Сәуірдің сәруарындай сәулелі сұхбат

Осы аптада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Еgemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне сұхбат беріп, қос басылым редакторларымен ертеңгі күннің еңселі істері мен байсалды бағыттары туралы ой бөлісті. Сәуірдің сәруар сәулесімен жеткен жылылықтай әсер қалдырған салмақты сұхбат қоғамда қоздай бастаған тұманды тұжырымдар мен күмәнді ойлардың бұлтын селдіретіп жіберді. Ең бастысы, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің ел Президенті ретіндегі алғашқы сұхбатын газеттерге, оның ішінде қазақ газеттеріне беруінде зор мән жатыр. Бұл пікірім – телевидение немесе басқа да электрондық БАҚ-тарды кемсіту емес, тасқа басылған дүниенің өміршеңдігін меңзеген ой. Сонымен…

Сұхбаттың маңыздылығы неде? Ел күткен сұхбаттың ең басты құндылығы – жаңа Президенттің өткенді жоққа шығармай, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев идеяларымен саяси сабақтастықты сақтауға ниет танытуында. «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жаңа мемлекеттілік жасаудың барлық тауқыметін басынан өткерді. Қиындыққа толы осы жолда толағай табыстарға қол жеткізді. Қазақ елін төрткүл дүниеге әйгілеп, барша әлемге мойындата білді. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркендеуі, ертеңгі даму келешегі Назарбаев есімімен тығыз байланысты», – дей келе, билік ауысуында тұрақтылықты сақтай білген бірден-бір мемлекет екенімізді ерекше атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Иә, Қазақстандағы билік транзиті туралы айтылған алып-қашпа сәуегейліктің барлығы желге ұшты. Билік тізгінінің бейбіт жағдайда ауысуы әлем саясаткерлері мен сарапшыларының таңданысын тудырғанын тілге тиек еткен Қазақстан Президенті осы бір игі құбылысты Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биік парасат, көшелі көрегендігімен байланыстырады. Еліміздегі басты құндылық – тұрақтылықтың тұғырланып, келісімнің кемелдене беретінін Президентіміздің осы жолғы сұңғыла сұхбаты нақтылай түсті.

Жасыратыны жоқ, халықаралық аренадағы ахуал – күрделі. Тіпті, посткеңестік елдердің өзінде толқулар орын алып, Еуропаңыздың екі бүйірін қаржы дағдарысы қысып тұр. Әлем әбігерге түскен сындарлы сәтте Қазақстанның тауы шағылмай ма? Осы мазмұндас сауалға да салмақты жауап берілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы – халықаралық деңгейде зор беделге ие кәсіби дипломат. Осы тұрғыдан алғанда, алаңдауымызға еш негіз де жоқ. «Азиядағы бейбітшілік платформасына» айналған Қазақстан өзінің көпвекторлы саясат ұстану үрдісінен ауытқымайтындығын жеткізді Президент. Қазақстанның бітімгерлік миссиясы да – әлемдік деңгейде мойындалған даралық. Әріптестеріміздің осы бағыттағы сұрағына нақты мысалдармен жауап берген Мемлекет басшысы: «Көпвекторлы стратегия алдағы уақытта да Қазақстан дипломатиясының басым бағыты болып қала береді», – деп ой түйді.

«Nur Otan» партиясының XVIII съезінде қабылданған «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бюджеттік шығындарды қайта саралау, Елбасы ұсынған бағдарламаларды қаржыландыру, халықтың әлеуметтік тұрмысын жақсарту бағытында қолға алынбақ кешенді жоспарлар туралы мазмұнды ой, маңызды пікірлер ортаға салынды. Мәселен, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар мен жастар проблемалары, халықты қолжетімді баспанамен қамту, экологиялық мәселелер биліктің ұдайы назарында болмақ. Сонымен қатар, шетелдегі қандастарымыздың мәселесі де оң шешім табатын күн алыс емес.

Сондай-ақ, өзінің негізгі ұстанымдары туралы ой бөліскен Президент ел тізгінін ұстағанға дейін де әлеуметтік желі арқылы оқшау ой, парасатты пікірлерін ашық жариялап келгенін жақсы білеміз. «Мен ешқашан бұқарадан алыс болған емеспін. Өздеріңізге мәлім, біраз жылдан бері твиттер желісі арқылы өз ойларымды бөлісіп келемін. Сенат Төрағасы қызметін атқарған кезімде де ел ішіне шығатынмын. Сондықтан, өңірлерге шығып, елдің тыныс-тіршілігімен танысу жоспарда тұр», – деп сөз сабақтаған Мемлекет басшысы кейбір шенеуніктердің «халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанын» қош көрмейтінін жеткізді.

Сұхбаттың өне бойында Мемлекет басшысының ұлт руханияты мен мәдениетіне деген жанашырлығы айқын аңғарылып тұрды. Әсіресе, мемлекеттік тіл, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру төңірегіндегі ой-пікірлері ешкімді бейжай қалдырмайтыны анық. «Қазақтың тілі – қазақтың жаны!», – деп басталған мемлекеттік тіл жайындағы маржан ойлары «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстарды үздіксіз жалғастыра береміз» деген түйінмен түбірленді.

Сұхбат соңында отандастарымызды даңғазалық пен ысырапшылдықтан арылуға шақырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бағыты – айқын, келешегі – кемел екендігін нақты іспен дәлелдейтін мезгіл жеткендігін меңзеді. Ол үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы нұсқаған даңғыл жолмен сапарлай беретінімізді қайталап айтты.

Сұхбатты бір деммен оқып шығып, кең тыныстадық. Кемел ой, тұщымды тұжырымдар сенімімізді серпілтіп, үмітімізді үкілендірді.

Ерсін МҰСАБЕК