Жаңалықтар

Пандемиядағы той (әңгіме)

Келді. Еркінен тыс. Байлап-матап әкелмесе де еріксіз бас сұғып отыр. Әлем діріл қаққан. Миллиондарды қапқан індеттен жан шошиды. Өзі көрген, аралас-құралас болған қазағы да шошығандардың қатарында. Бірақ… Иә, бірақ «ұят болады» деген сылтау табыла кеткен. Әсіресе, жалт-жұлт, дүрмекке үйір әйелдер жағына осы сылтау оңынан келді. Келуіне мәжбүрлеген де бас құдағидың уәжі. Бас құда да қостай кетіпті. Құдалыққа барған соңынан ерген жақын інісі Жаролла елінде кімдер барын баса айтып, мақтанса керек. Мұның да есімі аталыпты. Сол жерде бас құдағи:

– Е, ол кісіні есімі баршаға әйгілі ғой. Қазақтың тарихын біраз жаңғыртты дегенді бәрі айтады. Осы тойда көзбе-көз көреді екенсіз. Мұндай сәт әркімге бұйыра бермесе, – деп желпініпті. Сөйтіп, ептеп тартыншақтаған інісінің «аға келеді» деген уәдесін алып тынса керек. Мына індеттің кезіндегі той түгілі, кешегі емен-жарқын тұста осындай дулы дүниелерге барғысы шамалы еді. Е, ол тұста да осы қазақ біреуден асып қалғысы келіп, «па, шіркін» деген жалған атақ үшін есіріп бағатын. Сондай бір тойда зоопарктен бе, әлде қайдан, жалаңаш-жалпы қыздар пәленбай метрлік жуан жыланды көтеріп кіріп, жұртты аралағаны бар. Құдай-ау, сонысы қазақтың қай құрпына жатады. Жыланды қазақ «арбаушы, зәһәрін шашушы, кесапаттың бейнесі» деп қабылдаушы еді. Сонда мына жас келін… Пікірін айтып еді, қостаушы жоққа тән. Қазақтың дәстүрден, иманды түсініктен ада болған, әдет-ғұрыптан адасып қалған ендігі жұртқа бәрібір. Атасы келіннің мықынынан ұстап билеп жүр. «Дәстүр солай» дейді тамадасы. Құнанбай осыдан шошып ана Қодарды… Інісі Жаролла жалынғандай, келіні де қиылды. «Уәде» беріпті. Бұл да аттай алмай келіп отыр. «Қазақпыз ғой» дейді өзіне-өзі іштей өкініп. Атағы дардай мына тойхананың атауы да аты шулы. «Эйфель». Ал, ендеше. Мына той «Эйфельдің» үшінші этажында. Жәлел қарапайымдау киінген. Тойхананың терезесіне жақын отырып, сыртқа көз тастаған. «Тойханаларда той өткізілмесін. Карантин. Тыйылсын» деген заң бар. Тойхана маңына ешкім машинамен келмейді. Әлдебір жаққа жиналған елді автобустарға тиеп, тойхананың артқы жағына әкеліп төгеді. Заң қағидасы сақталып тұр. Парадный есіктен кіріп жатқан ешкім жоқ. Арты ашық. «Арты» дегеннің өзі…

