Бас тақырып

Рахмет саған, Қазақстан!

Ер түріктің тұяғы – түрік жұрты үшін ақпанның алғашқы он күндігі қаралы парақпен тарихқа енді. Түрік бауырдың басына түскен қайғы – адамзат қас жауына да тілемейтін қасірет. Түбі де, тегі де бір түркітектес елдерді ғана емес, мұхиттың арғы-бергі жағындағы барша адам баласын естен тандырып, есеңгіреткендей суық хабар еді бұл. Қазақ танымында жеті жұттың бірі – зілзала түрік топырағына таң алакеуімде жетіп, жас-кәрісін бірақ сәтте үйінді астында қалдырғанда, түп-тамыры ортақ қазақ қарап қалмады. Қаралы елге бет алды. Құтқарушысы, дәрігері бар сапында. Ел Президенті пәрменімен. Біреуге біреу себепші дейді жұртымыз. Қазақстан құтқарушылары Құдай айдап барып, көптеген түрік азаматтарының аман қалуына себепші болғанына куәміз. Көретін жарығы бар екен бауырлардың. Ал қазақстандықтарға түрік азаматтары арнайы алғыс айтқан бейнежазба, ет жүрегіңізді елжіретіп, еріксіз көзге жас әкелгендей еді. Сондықтан да Алғыс айту күнінде әдейі еске алған жайымыз бар. Жүректен шыққан алғыстың жүректі жұбатар да, жылатар да киесі бар екен…

TikTok әлеуметтік желісінде бұқараны бейжай қалдырмаған бейнежазбада отандастарымызға үйінді астынан құтқарылған бір топ түрік әйелі алғыс айтады. Шын пейілден шыққан сөздер жанарға жас үйіреді, тегі. Тіршіліктегі талқаны таусылмағандардың мына дүние жарығын қайта көруіне себепші құтқарушыларға риясыз ықыласы тым-тым ыстық. Жаратушыдан құтқарушыларына жақсылық тілеседі.

Өмір мен өлім арпалысқан мұндай сәтте әр минут құнды. Әбжіл қимыл мен тиянақты дайындық қажет. Осынау қиын-қыстау кезеңде біздің құтқарушылар азаматтық һәм адамдық парызын адал өткерді. Бейнежазбадағы алғыс – соның дәлелі.

Бұл жазба Төтенше жағдайлар министрлігі ақпаратынша, Нурдагы қаласында түсірілген. Дәл осы қалада Қазақстан құтқарушылары жұмыс істеген. Ол құтқарушы қатарында қарағандылықтар да бар. «Сіздердің арқаларыңызда аман қалдық. Алла разы болсын сіздерге.

Сіздердің келгендеріңіз жақсы болды. Бұл жарық дүниеге екінші қайтара келгендейміз», – деседі жазбада құтқарылғандар. Санаулы күнде жазбаға екі мыңға жуық адам пікір қалдырыпты. Барша жазба ризашылыққа тұнып тұр. Соның ішінде, «Рақмет саған, Қазақстан!» деген жазу бар. Жүректі лүп еткізетіндей-ақ екен.

Екі апта көлемінде іздестіруқұтқару жұмыстарына қатысқан құтқарушылармен елге келген соң Қазақстандағы Түркияның елшісі Уфук Экиджи жеке кездесті. Сонда жүрекжарды алғысын жеткізгені мәлім. Бұл – елшінің ғана емес, бүтін Түркия халқының ақ алғысы еді. Түркияда біздің құтқарушылардың арқасында 90-ға жуық жарақаттанған, ал 11 адам дін аман дер кезінде құтқарылды.

Ал күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ, Түркия Республикасындағы және Сирия Араб Республикасындағы төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін Қазақстан құтқарушылары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Сонымен қатар, 112 адамға, оның ішінде құтқарушыларға, медицина қызметкерлеріне, кинологтар мен авиация мамандарына Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысы жарияланды.

Бұдан бөлек, қазақстандық еріктілерінің ерлігін атау – парыз. Олар үйсіз-күйсіз қалған түрік ағайынға 100 киіз үй апарды. Баспанасыз жосылған бұқараға пана болды. Олар да – өзінше құтқарушылар.

Ендеше, ерлікке пара-пар еңбек еткен барша құтқарушыларды Алғыс айту күнінде ерекшелеу міндет. Алғыс алғанға не жетсін?! Оның ішінде, жалғыз адамның емес, жалпақ жұрттың алғысы. Көптің тілеуі – бұл. Жасағанның қабыл етеріне тағы шүбә жоқ. Өйткені, халық – Құдайдың бір аты. Халық тілеген тілек қабыл болады…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button