Бас тақырып

Санақ сапаны саралайды

Мемлекеттің басты құндылығы – адам. Қай елдің адам капиталы жақсы болса, сол елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайы тұрақты. Санақ сол капиталды нақты білу үшін қажет. Яғни, елдегі халық санын, этникалық құрамын, күнделікті тұрмысын, әлеуметтік жағдайын біліп, соның нәтижесінде болашаққа бағдар жасайды. Себебі, санақ нәтижесі – алдағы жылдарға болжам жасап, жоспар құру үшін маңызды.

Тәуелсіздік алғалы елде 2 рет: 1999 және 2009 жылы халық санағы жүргізілді. Алғашқы санақ нәтижесінде халық саны 14 981 281 адам болса, он жылдан кейін 16 009 597 адамды құраған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2009 жылы 1999 жылмен салыстырғанда халық саны 1 миллион 27 мыңға өскен. Халықтың этникалық құрамы да өзгерген. Қазақтар саны 26%-ға, өзбектер 23%-ға, ұйғырлар 6,8%-ға өскен, ал, орыс, неміс, украиндар мен басқа да этностардың саны, керісінше, 15,3%-ға, 49,5%-ға, 39,1%-ға және 4,8%-ға азайған. Халық саны, ұлты мен жынысынан басқа, мекенжай, баспана жағдайы, этно-мәдени сипаты, білімі мен сауаттылығы, көші-қон, неке, туу, жұмыспен қамтылу, күнкөріс көзіне қатысты қарапайым сауалдар қойылады.

Қазақстан Республикасында халық санағын жүргізу үлкен дайындықты, ұйымдастырушылық пен әдістемелік жұмысты қажет етеді. Халық санағын жүргізудің дайындық кезеңінде бірқатар шаруа атқарылады. Мәселен, әкімшілік-аумақтық тізім мен олардың шекарасын нақтылау, көше атауы, үйлер нөмірін тәртіпке келтіру, картографиялық материал дайындау, облыс аумағын санақ бөлімдері, нұсқаулық және есеп учаскелеріне бөлу жұмыстары жасалады. Сондай-ақ, бұқаралық-түсіндірме жұмыстары, материалды-техникалық жабдықтау, санақ жүргізетін мамандарды іріктеу және оқытып үйрету қолға алған ісі нәтижелі аяқтаудың кепілі болмақ.

Бұл ретте санақ барысында жиналған барлық жеке ақпарат құпия болып қалатынын баса айтқым келеді. Ол тек қана жалпы деректер алу үшін пайдаланылады, – дейді ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Жанат Садықова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, санақ жүргізу кезінде бланктерді халық онлайн түрде толтыра алады. Қазірдің өзінде ұлттық санақтың екі кезеңде өтетіні белгілі болды. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында санақ sanaq.gov.kz сайты арқылы жүргізілмек. Бұл жауап берушілер үшін ыңғайлы. Кез келген уақытта, кез келген жерден жауап бере алады. Ал, мұндай мүмкіндігі жоқ қазақстандықтар үшін санақ алушылар арнайы келетін болады. Үй-үйді аралап, жауаптарын планшетке енгізеді. Санаққа қатысудың бұл мүмкіндігі бір мезгілде 1-30 қазан аралығында жүргізіледі деп жоспарланған. Санаққа Қазақстанның барлық азаматтары, соның ішінде, кәмелеттік жасқа толмағандар да, шет елде тұратындар да (шетелде уақытша немесе тұрақты тұратындар), елімізде уақытша немесе тұрақты түрде тұратын шетел азаматтары да қатысады.

Негізінде 2015 жылғы маусымда Біріккен ұлттар ұйымы 2020 жылы тұрғын үй қорын және кезекті халық санағын жүргізу керектігін жариялаған болатын. Мәртебелі ұйымның бұл ұсынысын назарға алған ТМД шеңберіндегі елдер басшылары бұл маңызды шараны 2019 жылғы қазаннан бастап 2020 жылғы қазан аралығында өздеріне қолайлы уақытта өткізу турасында уағдаласқан да еді. Осыған байланысты біздің елде кезекті халық санағы 2020 жылы жоспарланғанымен, пандемия себебінен биыл өткізілетін болды. Әрине, халықтың артқаны туралы жаңалық – жағымды. Жақында ғана өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІХ сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айналасы 3-4 жылда халық саны 20 миллионға жетеді деген сенім білдірді.

Кеңес Одағы ыдыраған кезде адамдар не істерін, қайда барарын білмей қалды. Елімізге келгендердің біразы кету туралы шешім қабылдады, «қаламыз» дегендері де болды. Біз кедергі болмадық, таңдау еркіндігін бердік. Қазақстаннан үш миллионға жуық адам кетті. Сол уақытта халқымыздың саны 14 миллионға түсті. Ал, бүгінде 19 миллионға жақындадық. 2025 жылы 20 миллионға жетуіміз керек деп тапсырма қойғанмын. Бұл көрсеткішке жетеміз деп ойлаймын, – деді ол.

Қалай дегенмен, санақ қай уақытта өтсе де оның көздейтіні бір нәрсе – халықтың хал-ахуалын бағамдау, демографиялық өсу көрсеткішін біліп, соған сәйкес бағдар жасау.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button