Бас тақырып

Құрмет құшағындағы қаламгер

Аймаққа белгілі журналист әрі жазушы, ҚарЛагтың ақтаңдақтарын зерттеуші қайраткер ретінде танылған Екатерина Кузнецова мерейлі 85 жасқа жетті. Мерейтой қарсаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтап, құрмет білдірді.

Салтанатты шараға облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда, Қазақстан Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов, «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары – «Индустриальная Ка­ра­ганда» газетінің Бас редакторы Оксана Мягких қатысып, Е.Кузне­цоваға ақжарма тілектерін жеткізді.

– Біз сізді аймақтың беделді журналистерінің бірі ретінде білеміз. Ұзақ уақыт «Индустриальная Караганда» газетінде жұмыс істедіңіз, қалам шеберлерінің бірнеше буынын тәрбиеледіңіз. Сіз сталиндік қуғын-сүргін тақырыбын зерттеуге бірінші болып кіріскен қаламгерсіз. Өз мақалаларыңыз бен кітаптарыңызда ҚарЛаг туралы шындықты айттыңыз. Сіздің еңбегіңіз үшін зор алғыс білдіреміз. Бұл еңбектер бізге өте қажет. Мұндай жағдай қайталанбауы үшін өткенді ұмытпау керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Облыс әкімі мерейтой иесіне зор денсаулық, ұзақ өмір тіледі.

Екатерина Кузнецованың аймақ журналистикасында жүргеніне ширек ғасырдан асты. Ол осы салада өткен ғасырдың 60-жылдарының басынан еңбек еткен. Негізгі шығармашылық жолы «Индустриальная Караганда» газетімен байланысты. 1987 жылдан бастап ҚарЛаг тақырыбын зерттей бастайды. Ондағы мақсаты – сталиндік қуғын-сүргіннің шындығын жария­лау. Бұл жолда барын салды. ҚарЛаг тұтқындарының естеліктерін жинастырды. Халық жауы болып жазықсыз жапа шеккен адамдардың қилы тағдыры туралы жазбалары «Куст карагана», «Карлаг: по обе стороны колючки», «Репрессированный Казахстан» және басқа да кітаптарына арқау болды. Сонымен бірге, Екатерина Борисовна «Книга скорби. Расстрельные списки» атты қарағандылық басылымның редактор-құрастырушысы.

– Үнемі азаматтық тұрғыда белсенді болу үшін өз мамандығыңды сүю керек, – деп бөлісті ойын Екатерина Кузнецова. – Ешкімнен және ештеңеден қорықпаңыз­дар, ешкімге жағуға тырыспаңыздар. Журналистика қорқақтар мен жағымпаздарды ұнатпайды. Егер өз сөзіңе сенімді болсаң, өз жұмысыңды жаса. Егер қорқатын болсаң, онда саған журналистикада орын жоқ.

Өз тілшімізден.
Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button