– Шуылдамаңдар, – дейді артқы есікте тұрған сілімтір қара. Онысы, баяғы «той жоқ» деп ескерткені. Екінші этажда даурыққан музыка. Біреу бар дауыспен ән айтып жатыр. Ақша. Ақша мына заманда түйені де бақыртады. Карантин ғой. Карантин ақшаны да қысып тұр. Заң қатал. Ештеңе етпейді. Қағидасын сақтап-ақ жатыр ғой. Автобуспен жеткендер кең залға кіріп болғандай. Перделерін шешіп, емін-жарқын күйге еніп, төс қағыстырып жатыр. Осындай өстіп көңіл-пейілдері білдірмесе болама. Өткен жылы жұрт сақтанғансып, бас иісіп қана есендесіп, жұдырық түйістіріп сәлемдесіп қалған. Биыл бәрі ұмыт. Орыстың бір князі «бізде жаңа шыққан заң шыжылдап тұрады, қолға ұстатпайды. Үш айдан соң атша мініп алсаң, құйрығыңды жылытпайды» деген екен. Осы орыстың да жаман әдетінің бәрі жұққан. Тойханаға ендігі келіп жатқандар сәл кешіккендер. Көліктерін бір жерге тастай салып, саябақты аралағансып, біртіндеп есік аттаған. Біреулер тым батыл, талай тойды көрген ғой, жалтақтамай, ширақ басып, өктем сөйлеп келе жатқаны көрініп тұр. Е, әнебір шляпалы шал сыртқы шарбақтың босағасын ұстап біраз тұрды. Сығалады. Артына бұрылып әйеліне күңк етті. «Эйфельдің» етегі мен басына жалтақ-жалтақ. Жалтаңдап келе жатып көлденен жатқан кірпішке сүрініп, етбеттеп барып тұрды. Әйел қолын сермеп-сермеп, ауызын жаппаған. Ұрысып жатқаны да. Залдағы жұрт та орналасып болған. Келін болар қызды да құрбылары жетектеп келеді. Күйеу жігіт те қалыспаған. Қазақы рәсімнен қалған бет ашуды тамада атқарып жатыр. Ол да бітті. Орын-орындарына қайта жайғасқан жұрт, шыны ыдыстардың сыңғыры, қасық-шаңышқылардың салдыры бір сәт бәрін ұйытқан. Тамада да зар жақ екен. Той иелерін де, құда жағын да келістіре мақтап жатыр. Әуелгі тілек кезегі той иелерінің үлкендеріне тиген. Оншақты болып бұлар шықты. Ең жасы үлкен деп таяққа сүйенген кемпірге жол берілді. Онан соң бар атағын тастамай жариялап, Жәлелге кезек тиген. Осы оншақтыдан сөзден қалған ешкім жоқ. Бәрі мәз. Бәрінің айтқаны жалғыз тілек. Музыка гүрс-гүрс.

