Руханият

Патриоттық рухты паш еткен

«Қарағанды – достық пен бірліктің астанасы» тақырыбында «Сарыжайлау» кинотеатрында патриоттық рухты паш еткен Жастар шығармашылық фестивалі өтті. Оған Қарағандының жеті колледжінің студенттері, этномәдени бірлестік өкілдері, кәсіби және әуесқой орындаушылар мен ұжымдар және 6505 әскери бөлімінің сарбаздары қатысты.

Ұйымдастырушылар фестивальді бірден үш мерекеге – Қазақстан халқының бірлігі күніне, Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне орайластырды. Аталған жобаны Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы, арнаулы орта оқу орындарының директорлар Кеңесі, мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Ардагерлер кеңесі һәм және Достық үйінің ұжымы бірлесіп өткізді.

Мұнда колледж студенттері түрлі халықтардың қолданбалы өнер бұйымдары көрмелерін ұйымдастырды. Бұл – қатысушы командалары алған тапсырманың бөлігі. Әр колледж Қазақстан аумағында тұратын, жеребе тарту арқылы таңдалған ұлттың бірін ұсынуы керек еді. Талап – таңдаған этностың ұлттық костюмін көрсету, әнін немесе биін орындау, ұлттық тағамдарын дайындау.

Іс-шара Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жазған үндеуі сақталған капсуланы салтанатты түрде ашудан басталды. Отан қорғаушыларының бейбітшілік туралы жолдауы әр онжылдықта бір рет оқылуы керек. Сахнаға капсуланы құрметті қарауыл алып шықты. Бір минут үнсіздікпен байтақ Отанымызды фашизмнен тазартып, өз өмірін қиған жауынгерлерді еске алды жұрт. Экранда Ұлы Отан соғысына қатысушы қарағандылықтардың фотосуреттері көрсетілді.

Кезек студенттер дайындалған нөмірлеріне де жетті. Заманауи көпсалалы колледж татар халқының мәдениетін таныстырды. Қарағанды банк колледжі грузиндік бояумен өнер көрсетіп, «Сулико» әнін орындады. Украиндар жайлы сахналық қойылымды Жоғары гуманитарлық колледждің студенттері ұсынды. Көрермендер Жоғары медициналық колледжі студенттерінің орындауында қырғыз нөмірлерін тамашалады. Академик К.Сағынов атындағы колледж-мектебінің ұландары шешен лезгинкасын биледі. Ал, Қарағанды сән колледжі ұлттар көрмесін қазақтың төл өнерімен аяқтады.

Фестиваль осымен оныншы рет өткізіліп отыр. Ауқымды шара Қазақстанда тұратын халықтардың мәдениетін көрсете отырып, этносаралық келісімді сақтауға көмектеседі. Қазақстанның біртұтас халқы болашаққа сенімді қадам басуы үшін «Қазақстан азаматы» ұғымын жалпыұлттық бірегейліктің өзегі етуге шақырады.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button