Рухқа тағзым — ұрпаққа міндет

Адам өміріндегі жақсы жолдарын еске алып, келер ұрпаққа естелікке қалдырса, ол да бір тарихи құндылыққа айналары сөзсіз. Қазақ жерінде аты аңызға айналған, қол бастаған батыр, орақ ауыз шешен, жауырыны жерге тимеген балуан, ақын бабаларымыз бен аналарымыз өтті. Әрине, солар туралы әлі де болса жаза беру ұрпақ парызы болып қала береді.

Жасындай жарқырап өткен Кеңес Одағының Батыры Қазбек Бейсенұлы Нұржанов облысымыздың Қоңырат ауданы (қазіргі Ақтоғай ауданы), Қуаныш бөлімшесінің «Сауан жартасы» деген жерде 1919 жылы дүниеге келген. Бастауыш мектептерді «Қуаныш», «Оян» колхоздарында, 1935 жылы аудан орталығында 7 жылдық мектепті тәмамдап, 1935-1937 жылдары Қарқаралы қаласындағы педучилищені оқып бітірген. Еңбек жолын 1935 жылы «Коммунизм», «Бірлестік» колхоздарында мұғалім болып бастап, аудандық оқу бөлімінде инспектор қызметінде жұмыс жасады.
1939 жылы қазан айында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Амурдағы Комсомольск қаласында жерлестері Әбіл Ноғаев, Егінбай Аманбеков, Айт¬мағанбет Молдин, Бекен Асқарбаев, Қартабай Шыхин, Төлеуқұл Абетов, Тәжібай Болғабаев, Ақтай Жолшыбеков, Қалимерден Нұрғалин, Байшағыровтармен бірге әскери міндетін өтеді. Ұлы Отан соғысына 1942 жылы кірді. 2-ші Беларусь майданында, 5 атқыштар дивизиясына қарасты, 61 атқыштар дивизиясы барлаушылар взводының командирі болған аға сержант Қазбек Нұржанов Волгада, Орел, Зуш, Десна, Сож, Днепр, Пруть, Березина өзендерінен кешіп өтті. Дубровка, Геродище, Красно-Сергеевское қалалары түбіндегі ұрыстарда, Батыс Беларусь майданында Волгаград қаласын азат етуге қатысты. 1943 жылы 3 қазанда «Ерлігі үшін» медалімен, 1944 жылы 5 наурызда «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды.
Өзім Қоңырат совхозындағы батыр атындағы мектепті бітірдім. Мектепте бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болдым. 1981 жылы совхоздағы бастауыш комсомол ұйымының хатшылығына сайландым. 1985 жылы комсомолдар бастамасымен Ұлы Жеңістің 40 жылдығына орай Қазбек Нұржановтың қайтыс болған жері – Волковск қаласына делегация жіберу ұйғарылды. Жол шығынын аудандық комсомол комитеті, Қоңырат совхозы (директоры Ж.Қойлыбаев) көтерді. Қазақстан ЛКСМ Ақтоғай аудандық комитетінің бірінші хатшысы Мейірхан Тәтибеков делегацияны бастап баруды маған тапсырды. Делегация құрамына Қазбектің туған інісі Өзбек Нұржанов, жерлесі әрі майдандас досы Шардарбек Сыздықов, қаламгер жазушы, Қазбектанушы, журналист Қасымхан Қаленов, Қ.Нұржанов атындағы орта мектеп директорының орынбасары Бақтыбай Дәулетов, Қазбектің кенже інісі Жақсылық баласы Тілек болды.
2 мамыр күні Қарағандыдан Мәскеу¬ге ұштық. Келесі күні Минск, Грозно қалаларында, 4 мамырда Волковск қаласында болдық. Онда қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы қарсы алды. Атамыз жатқан жерге қадам басқанымызда қатты толғаныста болдық. Қазбек ағаның өзін көретіндей сезіндік. Себебі, өткен 40 жылда ағаның артынан іздеп барған алғашқы біз болдық. Бұл бір жағы үлкен жауапкершілік еді.
Батыр атындағы көшені араладық. Богратион атындағы өлкетану музейінде оның директоры қаланың және осы қаланы азат етудегі шайқастың тарихымен таныстырды. Фашистердің зорлық-зомбылығы, тұтқындарды қинаған құралдары, фотосуреттер және басқасы қатты әсер қалдырды. Грозно қаласын азат етуде Кеңес әскері үлкен күш жұмсап, өте қиын жағдайда азат еткен екен. Әсіресе, барлаушыларға салмақ ауыр болған. Тас қамалды бұзуда Қазбек ағамыз ерлік жасап, тіл әкеліп жаудың қай жерде, қалай орналасқандығы туралы ақпар берген. Волковск тауының биігіне бекінген дұшпанның бекінісін алуда өзінің майдандағы айла-тәсілімен жау тылына шығып, дұшпанды үрейлендіріп, соғыс техникасын тастай қашуға душар етті. Қашқан немістерді жоя отырып, үш неміс офицерін тұтқындайды. Сол қаланы азат етуде басынан тиген снаряд жарықшасынан қатты жарақат алған.
Соғыстағы ерлігі үшін 61 танкке қарсы атқыштар дивизиясының командирі, майор Михеев, Қазбекті «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынған. 1945 жылғы 24 наурызда СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Қазбек Бейсенұлы Нұржановқа «Совет Одағының Батыры» атағы берілді.
Әсіресе, сол кездегі 2-ші Беларусь майданының қолбасшысы, Совет Одағының маршалы К.Рокосовскийдің: «Қазақ халқының таңдаулы ұлдары Отан үшін ұрыс майданында аянбай күресті. Екінші Беларусь майданының жауынгерлері өздерінің қарулас бауырлары батыр қазақтардың – Есқалиевтің, Мусиннің, Мамытовтың, Қауымбаевтың, Нұржановтың … ерлік істерін мақтан етеді. Отанымыз олардың ерлігін ешқашан ұмытпайды»,– деп бағалаған екен. Батыр ағамыздың ерліктері туралы баяндағанда кеудемізді үлкен мақтаныш кернеп, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей тұрды.
Біз де өз тарапымыздан аудан тарихы, батыр ағамыздың өмір деректерінен құжаттар, фотоальбомдар табыс етіп, ол кісінің атындағы мектеп жұмысы туралы баяндап, майдандастарының сәлем хатын жеткіздік. Сонда жүргенде Жамбыл облысы, Сарысу ауданының тұрғыны Күржібай деген азаматтың «Қазбек менің туған інім» деп иемденіп келгенін естідік. Батырдың туған інісі Өзбек Нұржановты және делегация мүшелерінің айғақтарын, нағыз туған жері туралы деректерін көргеннен кейін, қателігін мойындады.
Елге Қазбек ағамыздың майдандағы жолдарынан тың деректер алып қайттық. Біз үшін де сарқылмас рухани байлық болды. Батыр ағамыз туралы деректер жас ұрпақ бойында рухани патриоттық тәрбие беруде маңызды рол атқаратынын жақсы түсінеміз. Сондықтан, елі мен жері үшін жан алысып-жан беріскен аға, апаларымыздың даңқты ерлігін үнемі насихаттап отырса, нұр үстіне нұр.

Табарәк ЖАРМАҒАНБЕТОВ,
Ақтоғай ауданы археология¬лық-этнографиялық музейінің
директоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.