– Уһ, – деді Жәлел, бір салмақтан босағандай. Сөз кезегі құдалар жағына тиіпті. Әуелі бас құда, онан соң бас тілектерін жеткізді. Ұзатылған қыздың әке-шешесі орта жасқа келіп қалғандай екен. Оларға тілек кезегі орта тұста жеткен. Қыздың шешесі малына киінген екен. Тәп-тәуір-ақ бояныпты. Күйеуін бүгін көргендей мөлдірей қарайды. – Мына жас құдағи өзі ұзатылып кеткендей екен, деп қалды тамада. Жұрттың ду ете қалған күлкісі микрофон ұстағанның сөзін естіртпей тастады. Жас деуге келмес, жасамыс құдағидың өзінше сызылуы бәріне ерсі көрінген. Үстел-үстелге жайғасқандардың бастары ортаға тоқайласып, бас шұлғысқан. Үстел үсті неше алуан дәмге лық толған. Жәлелдің тәбеті шамалы. Жұрттан қалмас үшін бір-екі салаттан аз дап дәлеңкесіне салып алып, шұқылап отыр. Сөйтіп отырғанда досы Балтаның бір сөзі есіне түсті. Балтекең айтады, салат жейін десең арам-адалы белгісіз. Тырнағы сояудай-сояудай қатынның қолынан шыққан. Тырнақтарының бояулары да, басқасы да есіне түседі. Шанышқымен аузына апара бергенде түс көргендей шошисың. Сонан аш құзғынға ұқсап, тамаққа телміре қарап, мөлиесің де отырасың деп. Сонда Жәлел Балта досының сөзіне күлген де қойған. Әй, бірақ Балтаның сөзінде ащы шындық жатыр-ау. «Эйфельдің» жоғары-төмен үш залында да жарым қаланы басына көтерген той. Аса кең залында осы қаланың бір мықтысы келін түсіріп жатыр деседі. Бәріне қанық осы жұрт. Тойшылар әлде төрт жүз, әлде бес жүз. Көрші аудандардың да, қаланың да бар бетке ұстарлары сол тойда деседі де, ауыздары құрып, саусақпен санап есімдерін атай жөнеледі. Той болған соң жұрт сапырылысып кіріп-шығып жатушы еді, сол залдан тысқары шыққан ешкім көзге түспеген. Бәрі сол залдың ішінде пісіп-қайнап жатқандай. Жәлел тойдағы атаулы табақтан ауыз тиіп қана кетуге уағдаласқан. Әзірге табақ тартудың нышаны да білінбейді. Шет елдің әлдебір санаға сәуле түсірмейтін музыкасына еліткен жұрт тапыр-тұпыр. Жалп етіп жарық өшкен. Шет ел сарнап тұр. Тас-түнек қараңғыда әлдебіреу тиісіп, әлдекім сүйісіп, әркім ойына келгеніне жеткен. Соткалардың жарқылы топырлаған елес бейнелерді көрсетеді. Мына жұрт белгісіз орманда адасқандай. Дегеніне жеткен әлдекімнің ысқырығы Жәлелдің тұла бойын күйзелткен. Жәлел тұрып кетуге ыңғайсызданды. «Не деген адам? Жұртты сыйламай ма?» деген өсектен қашты. Асхана жақтағы есікке көз тастады. Табаққа орын дайындауға әлі ешкім келген жоқ. Үстел үсті неше алуан дәмге сіресіп тұр. Балта досының тағы бір әңгімесі еске түсті. Тоқсан тоғызыншы жылдардағы той. «Әнебір мақтаулы тамағы былтыр контейнермен қытайдан келген, – дейді Балтекең. Соңынан әнебір үйдің бұрышында сатып алушыны біраз күткен. Жолы болып, енді міне осы үйдің той дастарханын «көркейтіп» тұр. Біздің ауылда осындай тойдағы бояулы дәмді жеген ойбай-ау отызға жуық кісі ұшынып, бәлнисаға түскен. Жегім келіп отыр, ауыз тиейін десең, мезгілсіз ішің өтіп кете ме деп сескенесің». Балтекең осыны айтқанда күлмек түгілі жымимайды ғой. Сабазың тас мүсіндей сазарып отыра береді. Тамада ендігі тілек білдірушілердің тізімін ұзақ оқыды. Қарамы отыз-қырық шал-кемпір, орта жас, отаулы жас ортаға шыққан. «Билеп шығыңдар» дейді тамада. Бір кемпір ыржалаңдап, қисаңдай бастап еді, шалы үрке қарады. Мынаның бәрі сөйлейді, «қатарынан» қалғысы жоқ. Құдай-ау, бұл не азап дейді іштей Жәлел. Жарым сағаттан артық уақыт кетіпті, сағатына қараған. Енді құдалар жағынан нағашы жұрты, балдыз-жалғыздары… Тағы сонша адам микрофон ұстаған. Не айтып жатқанын тыңдап жатқан ешкім жоқ. Құлағыңды түргеніңмен бәрібір ештеңе естілмейді. Әйтеуір балдыздарға сөз тиіп жатқанда тұмандай түтін залды тұмшалаған. Ащы-ақ. Бұл да осы тойдың көркі шығар. Түтіннің соңынан тамада да көрінді-ау. Жарықтық Абайдың бірер шумақ өлеңін оқып берді де, осы жұрттың есінде боларлық қара сөздерін айта бастаған.

– Әй, қоя тұр, Абайыңды. Бізге «серезный» әңгіменің керегі жоқ. Тойға күлу үшін, көңіл көтеру үшін келгенбіз, – деп сексенге жуықтаған шал айналасына қарап, қоштау күтіп, е,е, – деп лекіте күлді. Жұртты риза етер күлдіргі бірдемең болмаса, ана әйел біткенді қыздырып, құтыртатын музыканы қос. Е, сөйт. Мына шал қызып алған ба? Жәлел мойын соза қараған. Солардың үстелінде сөз сөйлететін шишалар тұр екен.

