Бас тақырып

Рамазан Бахтиярұлы: “Жаннан қымбат маған Ар”

Кіндік қаны Өзбекстанның Үшқұдығына тамып, бота тірсек бозбала шағы – Теміртауда, ат жалын тартып мінер кезі – Ресейдің Тверь қаласындағы әскери оқу орнында өткен бұл офицердің елге қайтып келген сертіне сенімділігі қызықтырды бізді. Үш мемлекеттің дәм-суын тату бұйырған бұл баланы «мен алғаш көргенде тұрымтайдай ұл еді». Қазір Қорғаныс министрлігінің Балқаш қаласындағы 44803Б әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, әскери шені – капитан. Сойы – Рамазан, тегі – Бақтияров. Еліміздің әуе қорғанысын қамтамасыз етуде қызметте. Әлдеқандай себептермен адасып, я, кездейсоқ емес, жүрек қалауымен барған Отан қорғаушы мамандығына. Сонымен, сұхбат – бүгінгі капитан, ертеңгі – генерал Рамазан Бахтиярұлымен өрбиді…

«ЕСТЬ ТАКАЯ ПРОФЕССИЯ – РОДИНУ ЗАЩИЩАТЬ»

– Рамазан, сұрақты төтесінен қояйық. Жалпы, әскери қызмет сіз үшін не? Кәсіп пе, әлде одан да құндырақ өзге бір мән бар ма?

– Әскери қызмет мен үшін не? Әрине, бұл – мен үшін, ең алдымен, мамандық. Соның ішінде, Отанды қорғайтын мамандық. «Офицеры» деген советтің фильмі бар. Сонда «Есть такая профессия – Родину защищать» деген мәтелге айналып кеткен даналық сөз айтылады. Мен осы сөзді санама құйып өсіппін. Сондықтан да осы мамандықты таңдадым. Маған Отанды қорғау, шын мәнінде, зор абырой. Қазақстан Республикасының Отан қорғаушысы болу – асқан мәртебе.

– Ресейдің әскери оқу орнында дәріс алдыңыз. Қалауыңыз сырт елге түсті. Неге? Елдегі аталған бағыттағы отандық оқу орындарын қомсындыңыз ба?

– Иә, мен Тверь қаласындағы Маршал Г.Жуков атындағы Әскери әуе-ғарыштық қорғаныс академиясында оқыдым. Ресейді таңдаған себебімнің астарында ондағы оқу орнындағы материалдық– техникалық базадан бастап, оқытушыларының білім беру сапасы жатыр. Олардың мүмкіндіктері – орасан зор. Сол себепті онда біз ғана емес, алыс-жақын шетелдің азаматтары да білім алады. Мысалы, Африканың Ангола, Бурундей, Мозамбик, Араб елдері – Сирия, Алжир, Йеменнен, Латын Америкасы елдерінен, біздің көршілес мемлекеттерден де көп оқиды.

Оқытушылар құрамының негізі – доценттер, профессорлар және оның барлығы дерлік дербес әскери қимылдарға қатысқан тұлғалар. Оқытушылар Вьетнамда, Араб-Израиль соғысында, Сирияда, Египетте, Югославияда болған. Яғни, әскери қимылды жетік меңгерген. Демек, олардың беретін дәрістері де құнды, меніңше.

Әлбетте, Қазақстанда мұндай жоғары оқу орындары бар. Бірақ, мен үшін Ресейде оқу маңыздырақ еді. Бұл тұста көкірегіңіздің көкжиегі кеңейе түседі.

«ОТАН ҚАЙДА ЖҰМСАСА, СОНДА БАРУҒА ӘЗІРМІН»

– Әдетте, сыртта оқыған жастардың Қазақстанға қайтқысы келмейтін жайттары жиі. Онда материалдық қызығушылықтар басты рөлге шығады. Яғни, өзге ел қомақты жалақы, жоғары тұрмыстық жағдайды ұсынып жатады. Жалпақ тілмен айтқанда, шетелдің материалдық арбауына түсіп қалады. Сізді ондай «арбау» болған жоқ па?

– Әскери оқуда мұндай таңдау жоқ. Мүлде болмайды да. Ол туралы ойлауға хақымыз жоқ. Өйткені, біз Қазақстан Республикасына ант бергенбіз. 15 жылға келісім-шарт жасасқанбыз. Сондықтан, қандай жағдай болса да, оқуымызды аяқтаған соң Қазақстанға қайтып оралып, елге қызмет етуге міндеттіміз. Себебі, біз – Отан қорғаушылармыз. Таңдауымыз – әуелден белгіленіп, жасалып қойылған.

