтижеге қол жеткізуге болады, – деді Игорь Хлебников.

Ал, фокус-топтық талқылауларда жастардың өмір сүру жағдайы, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, әлеуметтік-экономикалық ахуал, мемлекеттік жастар саясаты, азаматтық белсенділік пен ақпараттық ортаға қатысты пікірлері кеңінен қарастырылды. Бұл формат сауалнамада толық ашыла бермейтін мәселелерді анықтауға жол ашты. Сарапшылармен жүргізілген сұхбаттар да зерттеудің мазмұнын толықтырды. Кәсіби қызметі жастармен жұмыс істеуге байланысты мамандар жұмыспен қамту, білім беру, әлеуметтік қолдау, мемлекеттік органдарға деген сенім, көші-қон ниеттері және ақпараттық мінез-құлық мәселелері бойынша өз бағаларын білдірді.

Зерттеу үш негізгі бағытты қамтыды. Біріншісі – қазіргі жастардың әлеуметтік ахуалы мен қоғамдық-саяси көзқарасын талдау. Екіншісі – психоактивті заттарды тұтыну мен таратуға, зиянды әдеттерге қатысты ұстанымдарын және олардың қауіп-қатерлер туралы хабардарлық деңгейін анықтау. Үшіншісі – жас буынның өмірлік басымдықтары мен құндылық бағдарларын зерделеу. Жиналған деректер өңделіп, жүйеленгеннен кейін зерттеудің әр бағыты бойынша талдамалық материалдар, қорытындылар мен ұсынымдар әзірленді. Бұл мәліметтер өңірлік жастар бағдарламаларын жоспарлау, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру және жастармен өзара іс-қимылды дамыту үшін маңызды негіз бола алады.

Жастар саясатының тиімділігі олардың қажеттіліктерін қаншалықты дұрыс түсініп, нақты мәселелеріне қаншалықты жауап бере алатынымен өлшенеді. Мұндай зерттеулер тек қоғамдық пікірді тіркеумен шектелмей, өңірдегі жастар саясатының алдағы бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button