«Парыз» сыйлығын табыстау қағидалары өзгерді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 12 қарашадағы Жарлыққа қол қойып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсын өткізу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

Жаңартылған құжатқа сәйкес, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізген, қызметкерлерге лайықты еңбек жағдайын жасап, олардың әл-ауқатын арттырған үміткерлерге Қазақстан Республикасы Президентінің «Парыз» арнайы сыйлықтары табысталатыны нақтыланды.
Сонымен қатар, конкурстың ең жоғары наградасы – Гран-при мәртебесі енгізілді. Бұл марапат корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын жүзеге асыруда, еңбек қызметінде айрықша жетістіктерге қол жеткізген үміткерлерге екі санат бойынша берілетін болады. Бірі – «Ірі кәсіпкерлік субъектісі», екіншісі – «Шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі» номинациясында табысталады.
Жарлық 2026 жылғы 16 қарашадан бастап күшіне енеді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



