Перизат Өмірзақова: Баланың саулығы ата-анаға байланысты
Бала ауырса, ең әуелі ата-ананың жүрегі сыздайды. Ал, сол сәтте дәрігерге жүктелер жауапкершілік екі есе ауырлай түседі. Өйткені, балалар медицинасы – тек диагноз қойып, ем тағайындайтын сала емес, ол – баланың жанын түсіну, ата-ананың алаңын сейілту, үміт пен сенімді қатар ұстау мектебі. Медицина қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды қаласының көпбейінді балалар ауруханасының директоры, жоғары санатты педиатр-дәрігер, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Перизат Ахметқызымен балалар денсаулығы, ата-ана жауапкершілігі, педиатрия саласының бүгінгі тынысы туралы аз-кем әңгімелестік.

– Перизат Ахметқызы, балалар дәрігері болу таңдауыңыз қалай қалыптасты?
– Менің дәрігер ретінде қалыптасу жолым 1990 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің педиатрия факультетіне оқуға түскен кезден басталды. 1996 жылы оқуымды тәмамдап, интернатурадан өткеннен кейін бірден туған өлкем – Қарқаралы ауданына жолдама алдым. Ауылдық жердегі он жылдық еңбек жолым мен үшін үлкен кәсіби мектеп болды.
Ол жерде тек жалпы балалар дәрігері болып қана қойған жоқпын. Перзентханада неонатолог болып жұмыс істедім, инфекциялық бөлімді де басқардым. Ауыл медицинасы дәрігерді жан-жақты болуға, шұғыл шешім қабылдауға, әр науқастың жағдайына ерекше жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Қалалық жердегідей тәжірибелі мамандар үнемі қасыңда бола бермейді. Сондықтан, әр баланың тағдырына тікелей жауапкершілік арқалайсың.
Сол жылдары жинаған тәжірибем кейін Қарағанды қаласының көпбейінді балалар ауруханасына ауысқанымда үлкен тірек болды. 2006 жылы осы ауруханаға келіп, дәрігерлік қызметімді жалғастырдым. Кейін директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары болдым. Ал, 2014 жылдан бері осы қарашаңырақ балалар ауруханасының директоры қызметін атқарып келемін.
– Бүгінде сіз басқарып отырған аурухана қандай бағыттар бойынша жұмыс істейді?
– Біздің аурухана – 200 төсектік үлкен көпсалалы орталық. Мұнда кардиология, пульмонология, нефрология, аллергология, паллиативтік көмек және жансақтау бөлімдері үздіксіз жұмыс істейді. Жылына шамамен 7 мыңға жуық бала ем қабылдайды.
Балалар ауруханасын басқару оңай шаруа емес. Мұнда тек мықты менеджер болу жеткіліксіз. Себебі, біздің қолымызда елдің ертеңі – балалардың тағдыры тұр. Сондықтан, дәрігерлердің біліктілігін арттыру, емдеу сапасын бақылау, әр бөлімнің жұмысын үйлестіру – күнделікті назардағы мәселе.
– Балалар медицинасының ересектер медицинасынан басты айырмашылығы неде?
– Педиатрияның ең үлкен ерекшелігі – біз тек аурумен емес, бала жанымен, бала психологиясымен жұмыс істейміз. Әр жастағы баланың қабылдауы, ауырсынуды сезінуі, дәрігермен байланыс орнатуы әртүрлі.
Мысалы, жасөспірімдер немесе тілі шыққан балалар қай жері ауырып тұрғанын айтып, өз ойын білдіре алады. Олармен сөйлесуге, түсіндіруге, диалог орнатуға болады. Ал, сәбилер мен кішкентай бүлдіршіндер ауырған жерін көрсете алмайды, мұңын шаға алмайды. Олар тек жылауы арқылы белгі береді. Мұндай кезде дәрігерге кәсіби біліммен қатар ерекше сезімталдық, байқағыштық, аналық жүрек қажет.
– Көпжылдық тәжірибеңізде ауыл балалары мен қала балаларының денсаулығында айырмашылық байқайсыз ба?
– Иә, айырмашылық бар. Ауыл балаларының иммунитеті көбіне мықтырақ болады. Оның себебі – табиғи тамақтану, таза ауа, қозғалыстың көптігі. Сонымен қатар, ауылдық жерде кейбір профилактикалық бақылаулар жүйелі жүргізіледі. Бала дәрігердің назарынан тыс қалмайды.
Ал, қала балалары жиі ауырады. Себебі, қалада халық тығыз. Балалар балабақшада, мектепте, үйірмелерде бір-бірімен көп қарым-қатынаста болады. Маусымдық вирустар мен инфекциялар тез таралады. Қалада вирустың таралу қаупі жоғары. Сондықтан, ата-аналар баланың иммунитетін күшейтуге, күн тәртібіне, тамақтануына, ұйқысына ерекше мән беруі керек.
– Қазір балалар арасында қандай аурулар жиі кездеседі?
