Бұған дейін түрмеде отырып, некесін қиған ер-азаматтар жайлы жиі еститінбіз. Бұл – бақыт жолында ештемеден қорықпайтын, махаббаты үшін күресуден тайсалмайтын, дауыл тұрса сынбай, қиындыққа қарсы тұра білетін әйел табиғатына тән қасиет. Себебі, өмір сүріп қана қоймай, сол өмірді өзі жалғайтын ұрпақты дүниеге әкелуі тиіс жаратылысы осындай әрекетке әкелетін болар. Әйел адамның бостандықта жүріп, жазасын өтеушімен өмірін бір арнаға тоғыстыруы – ерлікке пара-пар. Бірақ, керісінше де болады екен. Абай ауданы, Көксу кентінің Северное ауылында орналасқан қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №32 түзеу мекемесінде, атап айтқанда, әйелдер колониясындағы жазасын өтеуші тұрмысқа шықты. Таңдаған адамы – бостандықта.
Аталған мекеменің тәрбие бөлімінің бастығы Диана Омарованың айтуынша, сотталушы өзі тұрмысқа шыққан адаммен бұрыннан таныс. Яғни, бостандықта жүргенде төрт жылдай аралас-құралас болған. Жазасын өтеушінің бірінші күйеуінен төрт баласы бар.
Әлбетте, «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды». Тағдырдың тәлкегімен темір тордың әр жағында жазасын өтеуге мәжбүр болған әйелдің дәл осындай өмірді таңдап алмағаны сөзсіз. Бірақ, сүрінгенде сүйеу болуды, қиналғанда қасынан табылуды мақсат еткен ер-азамат өзі таңдаған жан жазасын өтеп жатқанда өзінің қолдауын осылай көрсетуді білдіріп, үйленуге шешім қабылдаған. Неке қию рәсімін мекеме әкімшілігінің қатысуымен АХАТ бөлімінің қызметкері өткізді. Рәсім аяқталғаннан кейін жас жұбайларға ресми құжат, неке туралы куәлік берілді.
– Темір торда отырғанымен, бостандықта жан жары мен балаларының өзін күтіп отырғанын білу – жазасын өтеуші әйелдерге күш-қуат береді. Осы бір ғана ойдың өзі олардың жіберген қателерін сезініп, түзелу жолына бет бұруға ықпал етеді. Сондықтан, сотталғандармен тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің қызметкерлері олардың туыстарымен және жақындарымен әлеуметтік-пайдалы байланыс орнатуда белсенді жұмыс жүргізеді. Отбасына жылдамырақ оралу үшін бас бостандығынан айыру орнынан шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығу үшін барын салады, – дейді Диана Ойратқызы.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz