Жаңалықтар

Байыпты таңдау даму бағдарын бағамдайды

Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде жаңа кезеңнің бастауы саналатын маңызды оқиғаға санаулы күндер қалды. 23 тамызда Қазақстан азаматтары алғаш рет Құрылтай депутаттарын сайлап, жаңа саяси институттың қалыптасуына өз үлесін қосады.

Құрылтайдың ерекшелігі – оның депутаттары бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі арқылы партиялық тізіммен сайланады. Яғни сайлаушы белгілі бір кандидатқа ғана емес, саяси партияның бағдарламасы мен ұстанымдарына дауыс береді. Бұл өз кезегінде партияларға халықтың сенімін ақтау, сайлауалды міндеттемелерін орындау және қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыру міндетін жүктейді.

Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерді заңнамалық деңгейде шешуге ықпал етуді көздейді. Экономика, әлеуметтік саясат, білім, денсаулық сақтау, еңбек, өңірлерді дамыту секілді бағыттарда қабылданатын шешімдердің азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететіні белгілі. Сондықтан жаңа депутаттардан кәсіби біліктілікпен қатар, халықтың нақты сұранысын түсіну қабілеті де талап етіледі.

Саяси институттың тиімділігі тек қабылданған заңдармен өлшенбейді. Депутаттардың сайлаушылармен ашық байланысы, қоғамдық пікірді тыңдауы және өз жұмысының нәтижесі туралы есеп беруі де маңызды. Осы тұрғыдан алғанда Құрылтай мен қоғам арасындағы тұрақты диалог жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудың негізгі тетіктерінің біріне айналуы мүмкін.

23 тамыздағы сайлау – жаңа депутаттарды таңдаумен ғана шектелмейтін саяси үдеріс. Бұл азаматтардың елдің болашағына қатысты көзқарасын білдіретін, жаңа мемлекеттік институттың бағытын айқындайтын маңызды кезең.

Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір қалдырыңыз

Басқа материалдар

Back to top button