Бас тақырып

«Сәбидің бәрі бақытты болуға жаралған»

«…Балаларға берейікші жер шарын, Ең болмаса бір күнге. Білсінші жер адалдықтың құдіретін Ең болмаса бір күнге. Алсыншы олар біздің қолдан жер шарын…» дейтін Назым ХИКМЕТТЕН аударған Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВТІҢ өлеңін жақсы көрмейтін жан жоқ шығар. Өйткені, бұл – бауыр етің балаңа арналған.

Қазақ «Үлкеннің мыңына бергенше, баланың біріне бер» дейді. Неге? Бала – бергеніңді бағалайды. Сүйкімді жүзімен, былдырлаған тілімен жүректі жаулайды. Мейірім сыйлайды.

Осыны ескерген дана қазақ сәби сүйгендерге «ұзағынан сүйіндірсін» деп бата берген.

Өміріңді қызық пен қуанышқа бөлейтін балалардың әр күні мереке болса дейсің. Тек ерекше көңіл-күйде өтетін балалар мерекесінде ғана емес, балалар үшін дүниенің бәрі тегін болса деген де тілек бар. Өйткені, бүлдіршінге бір күн назар аударған жеткіліксіз. Болашағының жарқын болуы үшін өмір бойы жұмыс істеген абзалырақ. Олай дейтініміз «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейсіз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейсіз».

Ұлттың ертеңгі қорғаны, әр әулеттің атұстары өмірге келгенде алғаш тәрбиені бесіктен алады. Осы орайда, ұлы ақын Абай отбасындағы баланы тәрбиелеуде ата-аналар тарапынан жол берілетін кемшіліктерді ескерте отырып, кеңес береді. Абай өзінің 10-сөзінде: «Әуелі балаңды өзің алдайсың. Әне, оны берем, міне, мұны берем деп, баста балаңды алдағаныңа мәз боласын. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?» деп балаларына теріс тәрбие беретін ата-аналарды сынайды. Сондықтан, баланың күнделікті өмірінде бір де бір әрекетін ата-ананың ескерусіз қалдырмағаны өзіне жақсы.

Дүрбелеңге толы дүниедегі көптеген келеңсіз оқиғалардың бел ортасында жазықсыз, бейкүнә сәбилер жапа шегуде. Балдырғандар босқын атанып, бөгде елдің босағасынан сығалап жүр. «Сәбидің бәрі бақытты болуы үшін жаралған» десек, балаларды саясатқа да араластырмаған жөн.

Статистика сандары өткен 2020 жылдың басында еліміз бойынша 17-жасқа дейінгі балалар арасында ұлдар саны – 114 мыңды, ал қыздар 105 мыңды құрағанын айтады. Әрине, олардың әрбірінің аман-есен өмірге келіп, өз отбасында жарқын өмір сүруі – болашағымызға салынған инвестиция. Бала дегеніңіз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ. Әр бала бақытты балалық шақты сезініп өссе екен…

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button