Жаңалықтар

Сапарбай ЖОБАЕВ, экономист-ғалым, сарапшы: «2022 жылда ел экономикасы қалпына келеді»

Жылдан астам уақыт індет дүние жүзін кезгелі әлем экономикасының да есі шыққаны мәлім. Өзара экономикалық байланыстағы елдердің ешбіріне оңай соқпағаны да анық. Жер шарын шарпыған дағдарыс Қазақстанды айналып өткен жоқ. Тынысты тарылтқан індеттен экономикада қандай із қалды? Елге белгілі ғалым, экономист, сарапшы, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай ЖОБАЕВ мырзамен ой бөліскен едік…

«Экономика өсімі – 5%-ға төмендеді»

– Әлем «Коронадағдарыс» деп ат қойған дағдарыс Қазақстан экономикасына қандай соққы жасады?

– Әрине, экономиканың өсуіне біраз кедергі келтіргені даусыз. Айталық, елде соңғы жылдары өсім 4-5% қамтамасыз етілген еді. Ал, 2020 жылғы жоспар да – 5% көлемінде-тін. Өкінішке орай, 2-4%ға төмендеді. Яғни, елдегі дағдарыстың кері әсері 7,5 пайызға жетті. Неге? Себебі, мынау іргеде тұрған алпауыт Қытай елінің экономикасы былтыр үш пайызға ғана өсті. Ол әр жылы кемі – 4, әрісі 6-7 пайызға артып отыратын. Бірақ, былтыр ондай көрсеткішке қол жеткізе алмады. Енді еуропалық мемлекеттерге келейік. Еуроодақ жұртында бұған дейін өсім 1-2% шамасында еді. Былтыр бұл елдердің экономикасы 7-8 пайызға төмендеді. Алайда, алғашқы кезде болжам 15% дескен-тін. Болжам расталмады. Дағдарыс – әлемдік дағдарыс. Әлемнің әр елін шарпыды. Біздің ел экономикасын 7,5 пайызға төмендетті.

– Қазақстан өткен жылы экономикаға қатысты сабақ алғанда, өзінің жаңа бағытын тағы бір айқындап үлгерді ме?

– Экономиканың бағытын Елбасы, билік осыдан 10-15 жыл бұрын айқын белгілеп берген. Экономиканың қай саласына басымдық беру қажеттігі анықталған. Шикізаттық экономикадан өңдеуші экономикаға өту мәселесі көтерілген. Содан бері индустриалдық-инновациялық даму негізге алынды. Мәселен, 2009-2014 жылы бірінші индустриалды-ииновациялық даму, одан кейінгі 2014-2019 жылғы екінші индустриалды-инновациялық даму, енді міне, үшінші кезеңі іске асырылуда. Осында біз әр саладағы – металлургиядағы, ауыл шаруашылығындағы, фармацевтикадағы, химия өнеркәсібінде өңдеуші кәсіпорындарға ден қойдық.

Сол себепті салалық өнеркәсіпті дамыту – негізгі басымдық. Неге? Өйткені, электроникада, цифрлы технологиямен өнім шығару Қазақстан экономикасы үшін таныс емес. Қолдан келмейді демеймін, бірақ, оған Қазақстан әлі бейімделе қойған жоқ. Ал, жоғарыда айтқан 7-8 бағытта нәтижеге қол жеткізе алдық. Солардың қатарына, енді машинақұрастыру қосылды. Мұнда біз айтарлықтай дәрежеге жеттік. Міне, кешегі уақыт осы бағыттарды және бір анықтады.

«2020 жыл дағдарысы – пандемиялық»

Өзіңіз білесіз, 2020 жылы тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, цифрлы технология қарқын алды. Себебі, бұларға сұраныс күрт артты. Мейрамхана, туризм, әсіресе, әуе көлігі біршама тұралады. Олар да алдағы уақытта көп кешікпей қалыпқа келеді.

– Бұлар қалыпқа келу үшін қанша уақыт керек?

