Басты тақырыпОблыс әкімі

Әріптестік әлеуеті

    Өткен жұма күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар МАМИН мен Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Василий МАТЮШЕВСКИЙ Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген еді. Сапар барысында Қазақстан-Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысы өткен болатын. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары аймағымыздағы бірқатар кәсіпорындардың қызметімен танысты.

Ең алдымен А.Мамин «Сары­арқа» Арнайы экономикалық аймақ аумағындағы «ReсyclingCompany» ЖШС-нің автокөлік құралдарын жою кешенін аралап шықты. Бұл кешен биыл 26 шілдеде іске қосылған еді. Тағы бір айта кетерлігі, аталған кәсіп­орынның Орталық Азияда баламасы жоқ.

Жоба «2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриалды­-инновациялық даму бағдарламасы» бойынша жүзеге асуда. Ал, оның жалпы құны – 3,4 млрд. теңгені құрайды.

– Қазіргі күні зауыт құрылысының алғашқы кезеңі іске қосылған. Қолданыстан шыққан автокөліктерді жинау жұмысы қарқынды жүруде. Республиканың барлық аймағынан ескірген көліктер жеткізілуде. Бүгінгі таңда 30 мың автокөлік қабылданды. Біз мұнымен тоқталмаймыз. Тозығы жеткен көліктерді қайта өңдеу жұмыстары жалғаса беретін болады. Бұл кешенде автокөліктерді сығымдау және қалдықтарды құрамына қарай жіктеу жұмысы атқарылуда. Жыл соңына дейін балқыту және пиролиз цехтарының құрылысы қамтылатын екінші кезеңді аяқтау жоспарлануда. Қазіргі уақытта жабдықтар мен құрылғыларды монтаждау жұмысы жүргізіліп жатыр, – деді «RecyclingCompany» ЖШС зауытының басқарушы директоры Әзімжан Оспан.

Қолданыстан шыққан автокөліктердің қалдығынан болат, алюминий, түрлі-түсті металдар  қоспасы, сондай-ақ, резеңке ұнтағы мен көмірсутегі өндірілетін болады. Бұдан бөлек, зауыт аталған кешенді жылытуға және сатуға арналған пеш жанармайын өндіру жоспарда бар.

Кәсіпорын басшысының мәлі­ме­тінше, зауыт жылына 40 мың авто­көлікті қайта өңдеуге қауқарлы. Өнім ел аумағына жеткізіледі.

– Өткізу нарығымыз бар. Қазіргі күні зауыт тестілеу жүйесінде жұмыс жасап тұр. Өнімді өткізу бойынша әлеуетті тұтынушылармен келіссөздер жүргізілуде, – деді Әзімжан Оспан.

Өз кезегінде Асқар Мамин жобаның маңыздылығына тоқтала кетіп, үкімет тарапынан барынша қолдау жасалатынын жеткізді.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары «Сарыарқа» Арнайы экономикалық аймағын жаңа өндіру ошақтарымен толықтыру мәселесіне де құлақ асты. Қазір мұнда алты кәсіпорын жұмыс жасауда. Жуық арада тағы алты кә­сіпорынның іске қосылуы жоспарлануда. Он учаске әзірге бос тұр.

Мұнымен қоса, аймақта іске асырылып жатқан маңызды жобалар таныстырылды. Мұның қатарында – байыту комбинаты, Доре алтын құймасын өндіретін зауыт, қуаттылығы 100 Мвт-ты құрайтын күн электр станциясының құрылысы, кондитерлік фаб­риканың жетілдірілуі, барит кенін қайта өңдеу кешені және тағы басқалар болды.

Аймақтағы тауашалы салаға жат­қызылғандар қатарында – металлургия-металлөңдеу, агроөнеркәсіп кешені, құрылыс материалдарының, синтетикалық жуғыш заттардың, тау­-кен және ауыл шаруашылығы техникасының, резеңке-техникалық бұйымдардың, лифттердің өндірісі бар.

Облыста барлығы 100-ге тарта тауашалы жоба әзірленген. Оның ширек бөлігін «Сарыарқа» Арнайы экономикалық аймағында жүзеге асыру жоспарлануда. Сөйтіп, «Сарыарқа» Арнайы экономикалық аймағы – өңі­ріміздің экономикалық өсім нүктесі ретінде белгіленген.

– Жалпы, өткен 8 ай қорытындысына сүйенсек, облыста өндіріс көлемі 4,7%-ға өскендігін байқаймыз. Бұл – республикалық орташа деңгейден төмен. Десе де, жаман көрсеткіш емес. Дамудың жоғары кезеңінде тұрған осы жобалар іске қосылады деп үміттенеміз. Сөйтіп, мұның барлығы аймақтағы экономикалық өсімге оң нәтиже берері сөзсіз, – деді Асқар Мамин.

