Qarmet отандық құбыр өндірісін дамытуға үлес қосады
Қазақстан Конституциясында ел экономикасын дамыту мен отандық өндірісті қолдау маңызды бағыттардың бірі ретінде айқындалған. Осы мақсаттағы бастамалардың бірі – өндірістік әлеуетті арттырып, импортқа тәуелділікті азайту. Осы бағытта Qarmet компаниясы қазақстандық құбыр өндірушілерін металл шикізатымен қамтамасыз ету жөнінде келісім орнатты.

Құжатқа «Qarmet» АҚ, «ТЭМПО-Қазақстан» ЖШС және «Павлодар құбыр прокаттау зауыты» ЖШС қол қойды. Келісім «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және дамыту жөніндегі Қазақстан орталығының» үйлестіруімен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асады.

Бастаманың негізгі мақсаты – отандық шикізаттан өндірілетін құбыр көлемін ұлғайтып, импортты алмастыру. Келісімге қатысушы кәсіпорындар энергетика және коммуналдық инфрақұрылымның қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Qarmet болатынан диаметрі 57-ден 273 миллиметрге дейінгі құбырлар шығаруды жоспарлап отыр.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасына бағытталған инвестицияның жалпы көлемі 13 триллион теңгеден асады. Qarmet компаниясы жаңғыртуға бөлінетін қаражаттың басым бөлігін ел экономикасында қалдыруға басымдық береді. Бұл отандық кәсіпорындарға тапсырыс беру, өндірістік қуаттарды толық пайдалану және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жүзеге асады.

«Біздің мақсатымыз – қазақстандық металдан отандық құбырлар мен металл конструкцияларын өндіру. Мұндай ынтымақтастық кәсіпорындарды тұрақты шикізат жеткізілімімен қамтамасыз етіп, елімізде жаңа өндірістер ашуға және импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Біз серіктестікті кеңейтуге мүдделіміз және осы бағытта өндірістік қуатымызды арттыруға дайынбыз», – деді «Qarmet» АҚ Стратегиялық даму жөніндегі директоры Тұрар Жолмағамбетов.

Компания отандық құрылыс саласын қолдауға да ерекше мән береді. Осы мақсатта Qarmet Қазақстан құрылысшылар одағы республикалық заңды тұлғалар бірлестігімен қазақстандық металл прокатын құрылыс компаниялары арасында кеңінен қолдануды ілгерілету жөнінде уағдаласты.
Қазақстанда арматураға деген жылдық сұраныс шамамен 1,5 миллион тоннаны құрайды. Оның 1 миллион тоннаға жуығы импорт арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар арматура тұрғын үй құрылысының өзіндік құнының шамамен 17 пайызын құрайды. Сондықтан отандық өнім өндірісін ұлғайту құрылыс шығындарын оңтайландыруға және ішкі нарықты тұрақты жеткізіліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ішкі нарықтағы ұсынысты арттыру үшін Qarmet жылына 520 мың тонна арматура өндіретін жаңа сортты прокаттау цехын салуды жоспарлап отыр. Жоба өнім көлемін ұлғайтып, металл прокатының түрлерін кеңейтуге және импорттық өнімнің бір бөлігін отандық өніммен алмастыруға бағытталған.
Бұдан бөлек, компания ұлттық жобаның машина жасау бағытына Qarmet Machinery арқылы қатысуға мүдделі. Бұл бағытта энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті жабдықтар мен қосалқы бөлшектерді өндіру және жеткізу мүмкіндіктері қарастырылуда.
Аталған бастамалар болат өндіруден бастап дайын құбырлар, құрылысқа арналған металл өнімдері мен машина жасау бұйымдарын шығаруға дейінгі отандық өндірістік тізбекті нығайтуға бағытталған. Бұл елдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, қазақстандық кәсіпорындардың ұлттық жобаларға қатысу аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Диас СЕРІКҚАЗЫҰЛЫ
Ortalyq.kz



