Жаңалықтар

Өрнекті өмір белестері

Белгілі бір ауыл-аймақ, аудандағы жұртқа қадірі өткен тұлғалар болады. «Өз тауының қыраны» деп әспеттеп жатады олар туралы. Әлгі аумаққа барғанда, я болмаса, сол аймақ жайлы сөйлегенде, оларға соқпай кете алмайсыз. Елдің тарихын ері жасайды деген қағида содан туса керек. Шет ауданында 43 жыл қызмет еткен Алпысбай Мұқашұлы да сондай өрелі де тындырымды жандардың қатарынан. Елге еңбегі сіңген елеулі азамат жайлы толғанғанда, арыстар мен алыптар туған Шет өңірінің шежіресіне сүңгіп кетесіз.

«Әр Адамның шыққан биігі болады. Сол биіктен артына көз тастайды» дейді Алпыс аға. Сөйтеді де біраз әңгіменің түйінін тарқатады. 1945 жылдың 27 қарашасында Шет ауданына қарасты Жастерек колхозында дүниеге келген екен. Ол кезде биыл құрылғанына 90 жыл толып отырған Шет ауданында Жастерек-Гүлденсін деген колхоздар болғанын айтады. Аталған колхоздардан “Қызыл Ту” совхозы құрылған.

«Әкем Жамбыл Мұқаш – еңбекке бейім, шаруашылық адамы еді. Жастерек колхозына қарасты Сырлытам деген жерде жылқы, қой, түйе бақты. 1940 жылдың соңы мен 1950 жылдың басында қыс қатты болды. Мал басының саны азайып, арты жұтқа әкеп соқты. Содан кейін әкем шаруашылықты тапсырып, Қызыл Ту совхозына көшіп кеттік. Соғыс жылдарының уақытында ауыр жұмыстың салдарынан анам Мәкен Түскейқызы қатты ауырып, көз жұмды. Әкем қарындасым Дәриғаны алып Ақадыр станциясына қоныс аударды. Онда әкемнің екі інісі тұратын. Арада жылдар өтіп жатты. Мен 1952 жылы Ақадыр станциясындағы №150 мектеп табалдырығын аттап, 1962 жылы тәмамдап шықтым. Қолыма қағазымды ала салып, Қарағанды қаласына ат басын бұрдым. Ниетім – Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтына түсу еді. Не керек, ниетім қабыл болды. Білдей бір университеттің дардай студенті болып шыға келдім. 1967 жылы оқуымды аяқтап, «физика-химия пәндерінің мұғалімі» деген мамандық алып шықтым. Оқуымды бітірген жылы Шет ауданына жолдамамен жұмысқа жіберді. Тағдырдың жазуымен жолдасым Алтын Жүнісбекованы жолықтырып, Шет ауданына екеуміз бірге қоныс аудардық. Мінекей, өмір жолым осы уақыттан, осы жерден бастау алған еді.

Ауданға келген жылы жолдасым екеуміз бірден қызметке кірісіп кеттік. Мені аудандық оқу бөлімінің мектеп инспекторы қызметіне тағайындады. Жолдасым – Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепке физика пәнінен мұғалім болып орналасты. Біз келген жылдары Ақсу-Аюлы селосына да жоғарғы оқу орындарын бітірген көптеген жас мамандар жұмысқа келіп жатқан еді. Жастардың көздерінен өмірге деген құштарлық байқалатын. Ұйымшыл, талпыныстары жоғары-тын.

Біздің екі кішкентайымыз болды. Балаларымызды коляскаға салып алып, мәдениет үйіне барамыз. Кейін тіпті, шықпайтын болдық. Жастарға арнап спектакль, концерттер қоямыз. Бір күні Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» деген пьесасын қойдық. Мен «Жұмаш» деген комиссардың рөлін ойнап, «Лениншіл жас» газетіне суретіммен әжептәуір мақала болып басылып шықты.

Сол жылдары мәдени үгіт бригадалары құрылып, әр түрлі деңгейде конкурстар, жарыстар өткізіліп тұрды.

