Әпкетай

Дулат ИСАБЕКОВТІҢ «Әпке» шығармасының бас кейіпкері Қамажайды күтпеген жерден өмірде кездестірдім. Дәл өзі. 50-ге толыпты. Біз басқаруға келген 50 жылдық мерейтойдың иесі екен. Енді қайттік? Сасқанымнан маңдайдан тер бұрқ ете қалды. Тыпыршып, әрлі-берлі жүре бердім. «Әпкетай!» деп бас алып, құшақтағым келді. Ал, ол баяғы қалпы. Өз мерейтойы болса да, бауырларына алаңдаулы. Терең ойдың құшағына еніп кеттім…

Өзімнің 4 әпкемді ойладым. Үшеуі үш жақта. Біреуі ғана жанымызда. Оған да тәубе. Жалпы, мен әпкелерімнің аялы алақанын, мейірімін бір кісідей сезініп өстім. Әке-шешеден жастай қалғанда, өмір талай қыспаққа алғанда арқамнан қағып, ешкімге жаутаңдатпаған да солар. Өсіп-өніп, ел қатарына қосылуға қол ұшын берген де сол әпкелерім. Кейде бәрін тастап әпкелерімді іздеп, тартып кеткім келеді.

Енді, сөз басындағы Қамажайға оралайық. Басында «Көркем шығармадағы бас кейіпкер өмірде қайдан жүр?» деп көп толғандым. Сөйтсем, мерейтой иесінің есімі Қамажай емес, Гүлім екен. Маған Қамажай болып елестепті. Тура сол «Әпке» шығармасындағыдай, «Бауырларын жеткіземін» деп жүріп, тұрмысқа шығуды да ойламаған. Дулат ағамыздың көрегендігіне, шығармасының өмірден алынғандығына іштей тәнтімін.

«Көркем шығармадан оқырман өзін көрсе, ойландырса, автордың мақсатына жеткені» дегенді оқыған едім. Ал, сол туындыдағы кейіпкерден аумай қалған адамды өмірде кездестірудің әсері мүлде бөлек екен. Не деген сәйкестік? Тек есімдері ғана басқа…

Өзімнің әпкем сынды іштей жақсы көріп, батылдығына сүйсіндім.

Кейін Гүлім әпкенің өзімен сөйлескенімде өмірде бауырлары үшін құрбандыққа бара алатын оның ер мінезділігі, өжеттігі қатты әсер етті. Соңына ерген бауыр-сіңлілерінің бәрін оқытып, жеткізіп, үйлі-баранды еткен. Сол міндетінің бәрін өтеп, енді еңсесін тіктеп, 50 жасын туған-туысымен, достарымен атап өткені екен – бұл.

Бұл тойда айтылған тілектер де бөлек болды. Бәрі тыңдалды. Аңқылдап, аппақ жүректердің түбінен қайнап шыққан ыстық-ыстық лебіздердің жалыны жүзімізді шарпып жатты.

Соңына ерген бір сіңлісі ел алдында әпкесіне шын жүректен алғысын айтып, Күләш Ахметованың «Әпке» өлеңін тебірене оқыды.

Соның «Сізді, әпке, бүкіл ауыл мақтан тұтып, сізді, әпке, бүкіл ауыл құрметтейтін» деген жолдары есімде қалыпты.

Осы бір естен кетпес сәт жөнінде қалам тербеймін деп түйгенмін сонда. Сәті түскені осы екен. Одан бері де бірнеше жыл өтті. Ендігі жасы 60-ты алқымдап қалған шығар. «Тұрмыс құрып, бақытын кездестірді ме екен?» деп ойлап қоямын. Нағыз «Әпке, әпкетай!» деуге тұрарлық. Гүлім әпке сияқты бауырлары үшін өз бақытынан бас тартып, жасы келгенде жалғыздықпен мұңдас ғазиз әпкетайлар қаншама?..

– «Әпке» сөзі әу баста «апа» атауынан шыққан. Бұрын «апатай» десе, кейін «әпкетай» деп еркелету, құрметтеу мағынасындағы нұсқалары қалыптасқан. Ал, негізінде «апа» атауы «ана» сөзіне мағыналас, синонимі ретінде де айтыла береді. Әпкені қызылордалықтар «қыз апа» дейді. Қазіргі ең дұрысы, әдеби нормаға сәйкес келетіні «әпке, әпкетай». Осылай қолданған жөн, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Қалиев.

Тарихқа зер салсақ, мұндай ер жүректі әпкелер хақында көптеген мысалды көреміз.

Айталық, «Атасы басқа аттан түс» деген сөздің де мәні терең-ау түсінген адамға. Бұл баяғы ашаршылықтың кезінде орын алған оқиға деседі.

Ел туған жерін тастап, жан сақтау үшін үдере көшкен кез болса керек. Сонда өз баласын атқа мінгестірген әпкесі соңында қалған бауырын көреді. Сонда «Тірі болсам, бала табылар, бауырды маған кім берер?!» деп, баласын түсіріп, інісін алып кеткен екен. «Атасы басқа аттан түс» деген аталы сөз осыдан қалса керек.

Байқасақ, бес күн жалғандағы тіршілігіміздің баянды болуы әйелдер қауымына тікелей байланысты. Анадан туып, ақ сүтімен өсеміз. Әпкенің қамқорлығын көріп, жеңгеге еркелейміз. Қарындасымызға сенім артып, қызымызға соның бәрін қайтарып береміз.

Ендеше, аяулы әпкелердің мейірімді жанарына кірбің түспесін!

Жәлел ШАЛҚАР