 – Бәріміз – адамбыз. Жұмыр басты пенде болған соң еркін жүргенді, тұрғанды жақсы көреміз. Ноқтаға басымызды сұққымыз келмейді. Әскерилерде ондай жоқ. Болмайды да. Өмір бақи тәртіппен, бұйрықпен жүріп-тұру – қажытпай ма?

– Иә, әскери адамдарда бұйрықты тыңдамау деген жоқ. Қай жаққа барып қызмет жаса десе, жиналып алып сонда барамыз. Мысалы, өз басым, Ақтауға, иә Алматыға, немесе Шымкент, Қызылжарға десе де барамын. Тіпті, шетелге, Сирияға, Ирак, Ресейге бар десе де, барамын. Мен антыма адалдық тануға тиіспін. Маған ар – жаннан қымбат. Әскери адамдарды мемлекет бар қамқорлығына алып отыр. Баспана, тұрақты айлық, отбасына берілетін тұрғын үй жалдау ақысы, бәрі-бәрі мемлекет есебінен. Ал, бұл, аз қамқорлық емес.

«ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ – АҚСҮЙЕК ӨНЕР»

– Әрине, өмір түрлі оқиғалардың тоғысынан тұрады. Сіздің Кремльде болып, Ресей Президенті В.Путинмен кездескеніңізді білеміз. Сондай сәттерде адамның бойын түрлі сезім билейтіні анық. Сол кезеңде қандай күй кештіңіз? Ойыңызда не тұрды?

– 2013 жылдың 23 маусымында Кремльде Ресей Президенті Владимир Путиннің қабылдауында болғаным рас. Жыл сайын Кремльде сондағы әскери оқу орындарындағы үздік офицерлерді, курсанттарды жинайтын дәстүр бар. Ресейдің көнеден тамыр тартқан салты. Тарихтан мәлім, Ресей Ресей болғалы, әскери өнерді жоғары қойды. Оған ақсүйек өнер ретінде қарады. Өздеріңіз білесіздер, патша дәуірі құрдымға кеткенге дейін әскери қызметте, оқуда Ресейдің ақсүйегінің балалары оқыды, тәрбиеленді. Әскери тәрбиені олар мемлекеттілігінің бастауына қойды. Балаларын кішкентай күнінен соған тәрбиеледі. Бұл – кездесу де сол дәстүрдің жаңғыруы деп қабылдадым мен. Онда Қазақстаннан екі адам қатыстық. Бізбен қатар өзге елдің азаматтары да барды. Кремльде қабылдауда болуым жоғары оқу орным үшін, елім үшін, ата-анам үшін мақтаныш екенін сезіндім.

– Елден шеткері жүрген бес жылда көңілге жиғаныңыз көп шығар… Жат боп кеткен жоқсыз ба? Тілді ұмытып дегендей…

 – Жоқ, тілді ұмыту мүмкін емес. Бес жыл сыртта жүрдім деп ана тілімді ұмытып қалған жоқпын. Біз сонда жоғары оқу орнында қазақ шәкірттері өзара қазақша сөйлесетін едік. Тіпті, қырғыз бауырлар да бізбен бірге қазақша, қырғызша сөйлесіп отыратын.

«ПАТРИОТИЗМ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ»

– Енді бүгінге қызметіңізге келсек, осы сіздің әскери бөлімге жүктелген міндет не?

– Біздің әскери бөлім Қорғаныс министрлігіне қарасты. Қазақстан Республикасының әуе шекарасын қорғауды қамтамасыз етеді.

– Бөлім командирінің идеология жөніндегі орынбасары ретінде қазіргі патриотизм туралы не айтар едіңіз? Қай тұсымыз кемшін, немесе артық?

– «Патриотизм әскерге алынып, сарбаз санатына қосылғаннан кейін ғана басталмайды. Патриотизм отбасынан басталады» деген Бауыржан Момышұлының сөзі бар. Рас сөз. Сарбаздың санасына санаулы уақытта отансүйгіштікті құйып беріп, оны құрыштай шынықтырып, болаттай берік етіп шығару – мүмкін емес. Отансүйгіштік адамның бойында бала күнінен қалыптасуы тиіс. Ал, ол Отан алдындағы қызметте одан әрі шыңдала түседі. Бұл сезім дән сияқты емес пе? Жылдар өткен сайын өсіп, өркендей түсуі керек. Жұдырықтай кезде ол дән себілмей қалса, есейгенде оны егіп, өндіріп алу деген шөл далаға егін еккенмен тең ғой. Осындай олқылықтарға ұрынбас үшін қазіргі күнде мектептерде дәрістер өткізіп тұрамыз. Балқаш қаласында менің қарамағымда екі мектеп бар.

 – Әңгімеңізге рахмет! Отан алдындағы қызметіңізге тағы да абырой тіледік.

Әңгімелескен Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Back to top button