Жаңалықтар

Салиқалы кездесу – Саранда

9 мамыр – Жеңіс күнін тойлаудан Саран қаласының тұрғындары да қалыспады. Мереке қарсаңында мұндағы қалалық архив ұжымы ұлы Отан соғысының ардагері Алексей АРЕШКИНМЕН кездесу ұйымдастырып, дөңгелек үстел басында емен-жарқын әңгіме-дүкен құрды. Дөңгелек үстелге қатысқан №7 мектеп оқушылары Алексей Акимовичке сұрақтар қойып, екінші дүниежүзілік соғыс куәгерінің естеліктерін тыңдады.

Қанқұйлы соғыс тақырыбын қозғаудың өзі ауыр адамзатқа. Майданнан жеңіс туын желбіретіп оралған ардагерлер жиі айтады: «біздің көргенімізді сіздердің, болашақ ұрпақтың басына бермесін» – деп. Майдангерлердің аузынан қаншама рет естіп, жауыры шыққан сөз болса да, жер бетіндегі жұдырықтай жүрек иелерінің ақ тілеуі бұл. Оны аяқ асты етсек, жаза басып, құрдымға кетеміз. Адамзаттың ақ тілеуінен асқан не бар дүниеде? Соғыста жанын шүберекке түйген сарандық ардагер әңгімесінің бір ұшы осы мазмұнда шықты.
Тарихтан тәлім алмаған ұрпақ адасады. Елдің, жердің өткеніндегі елеулі оқиғаларды кітаптан оқып, кинолардан қайталап көрген бір бөлек те, соғыстағы жауынгердің жанкештілігін басынан өткерген куәгер ерден сұрап білгеннің орны тіптен бөлек. Мұны ескерсек, Саран қаласы архивінің басшысы Айдын Құлжанбеков пен ондағы ұжым ұйымдастырып отырған бұл кездесудің тәрбиелік мәні терең десе болғандай. Өйткені, қан майданды көзбен көрген былай тұрсын, ондағы кескілескен ұрысты жұлын-жүйесі мен жүрегінен өткізген ардагер Алексей Арешкин Саранда қалған санаулы ардагердің бірі. Санап келіп жіберсе, осы күнге жеткен ұлы Отан соғысына қатысқан сарандық майдангерлер саны бір қолдың бес саусағына да толмайды екен. Небары – төртеу ғана. Олардың арасында өздігінен жүріп-тұрып, сұхбаттасудан қала қоймағаны тағы осы кісі. Жасы – тоқсан бесте. Бір тоқтап, анда санда тыныстап алып барып қайта сөйлейді ардагер. Солтүстік Қазақстанда туған. Әуелі, 1941 жылы әскер қатарына Кереку (Петропавл) қаласынан аттанады да, бір жыл кіші командирлер даярлайтын курста тәрбиеленеді. Оны бітірген соң бір жылдай кіші курсанттарды тәрбиелеуге қалдырылады да, 1943 жылы ІІ Белорусь фронтына, ұрыс даласына жіберіледі. Осы фронтта жүріп ол күллі Белорус көлеміндегі ұрыстарға қатысады. Полоцк, Минск, Гродно, Орша қалаларын жаудан азат етісті. Жараланып, жауға қайта шапқаны да аталған қалалар үшін ұрыстардың бірінде деп есіне алады жауынгер қарт.
«Майданға аттанарда немесе ұрысқа араласарда қандай сезімде болдыңыз, үрейленген жоқсыз ба?» деді №7 мектеп интернаттың кадет класының бір тәрбиеленушісі. «Білгенге соғыс деген сөздің өзі үрей ғой. Қорқып, сескенбейтін жан жоқ шығар. Бірақ, сол қорқыныштан да биік, сол үрейден де жоғары Отанға деген асқақ сезім, алапат рух бар ғой. Бізді жеңіске жетелеген де, осы күнге жеткізген де сол сезімдер деп білем» деді ардагер Алексей. Және ойланбай, асқан ыждаһатпен жауап береді оқушыларға. Болашақ ұрпақ үшін қан кешіп, жан беріскен кескекті ер екені осыдан білінсе керек.
Ардагердің Белорустан бөлек, Польшаны, Будапешті жаудан азат етуге қатысқаны ұзақ бір әңгіме. Тоқсан бестен асып бара жатса да, көкірегі сайрап тұр. Жады қалпында. «Минскы мен Витебск түбіндегі ауыр соғыстар есімнен кетпейді» дейді. «Жарықтық, қылшылдаған жастық кез ғой» деп бір күрсініп алды. Бір сұрапыл үстінде майдандастарымен жау жақтың он екі десантын қолға түсіргендерін айтты. Әлгі тұтқындарды түсінік алу үшін Мәскеуге жібергендерін де ұмытпаған.
Дөңгелек үстел басында қонақтар мен оқушыларға архив қызметкерлері дайындаған 10-15 минуттық бейнеролик көрсетілді. Онда Қабыш Жәкенов, Машраб Исенов, Жанғали Қожанов, Қарабай Қарпықов, Алексей Лысяк, Алексей Арешкин, Тимофей Шульга, Иван Власенко, Иван Щербинин, Владимир Яцко сияқты ұлы Отан соғысына қатысқан сарандық ардагерлердің архивтегі жеке тектік қорынан алынған мәліметтер топтастырылыпты.
Кіші командир, аға сержант, лейтенант шеніндегі Алексей Арешкин Белорус республикасын жаудан азат етіскені үшін осы елдің Президенті А.Лукашенконың Алғыс хатымен марапатталған. Ардагердің бұдан да басқа медалдары мен марапаттары жетіп артылады. Шара соңында архив басшысы Айдын Құлжанбеков майдангерге естелік ретінде шағын сый-сыяпат жасады.
САРАН қаласы.
Жәнібек Әлиман

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button