Қарағанды облысына қарасты Шет ауданы бойынша «Сары-Арқа» мәдениет үгіт бригадасы облыстық байқауда жеңіске жетіп, республикалық байқауға жолдама алдық. Бағымыз жанып сол республикалық байқауда жеңіске жетіп лауреат атандық. Сол байқаудан келісімен мені аудандық партия комитетіне шақырып алып, аудандық мәдениет бөлімін басқарасың деген ұсыныс айтылды.

Содан 1970-1972 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істедім. Ол кезде Шет ауданының көлемі өте үлкен болатын, бір шеті – Жамбыл, екінші шеті Қызылорда облыстарымен шектесіп жататын.

Жаз айларында біздің малшыларымыз төрт түлік ыңғайымен «Ақ дала», «Таятқан-Шұнақ» деген жерлерге көшіп, күзде бірақ келетін. Механизаторларымыз мал азығын дайындайтын. Сол малшыларға, механизаторларға мәдени қызметтер көрсету үшін айлап жол сапарларға шығып, концерттер, кинолар көрсетіп, кітап, газет-журналдар ала барып, үлкен қызметтер жасайтынбыз.

1972 жылы мені аудандық партия комитетіне шақырып, үгіт насихат бөліміне инструктор қызметіне тағайындады. Инструктор қызметін 1975 жылға дейін атқардым. Партия комитетінде инструктор бола жүріп, аудан өміріне белсенді түрде араластым.

Аудандық комсомол комитетіне бюро мүшесі болып сайландым, қоғамдық негізде үшінші хатшының қызметін атқардым.

Аудандық комсомол комитетінің пленум мүшесі болдым.

Аудандық комсомол комитетнінің бірінші хатшылығына ұсынылып, Жезқазған облыстық партия комитетінің ұйымдыстару кадр бөлімінде облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысында болып, әңгімелесуден жақсы өтіп келдім.

Содан мені аудандық партия комитетіне қайта шақырып алып, басқа жұмыс ұсынды! Ағам, көкем, ешбір таныстарым да жоқ, тек қана өзімді-өзім көтеріп, талпыныс жасап, жанталасып жұмыс жасаумен болдым.

Жаны ашып, ақыл айтатын, көмектесетін адамдар болмады!

Көбісі жақсы қызметке өздерінің туыстарын, таныстарын ұсынады. Кейін білсем, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы демалыста болған екен, ол кісінің басқа адамы болған екен.

Облыстық партия комитетіне хабарласып, басқа адамды ұсынған. Міне, қиянат деген осы жаңа өсіп келе жатқан жастың келешегін ойламау, кадр саясатындағы сорақы қателіктер болғанын, осының барлығын істеп отырған бір-ақ адам екенін білгенде, көңілің қалады, қарның ашады. Адалдық, адамгершілік қайда қалды деп ойлайсың, толғанасың!

1975-1976 жылдары аудандық ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқардым. Облыстық кәсіподақтар комитетінің пленум мүшесі, облыстық ауыл шаруашылығы кәсіподақтар ұйымының пленум мүшесі болып сайландым.

Бірде тағы да аудандық партия комитетіне шақырып алып, “алдында құрылған РайСовПроф дегендер таратылды, қысқарды, орныңды сонда отырған жасы үлкен ағаңа берсең, өзің аудандық партия комитетінің ұйымдыстыру кадр бөліміне инструктор болып келесің, бақылауда боласың, өсесің» деген әңгімелер айтылды. 1976-1977 жылдары ұйымдастыру кадр бөлімінде инструктор болып қызмет істедім. Тағы сондай қиянат қой. Жалғыздық, қолдаушының жоқтығы. Қызметіме, жұмыстарыма қоятын ешқандай сұрақтары, кемшіліктері жоқ. Біреулерге орын керек! Содан 1977- 1980 жылдары Шет ауданының арнайы құрылған ірі қара малдарды сатып алып, өсіріп, бордақылап сататын шаруашылыққа Партком хатшысы жұмысына сайландым. Мұның алдында бұл шаруашылық «Путь к коммунизму» деген совхоз болған. 530 бас жылқысы жоғалған, директордан бастап бас мамандар жұмыстардан шығарылған, 11 адам қызметінен босатылып, Партиядан шығарылып, сотталып кеткен. Сондықтан, ешкім бармайды. Мен бардым! Шаруашылықтың үш бөлімшесі болды, осы үш бөлімшеде 16 мың бас ірі қара бордақыланып, жоғарғы салмақпен етке жұмсалады.