– Әрқайсының мерзімі – әр түрлі. Мәселен, рұқсат берілген жағдайда, әуе тасымалы жарты жыл шамасында өзінің экономикалық ахуалын жақсартады. Ол анау айтқандай қиын, күрделі мәселе емес. Өйткені, бізде негізгі қор бар. Туризм де дәл сондай. Мейрамхана да рұқсат берілген күннен кейін көп кешікпей жағдайын түзеп аларына сенім зор. Кейбір тұралап қалған ірі салалар да бір жылдың ішінде өз-өзіне келіп, аяқ алысын түзейді.

Мұндай батыл болжамға Қытай экономикасы – дәлел. Қытай экономикасы қанша уақыт керектігін айқын көрсетті. Мысалы, Қытайда өткен жылы наурыз, сәуір, мамыр айларында экономика құлдырады. Ал, қазір бұрынғы қалпында. Еуропада алғашқы кезде «Экономиканың дамуы 3-4 жыл кейінге қалып қояды» деп үрейленген. Жоқ, олай болмады. Бүгінде мұнайдың баррелі – 70 доллардың үстінде тұруы көптеген өнеркәсіпке ықпал етіп, іркіліс алған салалар жандана бастады. Соған қарағанда, 2021 жылдың екінші жартысы мен 2022 жылдың ортасына қарай елдің экономикасы қалпына келеді.

– Бұл дағдарыстың бұған дейінгі дағдарыстан нендей айырмашылығы бар?

– Әлбетте, айырмашылығы айтарлықтай. Мысалы, 1998 жылғы дағдарыс – Азия экономикалық, қаржылық дағдарыс. Одан кейінгі 2007-2008 жылғы дағдарыс – Еуропалық несиелікқаржылық дағдарыс. 2015 жылғы дағдарыс – шикізат дағдарысы, мұнда мұнайдың баррелі 110 доллардан төмен түсіп кетті. 2020 жылғы дағдарыс – пандемиялық, карантиндік. Онда қаржылық немесе экономикалық негіз жоқ. Осыған дейінгі дағдарыста экономика минусқа кеткен емес. Ал, пандемиялық дағдарыста экономика минусқа кетті! Бар мәселе – осында.

– «Осы кезде Қазақстан экономикасының мүлт кеткен, немесе ұтымды жасаған қадамы» деп нені айтар едіңіз?

– Бұл сұраққа жауап беру – қиындау. Себебі, дүние жүзінде жасалған қадамды біздің билік атқарды десек, жөн болмас. Бірақ, биліктің халықтың әлауқаты төмендемеуі үшін жасаған оң қадамдары бар. Мәселен, 2019 жылы атаулы көмек беріле бастады. Ел азаматтарының 300 мыңға дейінгі несиелері мемлекет тарапынан жабылды. Алайда, ол азық-түлік бағасының өсуіне алып келді. 2019 жылы азық-түлікте инфляция 12 пайызға жетті.

2020 жылғы күрделі кезде 2 жарым миллион тұрғынға 42 500 теңге көмек берілді. Одан соң шағын және орта бизнесті үш жылға дейін салықтан босатты. Ірі бизнестерге де көмек жасалды. Мұның барлығы ұлттық қор арқылы іске асты. Ұлттық қордағы қаражаттың 10 млрд. теңгесі арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын бір қалыпта ұстап қалуға ықпал етті. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес құлдырап кетпеуінің алдын алдық. Меніңше, бұл – өте дұрыс қадам.

«Инфляция – 6-7 пайыз»

– Қазіргі уақытта инфляция неше пайыз, шындығында?

– Биыл, жалпы ел бойынша 6-7%. Әйткенмен, өкінішке орай, азық-түлікте 10-12% шамасында. Биыл зейнетақы қорындағы ақшаның елге берілуі де баспана нарығында бағаның шарықтауына әкеп соқты. Қарапайым тұрғындар үшін баспана қолжетімділігін төмендетіп жіберді. Үй бағасы күрт қымбаттап кетті. Әсіресе, солтүстік өңірлерде үй бағасы 30 пайызға көтерілді. Оңтүстік өңірлерде сәл азырақ. 10-15%. 2021 жылғы тұрғын үй бағасының өсуі – жасанды. Қарапайым халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін шектеді.

