АймақБас тақырып

Саны бар, сапасы жоқ

Балалар үшін ойнайтын алаң көбейгенімен, оның сапасы көңіл көншітпей тұр. Ойын алаңдарындағы қисайған әткеншектер мен бекітілмеген бағандар я төсеніштер оларды жазым қылуда. Жаздыгүні ойнап жүрген баланы жел ұшырып әкеткен оқиға ешкімді бейжай қалдырмаған еді. Құзырлы органдар шара қабылдап, ойын алаңының сапасын жаппай тексерген. Алайда, нәтиже шықты ма?
Күні кеше Әлихан Бөкейхан ауданында орнатылған жаңа ойын алаңында бала әткеншектен құлап, қолын сындырды. Қазір ол ауруханада жатыр. Ал бұған кім жауап береді?

Айтпағымыз, қаланың Әлихан Бөкейхан ауданында 15-шағынауданындағы үшінші, бесінші үй ауласына жаңа ойын алаңы орнатылған. Салынғанына бір ай болмаған алаңның әткеншектері әлден-ақ қисайып жатыр. Тұрғындар ойын алаңының сапасы сын көтермейтінін айтып шағымдануда. Тіпті, балалары сол жерде ойнап жүріп, жарақат алады екен. Баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-ана шыр-пыр болып, безек қағып, қайда барарын білмейді. Осы мекенжайда тұратын көпбалалы ана Тұмарай Айтуғанова 2-сыныпта оқитын баласының әткеншектен құлап, екі қолын сындырғанын, қазір ауруханада емделіп жатқанын айтты. Ана жүрегі қарс айырылып, баласының осындай күйге түскенін жеткізді.

– Ойын алаңының орнатылғанына бір ай да болған жоқ. Балам әткеншектен құлап, екі қолын сындырды. Қазір ауруханада ем алып жатыр. Тайғанақ, қапталы сынып кеткен ойын алаңында жарақат алған бала көп, – дейді Тұмарай Айтуғанова.

Ал, Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасары Берекет Жайназаров бұл ойын алаңының әлі пайдалануға берілмегенін айтты.

– 15-шағынауданы, 3, 5-үй мекенжайы бойынша балалар ойын алаңы «Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру» бағдарламасы аясында орнатылды. Ойын алаңы балалардың әртүрлі жастағы санаттарына арналған. Десе де, балалар ойын алаңының бұл нысаны әлі пайдалануға берілмеген. Белгіленген ойын элементтері бойынша өндіруші зауыттың сапа сертификаттары бар. Балалар ойын алаңын абаттандыру бойынша жұмыстарды аяқтау мерзімі шамамен 10 қазанға дейін, оны аяқтағаннан кейін аудан әкімінің аппараты пайдалануға беру жұмысын қарайды, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сонымен, пайдалануға берілмегенін балалар мен ата-аналар қайдан біледі? Неге қоршау қойылмаған? Осындай сан сауалдар көмейге кептеледі. Соңында жапа шегетіні – бала. Ал, құзырлы органдар өздеріне шаң жуытпайды.

Мұндай оқиғалар жиі. Балалар үшін ойнайтын алаңның көбейгені, әрине, жақсы. Қала әкімдігінің мәлімдеуінше, биыл қала бойынша 60 балалар ойын алаңы орнатылған. Оның 30-ы Қазыбек би ауданында болса, қалғаны Ә.Бөкейхан ауданына тиесілі.

– Қазыбек би ауданы бойынша орнатылған балалар ойын алаңының мердігері – «Strong Service» ЖШС. Қазіргі таңда барлық ойын алаңдарының негізін орнату жұмыстары аяқталды. 18 алаңның ойын элементтері орнатылды. Ойын алаңдарының сынған элементтері «Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары» бағдарламасы негізінде жөнделуде, – деп мәлімдеді Қазыбек би ауданы әкімдігі.

Әдетте, шағым ата-аналар тарапынан түседі. Жауапты мамандар ойын алаңының сапасына мердігер компаниялар жауап береді дейтіні кәдік. Өйткені, жазда баланы жабынмен бірге жел ұшырып әкеткенде де, пайдалануға берілмегенін алға тартып, мердігер компаниялардың салғырттығын сылтау еткен еді. Десе де, осы оқиғадан соң аудан әкімінің орынбасары жұмыстан қуылған-ды.
Баланың амандығы кім-кімге де аманат. Тек жауапсыздық жарға жығып, салғырттықтың салдары өкінішке ұрындырмаса игі.

Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button