Сахнада – балғын өнерпаздар

    Ел Тәуелсіздігінің мызғымас негіздерін айғақтайтын «25 жұлдызды күн» кешенді жоспары аясында Сәтбаев қалалық мәдени-сауық орталығы және «Қазақстан жолы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Тәуелсіздікпен түлеген түлектер мен төгілген әуен!» атты балалар ән фестивалі өте жоғары деңгейде өткізілді.

Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайының сахнасында өткен фестивальге қала аумағындағы барлық балабақшалар қала мектептерінің төменгі сыныптарынан қатысқан балғын өнерпаздар жас ерекшеліктеріне орай, екі топқа бөлініп өнер көрсетті.

Іс-шараның басты мақсаты – өнерлі балалардың шығармашылық мүмкіндіктерін ел назарына ұсыну, сол арқылы олардың қарым-қабілеттерін одан әрі ұштай түсу. Бұдан тысқары, әрине, түпкі межеде Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы идеясы төңірегінде өскелең буынды отансүйгіштікке тәрбиелеу ұстанымы да бар. Фестиваль барысында сол межеге белгілі бір деңгейде қол жеткізгеніміз айқындала түсті, – дейді ұйымдастырушы тараптың өкілі, қалалық мәдени-сауық орталығының мәдени іс-шараларды ұйымдастырушысы Гүлдана Тілегенова.

Жас өнерпаздардың арасында ерекше үлгідегі сахналық киімі, ән айту шеберлігі және өзін ұстау мәнерімен дараланып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленгендері де көп болды.

Фестиваль қорытындысы бойынша ән орындаушылар, бишілер мен балалар хор ұжымдары тиісті дипломдармен марапатталып, 21 бүлдіршін әншіге арнайы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен қатар, өнерге іңкәр балғындарды сахнаға шығуға дайындаған мекемелердің музыкалық жетекшілерінің еңбектері аталып өтіліп, оларға Алғыс хаттар берілді.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

СӘТБАЕВ қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.