Аймақ

Сарандағы салтанат

Биыл еліміздегі байырғы оқу орындарының бірі Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжіне 100 жыл толды. Мерейтой салтанаты Саран қаласының Кеншілер мәдениет үйінде өтті. Атаулы күні ҚР Білім министрлігі, облыстық білім беру басқармасы, әлеуметтік серіктестер және колледж директорлары кеңесі атынан құттықтаулар айтылды.

Құрылуының басы-қасында Қазақстанның алғашқы математигі, профессор Әлімхан Ермеков жүрген оқу орнының тарихы бай. Әуелде Қарқаралы уездік қазақ педагогикалық техникумының ашылуынан бастау алған ол 1949 жылы Қарағанды облысының педагогикалық училищесімен біріктіріліп, 1952 жылы Саран жұмысшы кентіне (қазір қала) қоныс аударған еді. Міне, содан бері 70 жыл өте шыққан екен.

Жаңа мекенге орын тепкен оқу орнына 1969 жылы 515 орындық көпқабатты оқу ғимараты мен жатақхана салынды. Бұдан кейін 1997 жылы ол Қарағанды химия-технологиялық колледжімен қосылып, Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі атанды.

Бүгінде Владимир Закомолкин басқаратын педагогикалық ұжым заман талабына сай алға басуда. Атап айтқанда, осыдан бірнеше жыл бұрын колледж Дүниежүзілік банктің электротехника мамандығы бойынша грантын жеңіп алып, соған сатып алған зертхана жабдықтары оқу үдерісін өндірістік жағдайларға жақындатуға жол ашты.

Осындағы көрермендер залы да заманауи интерактивті және мультимедиялық жабдықтармен жарақтандырылыпты. Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру бойынша құзыретті орталықтар құрылған. Колледж студенттері техникалық және педагогикалық бағыттар бойынша WordSkills кәсіби шеберлік байқауына да белсене қатысады.

Бүгінгі таңда колледжде Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстарынан күндізгі бөлімде 1400-ден астам студент білім алуда. 13 мамандық оқытылатын оқу орнына биыл 280 адам грантпен оқуға түскен. Сондай-ақ, мұнда қолданбалы бакалавриат бойынша да жас мамандар даярланады.

– Біздің колледж студенттері өңірдің білім беру, спорттық және мәдени өміріне де белсенді қатысып, тамаша нәтижелер көрсетуде. Мәселен, биылдың өзінде колледж командасы облыстық пікірсайыс турнирінде ІІІ орынға ие болып, студенттеріміз үстел теннисі, баскетбол және волейболдан облыстық жарыстарда жүлде алып жүр. Үш студентіміз WordSkills Karaganda – 2022 аймақтық чемпионатында дипломдармен марапатталды, – дейді Саран колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Аққу Мүфталова.

Сарандағы салтанат соңында осы оқу орнының ардагерлері мен келген қонақтарға мерейтойлық медальдар табысталып, сан байқаулар мен сайыстарда топ жарып жүрген тоғыз студент атаулы стипендияларға ие болды.

Ержан ИМАШ,

САРАН

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button