– Тұрғын үй бағасы алдағы уақытта төмендейді деуге негіз бар ма?

– Бүгінгі күнде тұрғын үй бағасының былтырғы бағаға түсуі күмәнді. Енді осы бағасында тұрақтап, одан әрі өсіп кетпесе де, жарады.

– Бұдан әрі Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?

– Қазақстан үшін 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспар бар. Әрбір саланың 2030 жылға дейінгі даму жоспары да дайындалған. 2025 жылға дейінгі инустриалдық-инновациялық дамуға да өзгерістер енгізілуде. Осылайша, 2025 жылға дейінгі өсімді қамтамасыз ететін жобаларымыз бар. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Белоруссия, Армения, Ресеймен қарым-қатынастағы экономикалық өсімді жоспарлаудамыз. Арадағы сауда-саттық пен ынтымақтастықты кеңейту көзделуде. Ежелден айтып жүрген басты мәселе – шикізаттан өңдеу саласына өтуге қатысты батыл жобалар іске асырылмақ. Қытаймен бірге интеграциялық бастамалар да баршылық.

Жол-көліктік жобалардың өзі де айтарлықтай. Мәселен, ҚарағандыБалқаш тас жолы секілді жобалар. Қарағандыдағы күн панельдері, Теміртаудағы экологиялық жобалар қолданыста. Ауыл шаруашылығына қатысты Қарағандыда озық жобалар бар.

«Салығы өзінде қалса, Қарағанды мықты облыс»

– Әңгіме Қарағандыға ойысты. Қарағанды экономикасының дағдарыстағы ахуалы туралы айтарыңыз бары анық…

– Қарағанды да басқа өңірлер секілді дағдарыстағы қиындықтарға, өзіне тән салаларда, металлургия, көмір өндіруде біршама кедергілерге ұшырады. Десек те, өзге аймақтармен салыстырғанда, Қарағанды экономикасы дұрыс бағыт алды. Қарағандыда өңдеуші салалардың үлесі – жоғары. Қарағанды – кезінде донорлық әлеуеті зор, бюджеті күшті облыстардың бірі болған. Қазір орталықтандырылған бюджет салдарынан донор емес. Негізгі салықтарды үлкен кәсіпорындардан орталықтандырылған бюджетке жинағаны үшін Қарағанды субсидия мен дотация алатын өңірге айналды. Бұл – Қарағандының салықтық әлеуеті төмен деген сөз емес. «Қарағандының салықтық әлеуетінің барлығы орталыққа кетіп жатыр» деген сөз. Егер де өңірлерге еркіндік беріп, өз салықтары өздерінде қалса, Қарағанды өте күшті облыстың біріне сөзсіз айналар еді.

– Қарағандының әлеуеті қандай сонда?

– Жалпы, менің ойым – Қарағандының экономикалық әлеуеті өте зор. Кейбіреулер «Қарағанды субсидия, дотациямен отыр» дейді. Олай емес. Субсидияның себебін жоғарыда айттым.

Қарапайым мысалмен айтқанда былай. Сіз екеуміз қатар жүреміз де, сіздің қалтаңыздағы барлық ақшаны мен аламын. Содан сіз сұрағанда ғана керек ақшаңызды беріп отырамын. Жағдай дәл сондай. Дегенмен, бұл – жаман саясат емес. Алайда, әр өңірге еркіндік көбірек берілуі тиіс. Жергілікті жерде қалатын салықтарды көбейтуге де мүмкінік табылады. Негізі, бұл – өте күрделі мәселе. Отыз жылдан бері шұғылданып келемін. Сондықтан да, бұл істе асығыстық та жүрмейді.

– Әңгімеңізге рахмет! Донор аталатын күнді асыға күтеміз!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button