Бас тақырып

Құрыш құйма һәм қауырсын қалам

Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңында Қазақстан Магниткасы Бүкілодақтық екпінді құрылыс ретінде жарияланды. Коммунистік партия ОК-нің ірі құрылысқа шақырған үндеуін Кеңес Одағының түпкір-түпкіріндегі жастар жылы қабыл алды. Ал, 1960 жылғы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден-бір домна пеші іске қосылды.

Қазақстанның алғашқы шойынын қорытуға тәжірибелі шеберлермен бірге жас металлург Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Осы тарихи оқиғаны Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның құрыш келбеті» атты кітабында былай сипаттады: «1960 жылғы 3 шілде, жексенбі. Мыңдаған құрылысшылар мен металлургтер, көптеген қонақтар Вадим Романовтың ауысымының жұмысын толғана бақылап тұр. 15 сағат 7 минутта аға көрікші Николай Набиуллин электр бұрғысын іске қосты. Тесік қашалды. Жыра бойымен отты ағын құйылып сала берді – алғашқы қазақстандық шойын жүрді!».

Ал, осы қуанышты сәтті халыққа сүйіншілеп жеткізген облыстағы іргелі басылым «Советтік Қарағанды» газеті болатын. Сарғайған газет беттерінде екпінді түрде жүргізілген құрылыс, домна пешіндегі алғашқы құйма, ерен еңбек нәтижесі тарих болып хатталып қалды.

Биыл – Қазақстан Магниткасы – Қарағанды металлургия зауытының өмірге келгеніне 61 жыл. Қолымызда аймағымыздың үнпарағының 1960 жылдың екінші жартысындағы тігіндісі. «Шойын құюдың июльдегі қорытындысы» атты мақалада «Қазақстан Магниткасының бірінші домнасының қосылғанына бір ай өтті. Бұл мерзім ішінде шойыншылардың өз ісіне шеберліктерін арттыра отырып, шойын құюды бірден жақсы игеріп кеткендіктері көрініп тұр… Өткен айдың 28 күнінде домнада 183 рет шойын балқытылды. Николай Мячин жолдас басқаратын смена еңбек өнімділігін арттыру жолындағы социалистік жарыста үнемі алда келеді. Сол сияқты Владимир Романов жолдас басқаратын смена да ауыр салмақты шойын қорытып, жаңа жетістіктерге жетуде» деп жазды. Ерлікке пара-пар еңбектің әр күні халыққа осылай жетіп жатты.

Қара металлургияның Отаны Теміртау ғана емес, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Балқаш кен-металлургия комбинатының, Жезқазған мыс-балқыту зауытының жұмыстары да газет оқырмандарының назарына үнемі ұсынылып келеді.

Қазақстандық өнеркәсіптің жетекші саласының бірі – металлургия. Осы салада қызмет ететін майталман мамандар ел экономикасының өркендеуіне орасан зор үлес қосуда. Тұңғыш Президенттің 2003 жылдың 15 қарашадағы Жарлығымен шілденің үшінші жексенбісі Металлургтер күні ретінде аталып өтілуде.

«Тоқсан жыл топта толғаған» облыстың басты басылымы «Ortalyq Qazaqstan» металлургтердің өмірін, қажырлы еңбегін әрқашан дәріптеуде.

Яғни, құрыш құйманың құдіреті қауырсын қалам киесімен еселенді. Бұл дәстүрге айналды десек те болады.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button