Құрманғали ЫСМАҒҰЛОВ: «13 пост орналастырылады»
Карантин кезінде Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай қалаларының негізгі автокөлік жолдарының шығаберістеріне 13 пост орналастырылады. Олардың 7-і – блокпост, 6-ы – санитарлық пост. Баспасөз мәслихатында осы және өзге де маңызды жайттар туралы облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали ЫСМАҒҰЛОВ айтты.
– 13 постта 130 полиция қызметкері жұмыс атқарады және Қорғаныс министрлігіне қарасты қосымша күштер мен санитарлық-эпидемиялогиялық станциялар (СЭС) қызметкерлері жұмылдырылады. Оларға арнайы 13 патрульдік және «КамАЗ» көліктері, Қорғаныс министрлігіне қарасты автокөліктер, сондай-ақ, СЭС қызметкерлері үшін арнайы автобустар бөлінеді. Посттарға қатысты ақпараттар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Қарағанды қаласы арқылы өтетін транзиттік көліктер Шығыс айналма жолы, яғни, «Алматы-Екатеринбург» тасжолымен өтеді. Бұдан бөлек, Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай қалаларын карантин режиміне өткізу кезінде Қызылорда, Павлодар бағытындағы жолдарға, Жаңаарқа ауданының Бидайық ауылының тұсына қосымша күш жұмылдырылады. Олар барлық автокөліктерді Ақсу-Аюлы кенті арқылы өтетін «Алматы-Екатеринбург» тасжолына бағыттап тұрады, – деді Құрманғали Жәрдемұлы.
Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде патрульдік полиция бөлімінің саптық бөлімшелері екі ауысымдық жұмыс реттілігімен қала көшелері және қоғамдық орындардағы тәртіпті қадағалап, жағдайды бақылауды жүзеге асыруда.
«Қорғаныс министрлігінің келісімі бойынша облыс орталығы аумағына қосымша әскери күштер тартылды. Ұлттық ұланның 700 жасағы жұмылдырылып, оның 500-і – Қарағанды қаласында, ал 200-і Теміртау қаласында кезекшілік атқаруда.
Жедел басқару орталығының жұмысы жандандырылып, бейнебақылау жүйесінің қызметі күшейтілді. Стратегиялық маңызы зор мемлекеттік нысандарды қорғауға қатысты шаралар қолға алынуда. Атқарылған пәрменді әрекеттердің нәтижесінде, қазір жағдай бірқалыпты.
Індеттің таралуына тосқауыл қоюға бағытталған жұмыстар белсенді түрде жалғаса беретін болады», – деп мәлімдеді ол.