Бас тақырып

Құрлық додасынан құр алақан емеспіз

Қытайдың Ханчжоуындағы жазғы Азия ойындары өз мәресіне жетті. Қазақстан медальдар саны бойынша 11-ші орында. Спортшыларымыз 80 медаль олжалады. Оның ішінде 10 алтын, 22 күміс, 48 қола бар. Жүлде саны бойынша бірінші орында Қытай, екіншіде Жапония, үшіншіде Оңтүстік Корея. Посткеңестік кеңістіктегі елдер арасынан үздік ондыққа тек Өзбекстан ілінді. Олар бесінші орынға жайғасты. Қарағандылық саңлақтар барлығы алты медальға қол жеткізді. Бір күміс пен бес қола.

Суда көркем жүзуден ұлттық құрамамыз жүлде алды. Әуелі «Дуэт» бағдарламасында Ясмина Тұяқова мен Арина Пушкина қоланы еншіледі. Ал, Азиада ойындарының соңғы күнінде командалық бағдарламада өнер көрсеткен Наргиз Болатова, Ксения Макарова, Этери Какутия мен Арина Мясникова да сол нәтижені қайталады.

– Бұл – жақсы нәтиже. Алдымызда Қытай мен Жапония тұр. Оларда бұл спорт түрі дамыған. Сонымен қатар, бағалау жүйесі өзгерді. Біздің қыздар соған қарамастан, жақсы өнер көрсете білді, – деді көркем жүзуден Қарағанды облысының бас бапкері Елена Котова.

Бұл жүлдегерлердің барлығы – жүзуден облыстық олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушілері. Қазір олар өңірлік жоғары спорт шеберлігі мектебінің қарамағында.

Бұл жолы каратэшілер жарады. Ханчжоуға келген 8 спортшымыздың барлығы медаль алды. Оның үшеуі алтын. Софья Берульцева ұлттық құраманың қоржынына 10-шы алтынды салды. Ол ел намысын 68 келіден жоғары салмақта қорғады. Ақтық сында непалдық Арика Гурунгті ұтты. Есеп 3:0. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қайсар Алпысбай, 75 келіге дейін Нұрқанат Әжіқанов жеңіс тұғырында. Күмісті Данияр Юлдашев 84 келіге дейінгі санатта және 68 келіге дейін Лаура Әліқұл жеңіп алды. Қола жүлдені 67 келіге дейінгі салмақта Дидар Өмірәлі мен Әсел Қанай (61 келіге дейін) еншіледі.

Джиу-джитсудан 65 келі салмақта өнер көрсеткен Ұлттық құраманың спортшысы Мариан Урдабаева Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. 57 келі салмақта өнер көрсеткен Галина Дуванова да сол нәтижені місе тұтты. Ақтық кезеңде Филиппин спортшысы Анние Рамирезкеге есе жіберді.

Бұл Азиада ойындарында ұлттық құрама бұрынғы межесінен төмендеді. Бұны көрсеткіштер айтып тұр. Бұған дейінгі өткен жазғы Азия ойындарында Қазақстан ең кемі 15 алтын алып жүрген. 2018 жылы Джакартада қоржынға 15 алтынды салыппыз. Тіпті, 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ойында 28 алтын еншілеп, рекорд орнатқан. 2010 жылы Гуанчжоудан 18 алтын, 23 күміспен, 2006 жылы Дохадан 23 алтын, 20 күміспен қайтыппыз. 2002 жылы Пусанда 20 алтын, 26 күміс тағыппыз. 1998 жылы Бангкоктан 24 алтын, 24 күмісті қанжығалаппыз. 1994 жылы Хиросимада – 27 алтын, 25 күміс. Алты Азия ойынында жалпы медаль саны бойынша үздік бестіктен көрініп келіппіз. 2018 жылы 9-шы орыннан табылдық.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button