Сөз бен іс қабыссын десек…

Өкінішке қарай, Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін бүлдіршіндер саны жыл санап артып келеді. Бүгінде ерекше білім беруді қажет ететін 162 мыңнан астам бала биліктегілердің білім беру жүйесіне ерекше көзқараспен қарағанын талап етеді.

Көптеген ата-аналар «мектептер арбаға таңылған балаларды қабылдамайды. Өйткені, жалпы білім беретін мектептерде мүгедек балаларға жағдай жасалмаған. Әзірге олардың білім алуына мамандандырылған мекемелерде ғана жағдай бар. «Ерекше балаларға» арналған мектеп-интернаттардың қатары аз, мамандар тапшы» екенін айтып шағымданады. Церебральды паралич, аутизм, Даун синдромы, психофизикалық дамудың ауыр мүмкіндіктері бар балалардың іс жүзінде мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылу төмен.

ҮКІМЕТ ЖАҚТАН НЕ ХАБАР?

Мұндай балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу шарттары Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Саран және Шахтинск қалаларында жүзеге асуда. Өкінішке қарай, басқа өңірлерде бұл мәселеге жеткілікті көңіл бөлінбей тұр.

Елімізде 2011 жылдан бастап инклюзивті білім беруді кезең-кезеңмен дамыту басталды. Білім беруді дамытудың 2011-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында инклюзивті орта құру бойынша шаралар көзделген. Жақында Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мақұлданды.

– Білімді дамыту, білімді ұрпақты тәрбиелеу жолында ешқандай кедергі болмауы керек. Себебі, ол ұлтымыздың, еліміздің болашағы. Сондықтан, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы білім, соның ішінде ерекше білім беру талаптарын жетілдіру мәселелеріне қатысты арнайы тасырма берген болатын. Енді инклюзивті білім беруге заманға сай стандарттар енгізіледі. Бұл жолда ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тұрғылықты жері ескерілген, – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Қарағандылық мектеп-интернат оқушысының анасы Жұлдыз Болатқызы (аты-жөні өзгертілген) «Бүгінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту облыста 30 пайызды ғана құрайтынын айтады. Сал ауруына, аутизмге, Даун синдромы ауруына шалдыққан, дамуында ауыр ауытқулар бар балалар мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамтылмай отыр. Ауылдық аудандар инклюзивті білім беруді дамытуға көңіл бөлуді қажет етеді», – дейді.

Ал, облыстық оңалту орталығының мамандары алдағы уақытта аутизм және менталдық ауытқулары бар балаларды ерте анықтау мақсатында Қарағандыда 1 психологиялықмедициналық-педагогикалық кеңес, Қарағанды және Теміртау қалаларында 2 оңалту орталығы, сондай-ақ, Абай және Бұқар жырау аудандарында оңалту кабинеттері ашылатынын айтады. «Болашақ» корпоративтік қорының көмегімен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалаларында инклюзивті қолдау кабинеттерін ашу да жоспарда бар көрінеді.

ДЕФЕКТОЛОГТАР ЖЕТКІЛІКСІЗ

Мәселен, Қарағандыдағы Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың дефектология мамандығына өткен жылдары мемлекеттік грант саны көп бөлініпті. Студенттер қатары көбейіп, тіптен Маңғыстау облысы мен Нұр-Сұлтан қалаларындағы әкімдіктер дефектолог мамандарды оқыту үшін арнайы грант бөлген. ҚарУ-дың дефектология кафедрасының меңгерушісі Гүлназия Алшынбекова: «Сол жылдары бізде дефектология мамандығы бойынша жылда 115-ке жуық студент бітіреді. Студенттер республиканың түпкір-түпкірінен келетіндіктен, оқу бітірген соң әркім өз туған жеріне оралады. Облыста маман жетіспеушілігі осыдан болуы мүмкін. Өйткені, арнайы мектептердің көпшілігі осында орналасқан. IV курс студенттері қыс маусымынан бастап ізденіп, толықтай жұмысқа орналасады» – деді.

Ал, облыстық оңалту орталығының мәліметіне сүйенсек, бүгінде өңірдегі арнайы білім беру ұйымдарында 649 педагог, 29 дәрігер, 45 медбике жұмыс істейді. Оның ішінде, дефектологиялық білімі бар педагогтердің саны – 534.

Бүгінгі таңда ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу үшін мамандар тегін және ақылы негізде Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында, сондай-ақ, республикадан тыс жерлерде біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Қазіргі уақытта жалпы білім беретін мектептердегі 2000 педагогтің 705-і инклюзивті тәжірибеде болса, 25 педагог аутизм бойынша білімін жетілдіруде.

Есеп берулерде барлық білім ордаларында пандустар орнатылып, инклюзивті мектептерде логопед, дефектолог, психолог және әдіскер мамандардың жұмысы жанданып келеді дегенімізбен, күн өткен сайын аутизмге шалдыққан балалардың да саны артып келеді. Оларды емдеуге алғысы келмейтін мекемелер баршылық. Дертке шалдыққан балаларды қоғамға бейімдеуде инклюзивті білімнің пайдасы орасан екендігінен хабарсыз ата-аналар да бар…

Аяулым СОВЕТ.