– Маусымдық кезеңдерде респираторлық вирустық инфекциялар, тыныс жолдары аурулары жиі кездеседі. Сонымен қатар, аллергиялық сырқаттар, созылмалы аурулардың асқынуы, инфекциялық аурулар бар. Күз-қыс айларында ауруханаға түсетін балалар саны артады.
Соңғы уақытта бізді алаңдатып отырған үлкен мәселенің бірі – қызылша ауруының қайта өршуі. Мұның басты себебі – кейбір ата-аналардың вакцинациядан бас тартуы. Кезінде екпе алмаған балалар қазір соның зардабын тартып отыр.
– Вакцинация мәселесіне қатысты не айтар едіңіз?
– Қызылша жай ғана бөртпе шығатын жеңіл ауру емес. Бұл – өте агрессивті вирус. Оның салдары ауыр болуы мүмкін. Қызылша пневмонияға, жүрек-қан тамырлары жүйесінің зақымдануына және басқа да күрделі асқынуларға әкелуі ықтимал.
Сондықтан, ата-аналарға екпенің маңызын түсіндіруіміз керек. Вакцинация – баланы ғана емес, тұтас қоғамды қорғайтын шара. Егер екпе уақытында жасалса, көптеген қауіпті аурудың алдын алуға болады. Біз ауру асқынғаннан кейін емдегеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда тиімді екенін ұмытпауымыз керек.
– Сіз бір сөзіңізде бала саулығы тұтастай ата-ананың жауапкершілігіне байланысты екенін айттыңыз. Осы ойды тарқатып берсеңіз…
– Иә, менің көпжылдық тәжірибемнен түйген бір қағидам бар. Бала саулығының 20 пайызы ғана дәрігерге байланысты болса, қалған 80 пайызы ата-ананың күтімі мен жауапкершілігіне тәуелді.
Баланың күнделікті күтімі, дұрыс тамақтануы, ұйқы режимі, қозғалысы, гигиенасы, салауатты өмір салты ең алдымен отбасында қалыптасады.
Егер ата-ана баланың дене қызуы көтерілгенін, мінез-құлқында өзгеріс болғанын, тәбеті төмендегенін, тыныс алуы қиындағанын байқаса, өз бетінше ем жүргізбей, бірден дәрігерге жүгінуі керек. Уақыт жоғалту кейде аурудың асқынуына әкеледі. Ата-ана бала денсаулығына жауапкершілікпен қараса, ауруханаға түсетін балалар саны да азаяр еді.
– Баланы өз бетінше емдеу мәселесі әлі де бар ма?
– Өкінішке қарай, бар. Кейбір ата-аналар интернеттен оқыған кеңеске сүйенеді, танысының айтқан дәрісін береді немесе антибиотикті өз бетінше қолданады. Бұл өте қауіпті. Әсіресе, бала ағзасы нәзік болғандықтан, кез келген дәріні дәрігердің нұсқауынсыз беру дұрыс емес.
Әр баланың жағдайы әртүрлі. Бір балаға көмектескен дәрі екінші балаға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, ата-аналарға айтарымыз – баланың денсаулығына қатысты кез келген күмәнді жағдайда маманға жүгіну керек.
– Балалар ауруханасында еңбек ететін дәрігерлер мен мейірбикелердің жұмысы сырт көзге көп байқала бермейді. Сіз ұжым еңбегін қалай бағалайсыз?
– Балалар ауруханасында жұмыс істейтін әрбір медицина қызметкерінің еңбегі ерекше. Дәрігер де, мейірбике де, санитар да, зертхана қызметкері де, қабылдау бөлімінің маманы да бір мақсатқа қызмет етеді. Ол – баланың сауығып кетуі.
Жансақтау бөлімінде, қабылдау бөлімінде, инфекциялық немесе респираторлық бағытта жұмыс істеу үлкен төзімді талап етеді. Түнгі кезекшілік, шұғыл түскен науқас, ата-ананың алаңы, баланың жағдайы – мұның бәрі медицина қызметкеріне үлкен салмақ түсіреді. Сондықтан, мен әріптестерімнің еңбегін жоғары бағалаймын. Олар күн сайын көзге көріне бермейтін, бірақ, өте маңызды жұмыс атқарып жүр.
– Сөз соңында медицина қызметкерлері күні қарсаңында әріптестеріңізге, ата-аналарға қандай негізгі кеңес айтар едіңіз?
– Баланың денсаулығы – ең алдымен, ата-ананың күнделікті назарынан басталады. Дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы, таза ауа, қозғалыс, уақытылы екпе, профилактикалық тексеру – мұның бәрі өте маңызды.
Бала ауырса, уақыт оздырмай дәрігерге көріну керек. Өз бетінше ем жасауға болмайды. Ең бастысы – ата-ана баласының денсаулығына бейжай қарамаса, көптеген аурудың алдын алуға болады. Балаға ем керек, ал, ата-анаға жауапкершілік пен сенім керек.
– Көп рақмет! Мерекелеріңіз құтты болып, еңбектеріңіз еселене берсін!
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