Облыс орталығында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 24 қабатты 7 тұрғын үй салу көзделуде. Бұл туралы Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Маминге берген есебінде мәлімдеді.

– Биыл 1474 пәтердің кілтін табыс ету көзделуде. Келесі жылы 2688 пәтер өз иесіне берілетін болады. Қазіргі күні «Панель-Центр» шағын ауданының құрылысы аяқталуда. Сөйтіп, биыл 936 пәтер берілсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш – 192 пәтерді құрайды. Бұл жобаның жүзеге асуы «Байтерек Development» АҚ арқылы құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын бағалы қағаздарды сатып алу нәтижесінде қол жетімді болып отыр. Сонымен қатар, тұрғын-үй жинағы арқылы жекеменшік салушылар мен үй салушы комбинаттарымызды тарттық. «Жанұя – 2» шағын ауданында 10 қабатты үйлер тұрғызылуда. Пәтерлер саны – 139. Ал, «Сапа» шағын ауданында барлығы 288 пәтер бар 9 қабатты үйлер бой көтеруде, – деді Нұрлан Әубәкіров.

Оның айтуынша, Қарағандыдағы 68 мың салымшының 6 мыңнан астамы 3-5 млн. теңге жинақтаған. Ал, бұл сома – пәтер алу үшін бастапқы жарна ретінде жеткілікті.

– Биыл біз үй салу комбинаттары арқылы тұрғын-үй салуды бастаймыз. Тұңғыш рет 24 қабатты үй салуға кірісеміз. «Трилистник» тұрғын үй кешені мұндай 7 үйді қамтиды. 2017 жылы 4 млрд. теңге бөлінді. Ал, келесі жылы бұл сома 6,6 млрд. теңгені құрайтын болады, – деді қала басшысы.

Жоба бойынша, бұл көп қабатты үйлердің жалпы аумағы – 76 мың шаршы метрге жетеді. Бұл – 1344 пәтердің аумағы. Қала басшысының сөзіне сенсек, аймақтағы тұрғын-үй салу комбинаттары 100% жұмыспен қамтылады.

– Үй салу комбинаттарының артықшылығы неде? Ең бастысы – үйдің салу мерзімі мен шығыны азаяды. Егер монолитті қаңқа кезінде мұндай үйлер 23-24 ай салынса, бұл ретте үйлер 14-15 ай мерзімінде тұрғызылады, – деді Нұрлан Әубәкіров.

Тағы бір айта кетерлігі, қала әкімінің айтуынша, жаңа оңтүстік-батыс тұрғын үй ауданы Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс арасын жалғайтын болады. Жоба – 2017-2019 жылдары жүзеге асады деп жоспарлануда. Тұрғын үйдің жалпы аумағы 77 мың шаршы метрден асып, 1476 пәтерді құрайды. Оның 828-і 2018 жылы дайын болады. Биылдың өзінде қаржыландыру мөлшері 1 млрд. теңгені құраса, алдағы екі жыл көлемінде бұл сома 4,7 млрд. теңгеге жетеді.

– Тұрғын-үй құрылысының қарқынын үдемелеу қажет. Бұған керекті күш-қуат та, мүмкіндік те, құрылыс индустриасы да бар. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырудың барлық жағдайы жасалған. Қазіргі күні тек белсенді жұмыс жасау ғана қалды, – деді Асқар Мамин.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары ат басын тіреген келесі нысан – «Қарағанды фармацевтикалық кешені».

2005 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке тапсырмасымен бірегей дәрі-дәрмектерді өндіруге арналған «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС-ның бірінші кезеңі салынып, пайдалануға берілді. Сөйтіп, 2008 жылы онкология ауруларын емдеуге арналған Арглабин атты отандық бірегей дәрі-дәрмекті өндіру басталды. Ал, 2010 жылы кәсіпорын Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған фармацевтика өнеркәсібін дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламасына енгізіліп, мемлекеттік қордың қаржылай қатысуымен «Қарағанды фармацевтика кешенінің» үшінші кезеңін салу басталды. Бұдан әрмен 2012 жылдың шілдесінде компанияны дамыту мақсатында жеке инвестициялау туралы шешім қабылданды. Бұл – жобаны жүзеге асыруға, жаңа серпін беруге мүмкіндік туғызды.

Компания тарихына қысқаша шолу жасау артық болмас. Себеі, бүгінгі таңда еліміздегі дәрі-дәрмектің 90%-ы шет мемлекеттерден жеткізілетінін ескерсек, «Қарағанды фармацевтика кешенінің» ел дамуында алар орны аса зор. Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин компанияның өндіріс орнымен танысып, жұмысты әрі қарай жандандыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар, Асқар Мамин «Орталық-Оңтүстік» автокөлік дәлізінің Қарағанды-Теміртау жол учаскесінде жылжымалы жиналыс өткізіп, тас жолды қайта қалыпқа келтіру жұмысын бақылап қайтты. Жоба – «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Ұзындығы 14 шақырым авто жолда жол қаптамасын, көліктік жол айрығын орнату жұмыстары өткізілуде. Оны пайдалануға беру – 2018 жылға жоспарланып отыр.

