Жаңалықтар

“Сөйле, Моцарт, менің ана тілімде…”

Қиял шіркінде шек жоқ қой. Кейде түпсіз ойдың тұңғиығына күмп беріп, шыға алмаймын. Байырғы бабаларым бір-бірімен қай тілде қарым-қатынас жасады екен? Атағынан ат үркетін, жүзіне тік қарауға жан баласының дәті жетпейтін хан-сұлтандарым өзара қай тілде сөйлесті екен? Алпамсадай аруақты батырлар жасанып келген һас дұшпанына қасқая қарап, қазақ тілінде жекпе-жекке шақырды ма? Сол ескі дәуірдегі қарапайым қазақ отбасы байтақ дала құшағындағы киіз үйінде кешкі ас ішіп отырып, бір-бірімен қазақша тілдесті ме екен? Ақсақал, абыздар «Ей, Жаратқан Ием! Қазаққа өзің жар бола гөр! Мынау ұлан-байтақ Ұлы Даламды ұрпағыма аман-есен жеткізгейсің! Сүйем жер үшін қасық қаны қалғанша жан алып, жан беріскен баһадүр бабалардан қалған аманатты досқа таба, дұшпанға күлкі ете көрме!» деп Құдайға қазақша жалбарынды ма екен?

Осылайша, қиял жетегінде бағзы дәуірден өзімнің балалық шағыма топ ете қаламын. Өліара кезеңде 1992 жылы мектеп табалдырығын аттап, ең қиын әрі жоқшылықта әупірімдеп жүріп, мектепті бітірдік. Не жарытып, киім кимедік, не қатырып қызық қумадық. Әйтеуір көңілге бір жұбаныш болатыны – Өзбекстан қарамағындағы автономия Қарақалпақстанда туып, сонда өмір сүріп жүрсек те, қазақ мектебінде білім алдық. Ел сияқты әліппеден бастап, әдебиетке дейін сіңірдік бойға. Кітаптар жеткілікті болатын. Ауыз әдебиетін, «Мың бір түнді» қазақша оқыдық. Батырлар жырының сол оқушы кезде жаттаған үзінділері әлі есімде. «Сөйле, Моцарт, менің ана тілімде, Сөйле, Данте, менің ана тілімде» деген Мұқағалидың өлең жолдарын алғаш оқығанда арқам шымырлап, көзіме жас үйірілген. Өлең-жырға да сол сәттерден бастап, әуес болдым. Сонда қазақ тілінің шұрайлылығына іштей риза болушы едім. Не деген бай тіл?.. Алайда, өсе келе қазақ тіліндегі кітаптар азая бастады. Латын графикасы қолданысқа еніп, не жазып, не қойғанымызды білмей қалдық. Жыл сайын күрделі өзгерістер болып жататын. Жаңадан енгізілген латын жазуы да бірден орныға қоймады. Сан рет аусысып, есімізді шығарды. Ақырындап, құмға сіңген судай, кирилицаны ұмыта бастадық. Кирилицаға қоса қазақ кітаптары мен қазақ тілі сағаттары да қысқара түсті. Жоғары сыныптарға келгенде аптасына бір рет қана қазақ тілі мен әдебиетін оқитын болдық. Есесіне, өзбек тілі мен әдебиетін күнде оқимыз. Өзбекше білетін мұғалімдер көбейіп, қазақ тілді ұстаздар азайды. Қазақ ауылдары атамекенге қоныс аудара бастады. Бұл – өзбектендіру саясатының бас еді. Осылай іші-бауырыңа кіріп жүріп, түбіңе жетеді олар…

Алғашында үш тілде қатар сөйлейтін қазақтар амалсыздан таза өзбекшеге бет бұрды. Басқа амалы да жоқ еді. Қазақ каналдары жабылды. Қазақы концерт, айтыс сынды дүниелерді көрсететін «Достық» бағдарламасы да келмеске кетті. Айына бірер сағат қана айтыс береді. Соны күтіп отыратынбыз. Ол заманның айтысы да өзгеше еді. Тілдері сондай шұрайлы болатын. Әлде жат жерде жүріп, баба тіліңді сағынғандықтан ба екен? Әйтеуір, ең осал деген айтыстың өзін тапжылмай отырып тамашалайтынбыз. Қазақстанға барып келген ағайындар қазақша касеталар алып келеді. Арасында әндермен қатар, «Бауыржан шоу», «Тамаша» сынды әзіл-сықақ театрларының концерттері бар. Соны қосып қойып, қайта-қайта тыңдайтынбыз. Сөзі мағынасыз болса да, қазақтың дауысын, сөзін есіткіміз келеді. «Қазақша қалай таза сөйлейді?» деп таң қалушы едік. Өзбектендіру саясатынынң құрбаны болудан осылай сақтандық…

Кейде фильмдерден жат елде жүріп, ана тілінде сөйлейтін жанның дауысын естігенде, жылып жіберетін эпизодтар болады. Мен қалың қазақтың арасында өссем де, мұндай сәттер қатты әсер етеді. Бірде ғалымдар мейрамханадағы қонақтардың ұлтын анықтап көргісі келеді. Яғни, эксперимент жасап көруге тәуекел етеді. Әрі ойланып, бері ойланып, күрмеуі қиын мәселенің шешімі табылады. Бір ғалым оны әр түрлі тілде шырқалған әндерді қосу арқылы тексеруді айтады. Осылайша, бірнеше тілде шырқалған әнді кезек-кезек қояды. Сонда қай тілде өлең қойылса, сол ұлттың өкілі атып тұрып, билей жөнеледі екен.

Міне, туған тілдің құдіреті деген – осы. Оған жетер не бар дүниеде?.. Мен қазақ тілін сондай қасиетті тілдердің қатарына жатқызамын. «Қазақтың сөйлегені ән салып тұрған сияқты» деп бекер айтпаса керек өзге ұлт өкілдері. Қазір де туған жердегі ағайынмен сөйлесіп тұрамын. Біз оқыған қазақ мектебін жуырда жауып тыныпты. Енді қаракөз қазақ балалары өзбек мектебінде білім алуда. Осыны ойласам ет жүрегім езіледі. Шамам келсе, сондағы қалың қазақты көшіріп алар едім…

Алғаш қазақ жеріне табаным тигенде қалай қуанғанымды көрсеңіз ғой. Жан-жағыңның бәрі қазақтар. Қалағаныңша қазақша сөйлес, қазақша ән тыңда, қазақша фильм көр, газет-журнал оқы. Неге десең, бұл – Қазақстан, қазақтың жері. Мені атамекеніме осындай алапат сағыныш жетелеп келді. Сол сағынышыммен өмір сүріп келемін. Мауқым әлі басылған жоқ. Басылмайтын да шығар. Ұлтыма, тіліме деген сол шексіз махаббатымнан айырылғым келмейді. Ол маған ауадай қажет. Онсыз өмір сүре алмаймын. «Қай тілде сөйлесеңіз, сол тілде қызмет етесің. Қай тілде сөйлесең – сіз сол ұлттың өкілісіз» демекші, мен ана тілімде сөйлеп, қазаққа қызмет еткім келеді. Өмірден де сол қалпымда өтемін. Мен – қазақпын, өйткені!

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button