Бас тақырыпОблыс әкімі

Партия үздіктері марапатталды

Халыққа көмек қолын созып, кез келген істің үнемі басы-қасында жүретін «Nur Otan» партиясының Қарағанды облыстық филиалы жыл бойы ісіне адалдық танытып, еңбегімен ерекшеленген, партияның дамуына үлес қосқан белсенділерін марапаттады. Олардың қатарында өңіріміздің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосқан әр сала өкілдері бар. Жыл қорытындысы бойынша партияға 4 мыңнан астам адам өтінішпен келіп, олардың көбісі оң шешімін тапқан.

 

Шараны құттықтау сөзімен ашқан облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Nur Otan» халықтық партияға айналуы тиіс екенін тілге тиек етті. Облыс халқының мұң-мұқтажына бейжай қарамаған нұротандықтар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты 300-ге жуық нақты мәселе көтеріп, оң шешімін табуға ықпал еткен.

– Облыс бойынша 100 мыңнан астам партияластарымыз бар. Олардың қатарында дәрігерлер, мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер бар. Адамның тауы шағылса, барар жері болмаса, ең әуелі «Nur Otan» партиясына келеді. Бұл – халқымыздың бізге, нұротандықтарға деген сенімінің, құрметінің белгісі. Партияға өтінішпен келгендердің бір де біреуі назардан тыс қалмақ емес. Осы орайда облыстық мәслихаттағы партияның депутаттық фракциясы жұмысының белсенділігін айта кету керек, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Халықтың ішінде беделді, еңбегімен партияның дамуына үлес қосып жүргендердің қатарында әр түрлі мамандық иелері, әр түрлі сала өкілдері бар. Бірі – шахтер, бірі – мұғалім, бірі – дәрігер. Олардың барлығын біріктіретін – жақсылық жасаймын деген ниет.

Сонымен, Қазақстан Мәслихаттарының 25 жылдығына орай және жергілікті өкілдік органдарының қалыптасуына, нығаюына, өңірдің әлеуметтік экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін ҚР Парламенті Сенатының құрмет грамотасымен «Nur Otan» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттағы партияның депутаттық фракциясының жетекшісі Қадиша Базарбаева марапатталды.

Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға «Nur Otan» партиясының «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі табысталды. Олардың қатарында «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруерт Башай да бар.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін «Nur Otan» партиясы биыл облысымызда бірқатар игі шараларға мұрындық болды. Бірлесе жүріп, көпбалалы аналардың, қандастарымыздың проблемаларын шештік, – деген Меруеш Башай өзіне жүктелген міндетті абыроймен алып жүретінін айтты.

 Ал, осы төсбелгінің тағы бір иегері – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ фасон құю цехының электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электр монтері, «Фасон құю цехы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Игорь Михалков болса, барлық металлургтер атынан Елбасының бастаған жолын жалғастыра беретіндіктерін жеткізді.

ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын қолдағаны үшін, партия міндеттеген бағдарламаларды іске асыруға белсенді қатысқаны және партияның 20 жылдығын мерекелеу құрметіне орай, партия мүшелеріне Құрмет грамоталары да табысталды.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button