– Қазіргі таңда жол жөндеушілердің басты міндеті – халыққа ыңғайлы болу үшін, қайта қалпына келтіріліп жатқан жол бөліктерін уақытылы және сапалы түрде тапсыру, – деді Асқар Мамин.

♦ ♦ ♦

Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Василий Матюшевскийдің бастаған Беларусь делегациясы Қарағандыдағы «ҚазБелАз» ЖШС бірлескен кәсіпорнына табан тіреп, меймандар өндіріс жағдайыман танысты.

«Казақмыс» корпорациясы» ЖШС-ның «Қарағанды құю-машина жасау зауыты» базасы негізінде құрылған «ҚазБелАз» ЖШС бірлескен кәсіпорны 2010 жылдың наурыз айынан бері жұмыс жасап келеді. Құрылтайшылар – «Казақмыс» корпорациясы» ЖШС (51%), «БелАЗ» ААҚ (29%) және «АстанаБелАЗСервис К» ЖШС (20%). Жоба мемлекетіміздің индустриаландыру Картасына және 2009-2016 жылдарға арналған Қазақстан-Беларусь экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына енгізілді. Мұндағы мақсат – беларусьтық техника өніміне сервистік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және алдағы уақытта карьерлік автотүсіргіш құрастыру еді.

Бірнеше жыл бұрын іске қосылған кәсіпорында жүк көтеріштігі 45 тоннаны құрайтын 18 карьерлік автотүсіргіш құрастырылған. Сөйтіп, сапар барысында өндіріс көлемін ұлғайту мен өнім түрін арттыру мәселе бойынша келісімге қол жеткізілді.

♦ ♦ ♦

Түс ауа Қарағанды қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан-Беларусь сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі Үкіметаралық комиссиясының 13-ші отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Мамин мен Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Василий Матюшевский қатысты.

Үкіметаралық комиссия отырысында сауда, инвестициялар, өндірістік кооперациялар, ауыл шаруашылығы, ғылым және технологиялар, көлік және логистика салаларындағы екіжақтық серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды.

Асқар Мамин мемлекетаралық барлық деңгейдегі байланыс, кеңес үкіметінен кейінгі аумақтағы, ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақтағы интеграциялық бірестіктерге қатысуы бойынша Қазақстан мен Белорусь арасындағы қарым-қатынастың табыстылығын атап өтті.

Биылғы 7 ай қорытындысы бойынша Қазақстан мен Белорусь елдері арасындағы тауар айналым 313,7 млн. АҚШ долларын құраған. Өткен жылғы осы уақыт аралығымен салыстырғанда көрсеткіш 75,6%-ға өскен. Экспорт 4 есе ұлғайып, 332,6 млн АҚШ долларына жетсе, импорт 58 %-ға көтеріліп, 259 млн АҚШ долларын межеледі.

– Екі ел арасындағы тауар айналымын 2020 жылға қарай 1 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу керек, – деді Асқар Мамин.

Бұл қол жеткізуге болатын мақсат деп тұжырымдайды ол. Екіжақтық серәктестіктің әлеуеті кең, өнеркәсіп, көлік-логистикалық секторда, агроөнеркәсіп кешенінде және тағы да басқа бағыттарда бірлескен жобаларды жүзеге асыр мүмкіндігі бар.

– Соңғы жылдары аймақаралық ынтымақтастықтың тұрақты динамикасы байқалады. Бүгін Белорус елінде 100-ден астам қазақстандық инвестициялар бар кәсіпорындар жұмыс істейді. Белорустік жақ әрі қарай да инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жан-жақты көмек көрсетіп, өзара тиімді инвестицияларды қолдауға дайын, – деді Василий Матюшевский.

Екі жақ серіктестіктің әлеуетті бағыттарын анықтау, мал шаруашылығы және өсімдік шаруашлығындағы, мелиорация және суармалы жерлер саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша бірлескен жұмыс тобын құру мүмкіндігін қарастырды. Сонымен қатар, қазақстандық және белорустік компаниялардың ауыл шаруашылық өнімдерін өзара тасымалдап жеткізу мәселелері талқыланды.

Қарашада Қазақстан Ішкі сауда палатасы және Белорусь Сауда-өнеркәсіп палатасы арасындағы қазақстан-белорусс Іскер кеңесін құру туралы Келісімге қол қою жоспарланып отыр.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша қазақстан-белорус Үкіметаралық комиссиясының XIII отырысының қорытындысы бойынша хаттамаға қол қойылды. Келесі, 14-ші отырысты 2018-ші жылы Белорус аумағында өткізу шешілді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button