Ресми

Салмақты мәселе сарапталды

Бейсенбі күні облыс әкімі жанындағы мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өткізілді. Алқалы жиынды жүргізу тізгінін аталған комиссия төрағасының орынбасары, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Гүлнарайым Қаңтарбекова ұстады.

 Талап тұрғысынан жүйелі негізде жоспарланатын отырыстың күн тәртібіне Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының орындалуы туралы» мәселе шығарылды.

Түйткілі әлі тарқамаған өзекті сауал бойынша комиссия мүшелерінің алдында «Қазпошта» АҚ Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Ерлан Мейрам, «КарагандыЖылуСбыт» ЖШС директорының орынбасары Валерий Дударь және «Қарағанды Су» ЖШС бас директорының орынбасары Кенжан Дауылбаев хабарлама жасап, мемлекеттік тілдің өркен жаюына мүдделі тарап өкілдерінің алуан сипатты сауалдарына жауап берді.

Өз кезегінде аталған кәсіпорындардағы мемлекеттік тілдің қолданысқа енгізілуі жайына салмақты сараптама жасаған комиссия мүшелері жетістіктерге жете мән берумен қатар, маңызы зор міндетті іске асыруда орын алған кемшіліктерді де атап көрсетті. Тиісінше, оларды ретке келтіруге қатысты ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Отырыс барысында сондай-ақ, Гүлнарайым Хасенқызының ұсынуымен мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның 2020 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ

Басқа материалдар

Back to top button