Президент кезектен тыс сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының  3-1-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалсын.

2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.

4. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкент қалаларының әкімдері сайлау құқығы бар азаматтардың тізімін дер кезінде жасауды және дұрыстығын қамтамасыз етсін, Орталық, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына кезектен тыс президенттік сайлауды ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін шешуде жан-жақты көмек көрсетсін.

5. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», — делінген Ақорданың ресми сайтында.