Шаруашылықта тұрып, жұмыс істейтін адамдардың барлығы жауапты, еңбекқор адамдар болды. Партия комитетінің жұмысын жақсарту үшін барлық бөлімшелерде, цехтарда Партия жиналыстарын өткізіп, жаңадан партия ұйымдарын, хатшыларын сайлап, партия мүшелерін көбейтіп, күндіз-түні қайнаған жұмыстар жүріп жатты. Партия комитетінің жұмыстары аудан, облыс көлімінде алдыңғы қатарға шықты. Партком хатшысының істәжірибелері қорытындыланып, сараланып, арнайы плакатқа ілініп, облыстық және аудандық газеттерге жарияланды. Партия комитетінің іс-тәжірибесін, жұмыстарын насихаттау, көрсету, үйрету бағытында біздің шаруашылықта облыстық семинар-кеңес өткізілді. Бүкілодақтық социалистік жарыстардың жеңімпаздары атанып, ауыспалы “қызыл туды” жеңіп алдық. Халықтың адал еңбектері еленіп, орден, медальдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Мені 1980 жылдың 13 наурызында «Еңбектегі ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Халықтың жағдайы жақсарды, коттедж үйлер салынды, автомашиналар мен мотоциклдер алды. Шаруашылық барлық сала бойынша алға шықты.

1980 жылы Шет ауданының бірінші хатшысы қызметінен босатылды. Жаңа бірінші хатшы келді де, басқаша жұмыстар басталды.

1980-1989 жылдары Шет аудандық партия комитетінің «Үгіт-насихат бөлімінің» меңгерушісі болып 9 жыл қызмет атқардым. Бұл жылдар менің өмірімде өте жауапты әрі қызықты жылдар болды. Ауданның бүкіл саяси, идеологиялық жұмыстарына жауап бересің. Білім, медицина, мәдениет, спорт, әулеметтік салаларды, жастармен жұмыс, ардагерлермен жұмыс жүргізу, ұйымдастыру, басқару оңай болған жоқ.

Аудандық Партия комитетінің осы саланы басқаратын үшінші хатшылары әйел адамдар және басқа ұлт өкілдері болды. 600 шақырым шалғай жатқан Жезқазған облысына қараймыз. Жиналыс өте көп. Бір айда 2-3 рет шақыратын. Бір күндік жиналыстарға автобус, пойызбен үш күн жүретінбіз. Маған өте қиын болғаны – үшінші хатшылар әр түрлі сылтаулар айтып, Жезқазғанға жол-сапарларға бармай қалатын. Бөлім меңгерушілерін шақырған жиналыстарға өзім баратынмын, үшінші хатшыларды шақыратын жиналыстарға екінші рет баратынмын. 9 жылда көптеген жұмыстар атқарылды. Жаңадан мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлері салынды.

1985 жылы ауданға бірінші хатшы жаңадан сайланды. Содан 1988 жылы Шет ауданның 60 жылдығын атап өту жөнінде мәселе аудандық партия комитетінде бюро отырысында қаралды. Комиссия құрылды, ұйымдастыру комитеті құрылды. Арнайы жоспар жасап, нақты жұмыстар жүргізу жауапты адамдарға тапсырылды. 60 жылдықты атап өту үшін Шет ауданының құрылғанын растайтын құжат керек болды. Ол жылдары ауданда архив жоқ, құрылмаған. Мұражай да жоқ, ұйымдастырылмаған! Содан ауданның бірінші хатшысы арнайы қаулы шығарып, мені Алматыға, Қарағандыға жолсапарларға жіберді. Алматы қаласында 7 күн республикалық музейде, республикалық архив мекемесінде болып, көптеген құжаттарды таптым, келісіп көшірмелерін алдым. Қазақ ССР үкіметі қаулысының көшірмесін түсіріп алдым. Шет ауданы 1928 жылы құрылсын делінген, шекаралары белгіленген, көптеген құжаттардың көшірмелерін алдым. Қысқасы, көптеген құжаттарды алып қайттым.

1988 жылы шілде айында Шет ауданының 60 жылдығы бірінші рет жоғары дәрежеде тойланды. 1988 жылға дейін Шет ауданының мерейтойы атап өтілмеген екен. Ауданда туған ғалымдар, зиялы азаматтардың көбісі шақырылды. 60 жылдық тойға ССРО-ның халық әртисі Ермек Серкебаев қатысып, әндерін, құттықтау сөздерін айтып кетті. Сол кезде жаңа ғана көріне бастаған Мәдина Ералиева келіп, өнер көрсетті. Жоғары дәрежеде өтті той.

Содан кейін 1989-1991 жылдары аудандық партия комитеті комиссиясының төрағасы қызметіне орналастым. Сонда үгіт-насихат бөлімінің меңгерушілігіне, бөлімнің инструкторы болып тағайындалдым. 9 жыл істеген барлық құжаттарды ауданның 60 жылдығына арналған 7 папканы орныма тағайындалған адамға тапсырып кеттім.

1992 жылдан Совет үкіметі құлап, Қазақстан өз алдына егемендік алып, Қазақстан Республикасы құрылды. Ауданның 60 жылдығында 14 күн жүріп, жинап, тауып әкелген құжаттарым кейбір пысықсымақтардың қолына түскен болу керек. Әр түрлі мәліметтер газеттерге шығып жатты, әр түрлі жиындарда айтылып жүрді. Сонда 1988 жылда Шет ауданы 60 жылдығын тойлағандағы құжаттардан алынды десе де болады ғой.

1992-1997 жылдары Шет ауданы әкімшілігінің жалпы бөлімінің меңгерушілігі қызметін атқардым. Бақылау, орындауға қатты көңіл бөлінді. Жаңадан қажетті техникалар, құрал-жабдықтар алынды. 1997-1999, 2003-2004 жылдары Шет ауданы әкімшілігінің аппараты басшысының қызметін атқардым. Осы жылдары ауданда 33 мекеме, 25 ауыл, кент әкімшіліктері жұмыс істеді. Аппарат басшысы ретінде олардың барлығына басшылық жасап, бақылап, бірге жұмыстар атқардық. Барлық елді мекендерді аралап, аудан, ауыл, кент әкімдері есептер беріп отырды. Ауданда 69 кіші елді мекен болған. Олардың бар екендігін ұмытып кеткен, аралап жағдайларын білмеген. Арнайы аудан әкімінің өкімін шығартып, барлық елді мекендерді аудан әкімі, мекеме, кәсіпорын басшылары бірге жүріп араладық. Көптеген жайлар анықталды.

Жайлауларда, қыстақтарда отырған малшылар аудан әкімін, мекеме басшыларын көріп, жағдайларын айтты. 2004- 2008 жылдары аудан әкімінің көмекшісі, кеңесшісі қызметтерін атқардым. 2008 жылы 63 жасқа толып, зейнеткерлікке шықтым. 2009 жылы Қарағанды қаласына көшіп келіп, 4 жыл облыстық мұғалімдердің білімдерін жетілдіру институтында істедім.

Шет ауданында 43 жыл басшылық қызметтерде болдым. Қалай істегенімді Шет ауданының халқы, бірге істеген азаматтар біледі.

73 жасымның 47 жылын қызметте өткердім. Тәубе! Алла денсаулық беріп, кемпірімнің, балаларымның, немерелерімнің, шөберелерімнің амандығын берсін, қызықтарын көрсетсін.

Шет ауданында 43 жыл істегенде, 1971 жылдан аудандық советтің депутаты болдым. 1975 жылдан 1991 жылға дейін Шет аудандық партия комитетінің пленум мүшесі, 1999 жылдан «Нұр Отан» партиясының мүшесімін».

Өмірін қоғамдық шаруаға арнаған ағамыздың ғұмыр жолы – көпке үлгі. Биыл Шет ауданының 90 жылдығында аумаққа маңдай тері сіңген осындай аталарымызды атап өткенді жөн көрдік. Ел аман да, көш тоқтамасын, ендеше.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button