– Осы кісі отыз күн оразада ауыз бекітеді екен, – деді үстелдестің бірі.

– Е, Бәкең құдайды да алдап, сайтанды да риза етеді десейші.

– О, тоба! Орыс үйреткен осы пәлеге әлі үйір боп жүргендер отызды алқымдап қалғандар мен сексенге іліккен «пәтуәлі» пәтуасыздар. Әйтеуір, жастар жағы осыдан аулақ. Стақан ұстап жүрген жастарды көрмейсің. Иманды жұрттың өсіп келе жатқанына Жәлел іштей шүкіршілік етеді. Табақ та тартылды-ау. Залдағы айқай-шуды бәсеңдесіп, тыныштық орнағандай. Әркім алдындағы дәленкесіне керегінше салып алған. Жылқының етінде холестерин жоқ дегенге Жәлел де сенеді. «Әй» деген ар жағында күдік тұрса да сенеді. Майлы еттен бірер қарбытып, сумен жылжытып, қолын сүрткен. Жарым сағатта жұрттың бәрі табақтан кері серпілді. Ақсақалдардың бірі бата да жасады. Жәлел енді ыңғайы келген шығар деген еді, інісі аз-маз шыдаңыз дегендей жеңінен тартты. Иә, міне музыка дегені дүңкілдей жөнелді. Топырлап ортаға шыққан жұрттың шетін ала ол да сыртқа беттеген. Ағайынның екі-үш адамы шығарып салмаққа қоса ілесіп келеді. Астынғы қабаттағы «Эйфельдің» артқы есігін аша берген сілімтір қара:

– Ойбай, тұра тұрыңдар, полиция келіп тұр, – деп қақпаны тарс жапты.

– Саспаңдар, бес-он минутта кетеді, өзіміздің адамдар ғой.

– Сыртқа шығып көрінбеңіздерші, – деп жалынғандай болды бір қыз. Осы тойхананың адамдарының бірі болса керек. Жарым сағаттан артық уақыт өтті. Сыртқа сығалағандар «пәлі, тағы полицияның екі машинасы келіп тоқтады» дегенді жеткізді.

– Қоршап жатыр ғой. Тегін емес, – деді бірі.

– Тегін деп кім айтты? Мана ана үлкен залдағы мықтының тойын біреу видикке түсіріп, желіге салып жіберіпті. Сол тойға барған атқамінерлер қуыс-қуысқа тығылып жатқан көрінеді.

– Әп, бәсе! – деді манағы шляпалы шал.

– Ішім сезген. Үлкен залдағы музыканың үні өшкен. Қалған екі залдағы тойдың дабыры күшеймесе бәсенсіген жоқ. Сілкініп тұр. Өгізге туған күн бұзауға да жетеді. Деуші еді, жоқ бұлардың беті қайтар емес. Қойға шапқан аш қасқырдай жалана түскен.

– Осы ковид деген қайдан шыққан осы? – деп қалды тағы шляпалы шал.

– Адамның қолынан шыққан пәле да.

– Мұртты қара неге екені белгісіз мырс етті де орамалымен бетін сипады.

– Ана алып мемлекеттердің бірін-бірі құрту үшін жасаған биоқару деп естідім, – шляпалы шал осым қалай дегендей жан жағына жалтақтады.

– Жер бетіндегі адамның саны тым өсіп кетті. Жердің оларды онан әрі қарай асырау мүмкіндігі шектеулі. Адам санын азайту керек деп жатыр ғой.

– Мұртты қара басқалардың басынан аса қарады. Төменде, есік ашылуын күтіп отырған оншақты адамның осыны мойындағандай бастары иіле қалыпты.

– Ойбай-ау, адамды аурумен шыбындай қырған не сұмдық? Онан да әлемдегі әр отбасына бір ғана бала деп шектеу қойса да болмас па? – деп шляпалы шал күйіп-пісті. – Адамзаттың көзін адам жойды деген не керемет?..

– Бұл коронавирус әлемде бұрын да болған, – деп сөзге араласты өзін мате- матикпін деп таныстырған жігіт.

