Ұрмалы аспаптардың ұрпақ тәрбиесіндегі ролі
«Айналайын» бөбекжайының жоспарына сай, музыка жетекшісі Марс СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ ұйымдастыруымен «Балалардың шығармашылығын дамытудағы ұрмалы аспаптардың рөлі» тақырыбында қалалық семинар өтті.
Іс-шараға білім бөлімінің әдіскері Әлия Қалымбайқызы және қаланың барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлері, музыка жетекшілері, жас мамандар және бөбекжай тәрбиешілері қатысты. Семинарды «Айналайын» бөбекжайының директоры А.Күлмағанбетова ашып берді.
М.Сүлейменов қонақтарды шаттық шеңберіне тұрғызып, әріптестеріне жылы лебіздерін білдіре отырып, өздерін таныстырудан бастады. Әрі қарай осы салада 20 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан маман ұрмалы аспаптардың шығу тарихынан мағлұмат берді. Және сабақта сол ұрмалы аспапты пайдаланудың тиімді тұстары жайлы әріптестерімен ой бөлісті. Ұрмалы аспаптың дыбысы арқылы баланың әуенді дұрыс есту, қабылдау, ырғаққа қосылып ән салу қабілеті дамитынын айтты. Баяндамадан соң сергіту сәтін ұйымдастырып, келген қонақтарды қатыстыра отырып, «Қазынаны тап» ойынын ұйымдастырып, сол ойынның шарттарын орындау барысында әдемі әндер орындалып, нотаны тап ойындары ойнатылды. Музыка ханшайымы қонаққа келіп, әсем ән тарту етті.
М.Сүлейменов өзінің расында бес аспап екенін түрлі ұрмалы аспаптарда кезек-кезек қатар ойнап, сонымен қоса, тұяқтың дауысын ауызбен сала отырып дәлелдеді. Семинар соңында қатысушылар өздерінің пікірлері мен жылы лебіздерін айтты. Жас мамандарға да сөз беріліп, олар алған әсерлерімен, тәжірибелерімен ой бөлісті. Семинар өте қызықты, жоғары деңгейде өтті.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, балаларға ән салуды үйретуден жалықпай, облыстық, республикалық, халықаралық жүлдегер балаларды дайындап, бөбекжайымыздың, қаламыздың атын асқақтатып жүрген ұстаздардың бірі – Марс Әбуұлының осы саладағы еңбегі зор.
П.НҰРШАЕВА,
«Айналайын» бөбекжайының хореографы.
ПРИОЗЕРСК қаласы.