 – Болса да мындай қырғын болмаған шығар.

– Е, ол кезде кім есептепті қанша адам өлгенін.

– Неге олай дейсің? Әлемді аралаған қытайлық обадан Алтын орданың қаншама халқы қырылды? Ол белгілі. Европа да есебін жүргізген, – деп қара мұртты дес бермеді. – Ешнәрсе жоқтан пайда болмайды.

– Математиктің жеңілгісі жоқ.

– Иә, әлемде мұндай вирус бұрын болған да шығар. Бірақ мынау мутацияланған басқа түрі. Бір түрінен соң екіншісі шығып жатыр. Өзін-өзі сақтағысып келеді, өзін құртатын дәріні күні бұрын сезіп, өзгере қалады. Өте қу вирус. Пәленің бәрі осында.

– Қара мұртты «енді қоялық» дегендей алақанын көтерді. Іші пысқандар әр терезеден сыртқа үңіліскен. Бастарын шайқасады. «Эйфельді» қоршаған полиция машиналарының саны онға жетіпті. Сырттағылар үнсіз қоршап тұр. Іште, анау екі залда дүңк-дүңк музыка. Қоршағандар не ішке кірмейді, не «шығыңдар» деп бұйрық бермейді. Осы кеше ғана Жәлелге астанадан досы Қайырды телефон шалып еді. Өскемендегі құдасының тойына бармапты. Құдай қақты дейді. Тойдан соң індетті жұқтырған құдасы да, құдағиы да дүние салыпты. Осыны естіді ғой. Естісе де мына тойға келіп, қоршауға түсіп отырғаны мынау.

– Тойға келгендерге сексен мың теңге штраф салатын болыпты.

– Е, неге мен сонша ақша төлеуім керек. Осы тойханада күнде ертеден кешке дейін той. Соны прокуроры да, басқа марқасқалар да біліп отыр. Өтірік неге білмегенсейді ә? Штраф? Мен неге біреудің қалтасына ақша салып беруге тиіспін.

– Шляпалы шал ыза болып, санын сабалады.

– Ауру жұқтырып, жұрт қырылып біткенше олар білмегенсіп отыра бере ме? – Тойхана иелері «бізге штраф салады, соның да ақшасын беріп кетіңдер» деп иелерінен күні бұрын айыппұл құнын алатын көрінеді.

– Түбі бір сойылады-ау деген қойдың терісін күні-бұрын сатып жібергендей хал екен мынаусы.

– Математик сылқ-сылқ күлді.

– Тойғандар мен тойынғандардың ісі ғой.

– Артын ашып, алдын жауып… Елге жаны ашыса күзет қоймай ма.

– Математик түкірінді. – Армян радиосының ертедегі бір анекдоты есіме түсіп отыр. «Әуелі әдеттегідей, сонан соң»… дейтін. – Қара мұрттының мұрты жыбырлап, алақанын жайды. Жәлел басын шайқады. Үлкендерден қалған бір сөз есіне түсті. Ұлы Пайғамбар бір жолға соғыстан жеңіспен оралып келе жатып, «енді ең үлкен соғысқа енеміз» деген екен. Сескенген сахабалары «кіммен соғысамыз» деп сұрғанда «ол нәпсімен соғыс» деп жауап беріпті. Нәпсі – әр адамның тоймас қылығы, өзімде ғана болсын деген тартынбас ісі. Кеудедегі ар мен ұятты енді қайтып мазаламастай етіп, түнекке қамап тастап, сәулесіз батпақтың ішінде қуана билеп жүр. Япырай, тойымсыз нәпсі ешкімге ештеңе сездірмей адамзатты түнекке, күйреуге сүйреп әкеле жатыр ғой. Сан түрлі оқу бар, соның бәрі Жәлелге керексіздей көрінген. Ең керек оқу, адамның өзін-өзі тануы екен. Әйтпесе, бәрі құрдымға кетеді. «Эйфельдің» іші дүңк-дүңк. Сыртын полиция қоршап тұр.

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ.

31.08.2021ж.

Басқа материалдар

Back to top button